«7-20-25» жүйесі бойынша биыл өтініш беру басталады

Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мәселесі көтерілді. Осыған орай Ұлттық Банк «7-20-25» формуласы бойынша бағдарламаны әзірлеуге кірісті. Ол көпшілік үшін түрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Аталған жүйемен ағымдағы жылдың 2-жартыжылдығынан бастап баспана алуға өтініш беру басталады. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбеков мәлім етті. 

Оның айтуынша, Ұлттық Банк Елбасы айқындаған талаптар бойынша жылдық 7 пайыздық үстемесімен 20 пайыз бастапқы жарна төлеу арқылы 25 жыл уақытқа баспана беру бағдарламасын әзірлеп, Үкіметке ұсынатын болады. 

«Ұлттық Банк бағдарламаны іске асырудың төрт негізгі кезеңдерін айқындады. Бірінші кезеңді іске асырған кезде банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша іске қоса отырып, ипотекалық кредиттердің қаржы тарту тетігін қалпына келтіру қажет. Жақын арада Ұлттық Банк Басқармасы 100 пайыздық еншілес арнайы компанияны бағдарламаның операторы есебінде құру мәселесін қарайды. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық Банктің қаражаты есебінен қалыптасатын болады», — деді Әнуар Амангелдіұлы.

Сондай-ақ, ол капитал компанияға «7-20-25» жүйесі бойынша ипотекалық кредиттерді сатып алу рәсімін іске қосу үшін нарықтық талаптармен қаржы нарығынан қаражат тарту керектігін жеткізді.

Айта кетерлігі, екінші кезең — бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында осы компанияны қаржы агенттігі ретінде тануын білдіреді. Үшінші кезең —  тұрғын үй бастамасының жаңа мүмкіндіктері барлық азаматтарға жеңілдік талаптарын беретін мемлекеттің теңдессіз қадамы болып табылатындығымен сипатталады. Бағдарламаға ресми кірісі бар барлық Республика тұрғындары қатыса алады. Төртінші кезең — жеңілдік берілген ипотекалық несиелер толығымен қамтамасыз етілген және түгел қайтарымды болуға тиіс екендігін білдіреді.

Ұлттық Банк барлық қажетті заңнамалық түзетулер мен ұсыныстарды жинақтап Үкіметтің қарауына жіберетін болады.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі