Берекелі Байзақ, қарыштап қанат қаққан Қостөбе

Ең алдымен Байзақ ауданына ат басын бұрған экспедиция мүшелерін аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алып, «Qazaqstan dauiri» газетінің республика көлемінде алар орны мен беделі жайында кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы бұқара мен биліктің арасында алтын көпір болып жүрген басылымның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының ерен еңбегін айрықша тілге тиек етіп, ауылдарды аралап, қара халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп жүрген ерлігіне ерекше алғысын білдірді. Әкімдіктегі актив жиынынан кейін елордадан арнайы келген топ Сарыкемер мектеп-гимназиясында ұстаздар мен оқушылармен жүздесті. Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri»газеті мен басылымның іргесінен құрылған «Мөлдір бұлақ» журналының балғындарға берері туралы мол мағлұмат айтса, өз кезегінде оқушылар жырдан шашу шашып, сан түрлі сауалдарын жолдады. Сондай-ақ мектеп ұжымы мен оқушылар «Мөлдір бұлақ» журналына көптеп жазылуға ынталы екендерін жеткізді. Осы орайда Сәуле Мешітбайқызы мектептің көпбалалы отбасынан шыққан үш оқушысына тегін жазылым жасауға және мектеп қабырғасынан «жас тілші» алатындығын айтып, көпті қуантты. Білім ордасында өткен ерекше жиыннан кейін экспедиция мүшелері Қарапайым заттар экономикасы аясында жамбылдықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаға пилоттық ауыл ретінде таңдалынып алынған Қостөбе ауылдық округінде болды.

Ауылда жұмыс жоқ емес, бар!

Тұрғындарының 43 пайызы ауылда тұратын Қазақстан үшін ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақ-сарту мәселесі қашанда өзекті. Әрі еліміздегі ауыл шаруашылығының қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақстандық ауылдарды қаланы асыраушы ретінде қатардан қалдырмаудың да қарышты қадамдары жасалып-ақ жатыр. Жыл сайын агросаланы дамытуға бөлінетін қыруар қаржыны иегеруде түрлі мемлекеттік бағдарламаларды кәдесіне жаратқан шаруалардың тасы өрге домалап тұр.
Алайда бұдан ауылдың әлеуметтік жағдайын арттыру, оның мүмкіндігін ішкі нарықтағы азық-түлік сұранысын өтеуде кәдеге жарату түйткілдерінің түйіні түбегейлі тарқатыла қоймады. Сөзімізге дәлел күнделікті тұтынатын азық-түлік себетінің жартысын импорттық тауарлар құрайды. Өкініштісі сол осы тауарлармен күллі Қазақстанды қамтуға қабілетті отандық агросаланың мүмкіндігін толық кәдеге жарата алмай келеміз. Оған қоса бізде көзін еңбекпен ашқан ауыл тұрғындарын тиімді еңбек ресурсы ретінде пайдаланылмай отырғандығы да ащы да болса шындық. Ұшы-қиыры жоқ иен даланы ауыл шаруашылық мақсатта пайдалану өз алдына ауладағы алақандай жерді табыстың көзіне айналдыра алмай жүргеніміз де жасырын емес.
Ендігі кезекте «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында «ауылда жұмыс жоқ» деп кежегесі кейін тартатындарға өз қабілетін іспен дәлелдеудің сәті туды. 5 негізгі бағыт бойынша өңірдегі қарапайым заттар экономикасын дамытуға негізделген жобаға облыстың он ауданынан он ауылдық округі таңдалып, онда өңір басшысының тікелей бақылауымен жұмыстардың басталып кеткенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осынау пилоттық жобаны Байзақ ауданында іске асыру мүмкіндігін бағамдаудың тәжірибелік алаңына айналған Қостөбе ауылдық округінде қолға алған жұмыстың ауқымы экспедиция мүшелерін қуантты.
