«69»-дан пентакампионбыз

14064293_673070046183234_3119026195088883598_nБразилиядағы Олимп тойының бітуіне де аз қалды. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» десе де, осы аз уақыт ішінде қырандарымыздан тағы да алтын күтіп отырғанымыз жасырын емес. Бокстан Данияр Елеусіновтің жеңісі, күрестен Эльмира Сыздықованың қоланы қанжығалан сәті АИБА-ның әділетсіздігін сәл де болсын ұмыттырып, ел мерейін үстем еткені рас. Эльмира – қыздар күресінен тұңғыш рет Олимпиадада жүлдегер атанған қазақ қызы. Енді оның есімі Жазира Жаппарқұлмен бірге аталатын болды.

Бір қызығы, Эльмира да 69 келіде бозкілемде өнер көрсетті. «69»-дың қазақ боксының бағына айналғанына он алты жыл болыпты. 2000 жылы Ермахан Ыбрайымов алтын алған 69 келі салмақ дәрежесінде кешегі Даниярға дейін үш оғыланымыз чемпиондық атаққа қол жеткізген. Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев пен Серік Сәпиевтің жеңістерін көзі қарақты көрермен ұмытқан емес. Тіпті, Бақтияр мен Сәпиевтің Олимпиадада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін иеленгені тағы бар. Қысқасы, 69 келіден Қазақстанның бокс құрамасы пентакампион (бес дүркін чемпион).

Сондай-ақ, қос Олимпиадада олжа салған бокшыларымызды да айта кетейік. Олардың да басын Ермахан Ыбрайымов бастап тұр (Атланта 1996-да қола, Сидней 2000-да алтын).  51 келіде Болат Жұмаділов екі Олимпиадада да күмісті қанағат тұтты. Ендігі кезек, Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычкода. Екеуі де Лондон Олимпиадасында жүлдегер атанғанын ескерсек, Рио төрі оларға қарымта қайтарудың тамаша мүмкіндігі болып тұр. Шаршы алаңдағы сайыпқырандарымызға Алла Тағала жар болғай!

111

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

©инфографика Серік ҚАНТАЕВ