«7-20-25» бағдарламасына қатысуға 50 мың теңге айлық жетпейді

Сенат отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін айлық табыс шамамен 150 мың теңгеден асуы қажет екенін, оған азаматтар еліміздің кез келген өңірінен құны 25 миллион теңгеге дейінгі жаңа салынған пәтерді сатып ала алатынын айтқан еді.

Бірақ бұл уәжбен келіспейтінін жеткізген Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев: «Комитет берген ақпаратпен келісе алмаймын. Өңірлерде 150 мың теңге жалақымен пәтер алатынына күмәнім бар. Банктер отбасының таза табысын есептейді. Тұрғындардың екінші деңгейлі банктерде қарызы болмауы керек. Бағдарламада ипотекалық заем деп жазылғанымен, банктер басқа қарыздардың болмауын және кредит тарихының жақсы болғанын талап етеді. Бұл — банктер қоятын негізгі талап. Аудандық балабақшадағы жас тәрбиеші 50 мың, ал категориясы бар тәрбиеші 70 мың, аудандық деңгейдегі жетекші әкімдік қызметкерінің жалақысы 55 мың, бас маман 55 мың, қарапайым мектептегі категориясы жоқ мұғалімнің жалақысы 50 мың, жоғары категориялы бір ставкада жұмыс істейтін ұстаздың жалақысы 90 мың, категориясы жоқ дәрігер 56 мың жоғары категориялы дәрігер 77 мың, кезекшілікті есептегенде категориясы жоқ дәрігер 77 мың теңге алады. Соның салдарынан аудан және ауылдардағы қызметкерлер «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмай отыр. Сондықтан ауылдық жерлердегі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа жолын іздеу керек. Біз аталған бағдарламаға қандай әлеуметтік топтар қатысып жатқанын білмейміз. Өңірлердегі тұрғындардың төлем қабілеті банктердің талабына сәйкес келмей отыр. Ең бастысы — 50 мың теңгеге пәтер алу мүмкін емес!»— деді.

Ермек Сахариев