Облыс орталығы мен аудан орталығына іргелес, халықаралық автодәліздің бойында орналасқан ауылдық округте бұл жобаның қолға алынуы бекер емес. Транзиттік әлеуеті өз алдына ауылдық округке қарасты Талас, Талас станциясы, Қостөбе елді мекендерінің тұрғындары да «қолы қимылдағанның аузы қимылдайтын» ерте түсінген еңбекші халық. Бүгінде мұндағы 1 222 аулада 6710 тұрғын тұрады. Қыстың ызғарын көктемнің лебі алмастырып, күннің көзі қызған сәттен қара жерден нәсіп іздейтін қостөбеліктердің еншісінде қазірдің өзінде 196 шаруа қожалық бар. Сондай-ақ 326 ауладағы 33,7 гектар жер жеке қосалқы шаруашылық ретінде пайдалануда. Осынау алақандай жердің бабын тапқан ауыл тұрғындары айына 63 098 теңге табыс тауып келеді.
Бір жыл бұрын ғана ауылдық округтің әкімі қызметіне сайланған Дәурен Тәжібеков жеке қосалқы шаруашылықтың табыс көзіне айналдыру жобасының мән-мазмұнын ә дегеннен түсінгендердің бірі. Әкімдік қызметіндегі алғашқы жылдан ауыл халқының күнкөрісін егіншілік пен мал шаруашылығынан айырып отырғанын көзбен көрген Дәурен Бейсенбекұлы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту жобасы тұрғындардың табысын еселеудің таптырмас тәсілі екенін жете сезінген.
– Ауылдық округ әкімінің аппараты негізінен жастардан құралған. Дәл осы мәселеге байланысты облыс әкімінің қатысуымен өткен жиыннан орала сала қызметкерлерімді жинап, оларға жобаның мақсат-мұратын түсіндіре бастадым. Оларда өз кезегінде ә дегеннен маған қолдау білдіріп, ауылдық округтегі үйлердің бірін қалдырмай аралап шықты. Осылайша біз округтегі қазіргі ахуалды толық тани алдық. Оған қоса ауылдықтардың жеке қосалқы шаруашылықпен айналысуға қатысты сұраныстары да есепке алынды. Мемлекет тарапынан шаруаларды қолдауға қажетті қаржының көлемін де есептеп шықтық. Кейіннен облыс әкімі Байзақ ауданында жұмыс сапарымен болғанда мен өзім басшылық жасайтын ауылдық округте жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін нақты талдауымен таныстырып шықтым. Көп ұзамай Қостөбе ауылдық округі Байзақ ауданындағы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасын» іске асырудың пилоттық округі ретінде бекітілді,– дейді Қостөбе ауылдық округінің әкімі Дәурен Тәжібеков.
Қазір Қостөбе ауылдық округі аумағында 1122 аула болса, оның 833 ауласы егіске жарамды. Бүгінде осы аулаларда қияр, қызанақ сынды көкөніс түрлері өсірілуде. Тіпті аталған көкөніс түрлерінен жылына екі рет өнім жинайтын шаруалар да бар. Жоба аясында қостөбеліктер жеке қосалқы шаруашылықтарынан жиналатын өнім көлемі 4948 тоннаға дейін ұлғайтып, 211 миллион 982 мың теңге табыс таппақ. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтарынан әрбір отбасы 255 мың теңге табыс табуға мүмкіндік алады.
– Жоба аясында аталмыш 833 ауладан бөлек 225 аула мал сатып алуға ниет танытып отыр. Күні бүгінге дейін 109 азамат құжаттарын өткізіп қойды. Қостөбеліктердің берген өтінішіне сай алдағы уақытта ет бағытында 891 сиыр, сүт бағытындағы 164 сиыр, 1435 қой мен 319 жылқы сатып алынбақ. Сонымен қатар 100 дана күркетауық сатып алуға өтініш білдіргендер болды. Ауылдық округтегі ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану жобасы аясында қостөбеліктер жалпы сомасы 449 миллион 600 мың теңге несие алуға тәуекел етіп отыр. Аудандағы «Дулат», «Жадыра», «Агали» шаруа қожалықтары қостөбеліктерге қажетті төрт түлікті тауып беруге дайын. Негізінен қазір ауыл тұрғындарының қолында 1050 бас мүйізді ірі қара бар. Оларды асылдандыру үшін 42 бас асыл тұқымды бұқашық қажет етілуде, – дейді Дәурен Бейсенбекұлы.
Жоба аясында несие алып ет бағытындағы мал шаруашылығын қолға алуға ниетті «Фезатов» шаруа қожалығының жетекшісі Мурат Фезатов бұл бастаманың баяндылығын алға тартады.
