Көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақы өседі

 Үкіметтің кеңейтілген отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылы азаматтарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 25%-ға өсетіндігін мәлімдеді. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша 42,8 млрд теңге бөлу қарастырылуда.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында белгіленген тапсырмаларға сәйкес 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгелі отыр. Жаңа форматтағы жүйе атаулы әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыру және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады», — деді министр.

Осы орайда Тамара Дүйсенова қандай жұмыстардың атқарылатындығына тоқталды.

«Бұл мақсаттарды орындау үшін біріншіден қазіргі таңда көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға берілетін 3 түрлі жәрдемақы: азаматтардың табысына қарамастан республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасының табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысының атаулы әлеуметтік көмегі біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Бүгінде азаматтар осы жәрдемақыны алу үшін 3 пакет құжаттар даярлап, 3 түрлі мекемеге барады. Енді олар жаңа жүйе аясында 1 пакет құжаттарды даярлап 1 мекемеге яғни Жұмыспен қамту орталығына барады», — деді ол.

Сонымен қатар министр алдағы уақытта көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшеріне қанша ақша қосылатындығын нақты айтты.

«Екіншіден, бүгін берілетін 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасы тұрмысы төмен отбасының әрбір мүшесіне ай сайын 6 396 теңгенің көлемінде болып отыр. Ал жүйеде кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 40%-нан 50%-на дейін көтерілгендіктен әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2 500 теңгеге дейін артады. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап берілетін жәрдемақының мөлшері орташа есеппен қазіргі беріліп жүрген 3 жәрдемақыдан жалпы сомасы орташа есеппен 25%-ға жоғырылайды. Бұл үшін ендігі жылдың бюджетінде қосымша 42,8 млрд теңге қаралып отыр», — деді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, мұндай әлеуметтік көмек кез келген отбасыға берілмейді. Арнайы талаптары бар.

«Мұндай қомақты қаражат аз қамтамыз етілген отбасыларға шартты түрде берілгелі отыр. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде Жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микро-кредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар осындай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек те тоқтатылатын болады», — деді министр.

Сөз соңында Тамара Дүйсенова бала күтімінде отырған аналар мен белгілі бір себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жандарға жәрдемақы берілетіндігін атап өтті.

«Отбасындағы кәмелекте толмаған балаларға, бала күтімінде отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады», — деп түйіндеді сөзін министр.