– Мал шаруашылығымен 11 жылдан бері айналысып келе жатқан шаруа ретінде малдың басын көбейту үшін екінші деңгейлі банктерден несие алып жұмыс жасаудың қандай қиын екенін білемін. Ай сайынғы төлем жылына екі рет қана өнім өткеретін шаруаға әжептеуір салмақ салады. Сондықтан осынау жоба мүмкіндігін пайдаланып 5 миллион теңге несие алуды жоспарлап отырмын. Біз секілді кәсіпкерлер үшін несие төлеуге 1 жыл мерзімге «демалыс» жарияланғаны көңіл қуантады.
Бұған дейін қажеттілікке байланысты бордақылау алаңында тұрған барлық мүйізді ірі қараны сатып жібердім. Шөп бар. Жемнің де мол қорын қамдап алдық. Енді 20-25 бас етті сиыр сатып алсам деген ойым бар. Ет бағытындағы шаруашылық үшін өнімді өткеруде мәселе бола бермейді. Алайда облыстағы кей шаруалардың өнімдері экспортқа жол тартып жатқанда бізде өз алдымызға үлкен мақсат қойдық. Және бұл мақсатқа жету жолында тұрғындардың табысын жақсарту жобасын кәдеге жаратуды құп көріп отырмын, – дейді шаруа.
Ауыл әкімі пилоттық округ ретінде танылған Қостөбе ауылдық округінде жоба аясында сатып алынатын малды шөппен қамту, олардан алынған өнімді өткізу мүмкіндігі де жан-жақты сараланғанын айтады.
– «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының» ең бір тиімді тұсы жоба қатысушыларының өнім өткеру мәселесінің түбегейлі шешілуі деп айтар едім. Бұған дейін ауыл тұрғындары егіс алқабынан жинаған өнімді, малдың етін, сүтін базарға өткізіп келеді. Ал ондағы саудагерлер ауылдықтардың өнімін төмен бағаға сатып алып, оны өз тұтынушыларына қымбат бағаға сатып делдалдықпен мол пайдаға кенелетін. Ендігі кезекте әрбір жобаға қатысушы өз өнімін арнайы кооперативке тиісті бағамен өткереді. Міне «Қостөбе 2019» кооперативі де дәл осы мақсатта құрылды. Біздің қазіргі есебімізше 109 аула сатып алуға ниет білдіріп отырған 2809 бас төрт түлік пен 100 дана күркетауықтың өнім өткеру арқылы әрбір аула айына орта есеппен 282 мың 500 теңге табыс табады. Бұл дегеніңіз жоба малы бар аулалардың айлық табыс көлемін 4,4 есеге арттыруға септігін тигізгенін аңғартады, –дейді Д.Тәжібеков.
Қостөбе ауылдық округінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының» ІІІ бағыты саналатын ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану ісінде ілгерілеушілік байқалады. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының еншісіндегі жердің жалпы көлемі 612 гектар болса оның 401 гектары жобаға қатысушылардың еншісіне тиесілі. Алдағы уақытта осы жерлерге ауыл тұрғындарының қолындағы малға қажетті жем-шөп қорын жасақтауға қажетті дақылдар егілмек. Мәселен 84 гектар жерге бидай, 94 гектар жерге арпа дақылы себіледі. Ал 185 гектар аумақ көпжылдық шөпке арналса қалған 38 гектар жерге дәндік және сүрлемдік жүгері егілетін болады.
Жер үлесін пайдаға жаратуда суармалы егістік алқабының көлемін арттыруға да баса мән берілген. Қазір ауылдық округ аумағындағы каналдар өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен құрылған механикалық жасақтың көмегімен тазаланып жатыр.
– Қостөбе ауылдық округі аумағындағы 4 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың есебінен мұндағы су жүйелері 612 гектар аумақты сумен біркелкі қамтылатын болады. Сондай-ақ бұл каналдармен жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға ниетті аулаларға да ағын су жеткізеледі,– дейді «Талас-Аса» кәсіпорнының директоры Досжан Тоқбергенов.
Ауыл тұрғындарының табысын еселеу жобасының келесі бір бағыты ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті материалдық техникалық базамен жабдықтаудан көрінеді. Бұл орайда Қостөбе ауылдық округінің шаруалары істің ілгері басуына қосымша 17 дана техниканы қажетсінеді. Сондай-ақ жоба қатысушылары біріккен кооперативтерде өнімді сақтау, толық өңдеу мәселесі де өз шешімін таппақ. Бұл орайда, ауылдық округ аумағында жалпы сомасы 97 миллион 200 мың теңге болатын көкөністі өңдеу және цехтарын ашу жоспарлануда. Осылайша қостөбелік шаруалар өнімді тек шикізат күйінде емес тұтынуға толық әзір қалыпта өндіруге де ден қойып отыр. Өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінде бұл тәсіл табысты еселей түсудің жолы ретінде қарастырылады.
Ауыл тұрмысын тіктеп, туған өлкеде тірліктің көзін тапқандардың табысын еселеудің жобасы жеке кәсібін жолға қоюға ниетті азаматтарға да қолдау көрсетеді. Қостөбе ауылдық округінде 20 азамат дәл осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге әзір. Жоба басталғаннан білек түріп қарекет қылуға көшкендердің көбі кәсібін жаңадан бастауға ниет етіп отырса, енді бір тобы кезінде басталып аяқсыз қалған кәсіптік нысандарының құрылысын аяқтауға кіріскен. Олар қажет еткен несиенің жалпы сомасы 151 миллион теңгені құрайды. 7 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқан Виктор Шнайдер пилоттық округте қолға алынған жоба аясында көптен ойда жүрген шаруаны жайғау мүмкіндігі берілгеніне дән риза. Жоба басталған күннен құжаттарын қамдаған шаруа 3 миллион теңге несие алып, оны ауласындағы 1,5 сотық жерді поликарбонатпен қапталған жылыжайға айналдыруды жоспарлауда.
– Қазір менің ауламда 3,5 сотық жерде жылыжай бар. Онда қиярдың «Кураж f1» аталатын сұрыпын еккем. Жылына 2 рет өнім аламын. Бір маусымда шамамен осы жылыжайлардан 1,5 тоннаға дейін өнім жинауға болады. Көктемгі егіс жұмыстарын ақпан айының ортасынан бастаймын. Осылайша шілде айына дейін алғашқы өнімді жинап өткіземін. Одан кейінгі тамыз айына дейін жер демалады. Оған түрлі тыңайтқыштар сеуіп жаңа маусымға дайындаймын. Екінші маусымға тұқым себуді тамыз айының алғашқы онкүндігі ішінде аяқтаймыз. Осылайша жылыжайды 1 жылда 3 ай демалдырып, жылына екі өнім алуға күш салып келемін. Менің негізгі кәсібім осы жылыжай. Тіпті отбасымызбен осы іспен айналысамыз.
Жақында біздің ауыл жаңа жобаға пилоттық округ ретінде қатысып жатқанын біліп, әкімдікке жылыжайымды кеңейту әрі оны поликарбонатпен қаптауға қажетті қаржыны алу туралы өтінішпен шықтым. Ондағылар өзім тұратын үйді кепілдікке қою арқылы 3 миллион теңге несие алуға болатынын айтты. Маған да керегі осы. Полиэтиленге қарағанда поликарбонат жабындысынан жасалған жылыжай табысты болады. Оның бір жабындысы бірнеше жылға жетеді. Несие алып поликарбонат жабындысы бар жылыжайым іске қосылса онда қызанақ пен қызыл бұрыш та егуге болады, – дейді Виктор Шнайдер.
Қостөбедегі көңілге қанат бітіретін тірлік көріп, қарапайым ғана ауылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында айтылған шикізаттан бас тартып, экономиканы әртараптандырудың алғышартының жүріп жатқандығына қуандық. Сондай-ақ, күні ертең күллі республикадағы ауылдардың ажарын ашып, тірлігін тіктеуде қолданылатын жобаның мүмкіндігін пайдалануға құштар қостөбеліктердің де іскерлігіне таңданбасқа шараң жоқ. Бастысы «жұмыс жоқ» деп етігін көлеңкеде тұралатпай, кәсіптің көзін тауып өзін өзі жұмыспен қамтығандардың ісіне шынында сүйсінтеді. Өзге ауылдағы ағайынның құр сенделіске салынбай алақандай жерден өзіне азық болар өнім алып, қалғанын сатып, табыс табуға көшкендердің тындырымды тірлігінен үлгі алса ұтылмасы анық.

Жері жәннат Жуалы, несібесі мол Ақтөбе

Түс ауа экспедиция мүшелері Ер Бәукең, Бауыржан Момышұлының ауылы Жуалы ауданына табан тіреді. Мұнда ең алдымен №29 орта мектебінде келелі басқосу өтті. Кездесу барысында оқытушылар мен оқушылар Сәуле Мешітбайқызына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ақжарма тілектерін де арнады. Өз кезегінде басылымымыздың басшысы бұл мектептен де «жас тілші» сайлап, оған арнайы құжат тапсыратындығын жеткізді.
Мектептегі кездесуден кейін экспедиция мүшелері тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған жобаға таңдалынып алынған Ақтөбе ауылына арнайы аялдады.
Жалпы аталған елді мекен аудандағы іргелі аймақтардың бірі. Онда Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған, Күркүреусу ауылдары бар. Бүгінде ауылдық округте 101 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Ауылда жүздеген гектар жерге арпа, бидай, картоп өнімдері егіледі. Соңғы жылдары мұндағы диқандар қант қылшасын көптеп егіп мол өнім алуда. Қазіргі уақытта тәтті түбір алқаптарына жаңбырлатып суғару жүйесі орнатылып жатыр. 2603 тұрғыны бар округте сондай-ақ екі орта және өнер мектептері, екі балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі мен клуб, кітапханалар, мешіт және көптеген кәсіпкерлік нысандары қызмет көрсетуде.
Ауылдық округ әкімдігі әзірлеген жобаға сай өңірдегі төрт елді мекендегі 494 аулада барлығы 2603 халық тұрады. Соның ішінде жұмысқа жарамды адамдар саны – 1410, аула саны 482 екен. 87 аулада көпбалалы отбасылар тұрса, 94 отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Ауыл әкімі Арабхан Заппаровтың айтуынша, жоба нақты іске асқанда жеке қосалқы шаруашылықтан ай сайын орта есеппен 80 856 теңге көлемінде кіріс келеді деп болжанып отыр екен.
Өңірде жалпы үй іргесіндегі егіске жарамды жер көлемі 78 гектарды құрайды, оның барлығы ағын сумен қамтылған. Пайдаланылмай жатқан жер көлемі – 7 гектар. Елді мекен ішінен үй іргесіндегі жер учаскелерінің көлемін тағы да 3,5 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік бар көрінеді.
– Біздің ауыл Кеңес өкіметі кезінде әскерилерге картоп егіп берумен айналысқан. Тіпті 1000 гектарға дейін картоп егілетін. Сондықтан болса керек, аймақ пилоттық жобаға таңдалып алынды. Әр ауладан екі айналым бойынша өнім алу жоспарымызда бар. Яғни, ерте пісетін «Летс карлет» деп аталатын картоп сортын егуді қолға алғалы отырмыз. Оның өнімін алған соң қызылша, орамжапырақ секілді күзге дейін пісіп үлгеретін көкөністерді егпекшіміз. Оған аймақтың табиғаты бейім.
Жалпы, облыс әкімінің осы бастамасынан соң ауылдың әл-ауқаты ауыз толтырып айтарлықтай көтерілетіні белгілі. Бүгінде ауылдағы азаматтардың кооператив құрамына кіруге қызығушылығы орасан. Негізінен, шаруалардың кооператив құрамына кіруі тиімді. Өйткені, осыған дейін олар қолда бар шаруа қожалықтардың техникаларын қымбатырақ бағаға пайдаланып келді. Енді алдағы уақытта кооператив мүшесі болу арқылы төмен бағаға техникаларды пайдаланатын болады. Осы арқылы ондағы мүшелердің саны артатынына көзіміз жетіп отыр. Аталған жобаның тиімділігі осында жатыр, – дейді ауыл әкімі Арабхан Заппаров.
Бүгінде округтегі 456 аулаға қарасты 7,1 гектар үйдің іргелік жері тиімді пайдаланып жатыр екен. Мұнда қызанақ, қияр, картоп, пияз, жоңышқа және түрлі жеміс ағаштары отырғызылыпты. Мәселен қызанақ 240 ауладағы 200 сотықта бапталуда. Дақылдан алынатын орташа өнімділік әр сотығына 230 келіден деп есептелген болса, жалпы өнім 46 тоннаны құраған. Соның 13,8 тоннасын тұрғындар жеке тұтынуға қалдырып, 32,2 тоннасын орташа алғанда 60 теңгеден өзгелерге сатып, 1 932 мың теңге табыс тапқан көрінеді. Сондай-ақ қиярдың жеке тұтынудан қалған 46,2 тоннасын 50 теңгеден өткеріп, 2 310 мың теңге пайда тапқан. Жеміс ағаштары келтіретін пайда әлдеқайда қомақты. 382 ауладағы 1500 сотық жерден 36,750 мың теңге түсіру көзделген.
Жобада сондай-ақ пайдаланылып жатқан жердің өнімділігін арттыру туралы ұсыныстар қамтылған. Мәселен ауылдық жерге бірыңғай бейімделген дақыл картопты, қиярды, асханалық қызылшаны, тұрыпты екі айналымда егіп, өнімділігін еселеп арттыруға болады. Округтегі 310 ауланың 3,5 гектар жеріне 126 тонна картоп тұқымы қажет болса, оған керекті сома – 31,5 миллион теңге. Дақылға 945 мың теңгенің 10,5 тонна тыңайтқышы мен 32,494 мың теңгенің 24,5 келі пестицидін қолданып, екі айналымда өнімді сотығына 500 келіге арттырып, 13 752,5 мың тоннаға жеткізуге болады. Сондай-ақ осы тәсілді пайдаланып, қалған дақылдардың да өнімділігін арттыруға болады. Осылайша, өндірілген өнім мен ұсыныстың айырмасы 13, 290 миллион теңгені құрамақ.
– Пайдаланылмай жатқан жерлерді шаруашылық айналымына қосу үшін 2000 метр арық жүйесі мен сыйымдылығы 300 шаршы метрлік тоғанды жөндеп, бес құдық қазып, бес сорғы сатып алып орнату қажет. Бұл мақсатқа шығындалатын 13,3 миллион теңге қаражат мемлекеттен қосымша сұралатын болады. Жобада ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдаланудың жай-күйі де жан-жақты зерделенген. Ағымдағы жағдайда округтегі 420 аулада 2430 мүйізді ірі қара бағылса, оның 1118-і – аналық, сауылатыны – 997, 5927 қой-ешкі ұсталады. 64 ауладағы 518 жылқыдан сауылатын бие төрт аулада 10 басты құрайды. Одан бөлек, 396 аулада 4 843 үй құстары бағылуда, оның 3201-і жұмыртқа бағытындағы тауықтар. Тұрғындар үй іргесіндегі мал шаруашылығынан жыл бойына 377,1 миллион теңге көлемінде табыс алуда. Бүгінде округтегі 276 аула 997 сиырдан сауылған сүтті, 270 аула 656 мүйізді ірі қараның ет өнімдерін өткеруге ниетті екенін білдіріп отыр. Өнімділік тиісінше әр бастан сауылған сүттен 10 литрді және еттей тірі салмақта 220 келіні құрағанда, сатылған өнімнен алынатын табыс 341,194 миллион теңге болмақ, – дейді А.Рәсілханұлы.
Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген 136 ауладан сүт бағытындағы – 417, ет бағытындағы 166 мүйізді ірі қараға, ет бағытындағы 450 ұсақ малға, 98 жылқыға, 400 түйеқұсқа, 1000 үй қоянына, 400 үй құсына қосымша сұраныстар түсіп отыр екен. Қолда бар және қосымша алынатын мал басына қажеттіліктерді ескергенде, жалпы 11 683,8 тонна шөп, 3153,1 тонна жем дайындау қажет болса, 13 828 гектар жайылым жетіспейтіні анықталыпты. Алдағы уақытта жауапты мамандар осы мақсатты жұмыс жүргізуді қолға алған.
Жоба аясында ауылдық округтің Жаңата-лап ауылынан 171 мүшеден құралған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Кооператив 420 ауланы қамтуды жоспарлап отыр. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану туралы ұсыныстарды зерделегенде, 45 отбасы 665 гектар жер үлесін ауыл шаруашылығы кооперативіне беруге дайын екенін білдіріпті. Соның ішінде, 41 ауланың 545 гектар егістік жерінің 465-і суармалы, 80 гектары тәлімі жерлер, қалған төрт ауланың 70 гектар жері жайылымдық, 50 гектары шабындық. Аталған 545 гектар егістік жерімен сатып алынатын малдың жем-шөбі толық қамтамасыз етілмек.
Кооператив төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативінің иелігіндегі 545 гектар алқапты өңдеу, өнімін жинау үшін 234,2 миллион теңгенің 21 бірлік ауыл шаруашылық техникасы қажет болады екен. Сондай-ақ құрылымның жұмысын жолға қою үшін қосымша 133,2 миллион теңгенің 12 бірлік арнайы техникасы, 5 миллион теңге инфрақұрылымдық шығындар мен 20 миллион теңге айналым қаражатын қоса алғанда барлығы 392,4 миллион теңге қажет көрінеді.

– Бүгінде пилоттық жоба аясында 159 адам кооператив құрамына кіріп, несие алып, шаруасын тіктеуге ниет танытуда. Бізде ең дамығаны картоп егу шаруашылығы. Сондықтан бізге аталған жобаны игеріп кету оңайға түседі. Осы бағытты дамыту мақсатында Ресейден картоптың элиталы тұқымдарын алып келуге келісімшарттар жасаудамыз. Алдағы уақытта 200 тонна тұқым әкеліп, жалпы аумағы 57 гектарды құрайтын 402 аулаға Ресейден келген картоп тұқымын егу жоспарымызда тұр. Оның ерекшелігі, 70-75 күнде піседі. Егер наурыз айында оны егетін болсақ, шілде айында өнім дайын болады. Осылайша, екінші айналымға тұрып егілетін болады. Мұның да жоғары сорттарын Ресейден алып келу жұмыстарының келісімшарттары реттелуде. Сондай-ақ ауыл сыртында жері бар 38 шаруа қожалыққа техника алу жөнінде сұраныс беріп қойдық.
Негізінен, облыс әкімінің осынау бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Енді алдағы уақытта өндірілген өнімдерді өткеретін орталықтандырылған қауымдастық құру қажет. Осы арқылы еліміз бойынша таратып, тіпті экспорттауға да жол ашылатын еді. Сонда ғана шаруалар сапалы өнім өндіруге бас қатыратын болады. Сатумен қауымдастық айналысқан болар еді. Яғни, мұны ауыл шаруашылығы саласын дамытудың төте жолы дер едім. Сонымен қатар кооператив төрағасы ретінде шаруаларға ауыл сыртындағы жерлерге тек элиталы тұқымдарды егуді ұсынып отырмыз. Бұл жөнінде ресейлік ғалымдармен өзара келісіміміз бар. Мәселен, қарапайым сортты арпаны гектарына 180 келіден егетін болсақ, «алты қырлы» деп аталатын арпа сортын 100-ден 110 келіге дейін ғана егеді. Яғни, 30 тонна арпа тұқымы 300 гектарға жетеді. Сол секілді «артимедия» жоңышқа сортын елімізде мүлде екпейді екен. Мұның да жолын тауып отырмыз. Оны да ресейлік ғалымдар ұсынуда. Ашығын айтқанда, көрші елдің ауыл шаруашылығы саласы көш ілгері дамып кеткен. Біз біршама қалып кеткенбіз. Себебі қарабайыр тұқымдарды жыл сайын еге береміз. Одан шығатын өнім көлемі белгілі. Рас, жер бар, бірақ жаңа тұқымдар шығаратын ғалымдар жоқ. Өндірістік кооператив мүшелерімен аталған жоба арқылы осы мәселелерді шешуге болады. Демек, ауыл біріккенде ғана аумақ іріленеді, –дейді «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы З.Сұлтанмұратов.
Негізінен, ауылда жоба бойынша 14 тұрғынның өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыруға сұранысы қамтылған. Мәселен, тұрғындар округ аумағынан жылыжай, наубайхана, техника жөндеу орталығын, жанар-жағармай құю станциясы секілді бизнестерін ашуға ниет білдіріп отыр. 56 миллион теңгені құрайтын 14 жоба аясында 42 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Пилоттық жоба аясында бастаған ісін ары қарай жандандыруды қолға алып отырған кәсіпкердің бірі – ауыл тұрғыны Гүлбану Қанатбаева. Ол осы уақытқа шағын кондитерлік цехы арқылы пайда тауып келген. Ендігі жерде кооператив құрамына кіру арқылы жеңілдетілген несие алмақшы.
– «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы ауылда отырып-ақ ісімізді ірілендіруге жол ашып отыр. Жасыратыны жоқ, құрылғылар істен шығып жұмыс тұралап тұрған. Дегенмен кооператив құрамына кіру арқылы несие рәсімдеп, жаңа құрылғыларға қол жеткізгелі жатырмыз. Құрылғыны Алматы қаласынан тауып қойдық. Ол үшін 5 миллион теңгеге несиеге өтінім беріп үлгердік. Алдағы уақытта қаржыға қол жеткізсек, бірден құрылғыны әкеліп, жұмысымызды бастамақпыз. Ашығын айту керек, осы уақытқа дейін бөлке нан 35 шақырым жердегі аудан орталығынан тасымалданады. Өз кезегінде біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Сонымен қатар өнімімізді ауылдағы мектептер мен дүкендерге өткеретін болсақ, ауданға тасымалдау да жоспарымызда. Өнімге қажетті шикізат ауылдан шығатын болады, – дейді Г.Қанатбаева.
Қорыта келгенде, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға бағытталған жобамен барлығы 490 тұрғын қамтылып, барлығы 758 434,4 мың теңге қосымша қаражат сұралып отыр. Нәтижесінде қатысушылардың 171 жобасы іске асырылып, жалпы өнім көлемінің өсімі 983 716 мың теңгені құрай отырып, бір отбасының қосымша табыс көлемі 165,6 мың теңгені құрап, 205 процентке артпақ. Жаңадан 42 жұмыс орны құрылып, жеке кәсіпкерлер саны 170-ке көбеймек.
Дегенмен ерте көктем келуімен шұғыл жұмысқа кірісіп, күздік жемісін алмайынша тынбайтын округ тұрғындарының мемлекет басшылығына айтатын бұйымтайлары да бар екен. Округ аумағындағы бастауын Қырғызстан мемлекетінен алатын «Ақмолда» каналынан су келмегелі бірнеше жылдар болыпты. Зардабын көріп жатқан шаруа қожалық иелері. Судың тапшы болуы мол өнім алуға кедергісін тигізуде. Қазіргі уақытта «Ақмолда» каналы «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің иелігіне берілген екен. Ақтөбеліктер осынау пилоттық жоба аясында аталған мәселе түбегейлі шешімін табатындығынан үмітті.

Тілші түйіні:

Экспедиция мүшелері ақтөбеліктердің осынау берекелі тірлігін көріп, басылымыздың басшысы Сәуле Мешітбайқызы ауылдағы ағайынның тірлігіне табыс тіледі. Кешкілік аудан активі жиында да пилоттық округтегі оң істер әңгіме арқауына айналды. Жиында аудан басшысы Нарбай Ергебеков бұған дейін елді мекенге бірде-бір басылымның басшысы өз аяғымен келмегенін, пилоттық ауылды аралап көрмегенін жеткізіп, бұл тұрғыда «Qazaqstan dauiri» газетінің шоқтығы биік тұрғанын баса айтты. Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы да Ер Бәукеңнің ауы-лы Жуалы ауданы жайлы тек жақсы дүниелер еститіндігін тіліне тиек етіп, алдағы уақытта да осы биіктерінен төмендемеулеріне тілектестік білдірді.
Осылайша бір күнін қос ауданға арнайы арнаған экспедиция мүшелері бақша егіп байып, төрт түліктен табыс табуға талпынып жатқан Қостөбе мен Ақтөбе ауылдарының тұрғындарының тірлігіне дән риза болды.
Ал осы аптада Сәуле Мешітбайқызы бастаған экспедиция мүшелері жоғарыда атап өткен Байзақ ауданын-дағы Сарыкемер мектеп-гимназиясына тағы бір мәрте ат басын бұрып, уәде етілгендей 8-сынып оқушысы, ақынжанды қаракөзіміз Аяжан Иманалыға «жас тілші» құжатын жергілікті билік өкілдері мен мектеп оқушылары алдында салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ көпбалалы отбасынан шыққан үш білімгерге газетке тегін жазылған түбіртекті тарту етті.
Келесі күні Сәуле Мешітбайқызы Жуалы ауданындағы №29 орта мектептегі 7 «а» және «ә» сыныптарының оқушылары Ризат Жаңабай мен Қанағат Сапарбекті «жас тілші» құжаттарымен қуантты. Уәде етілген мұндай құрметке мектеп ұжымы мен оқушылар алғыстарын білдіріп, қошемет құшағына бөледі. Осылайша «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы балғындарға базарлық сыйлап, журналист болсам деген асыл армандарына баспалдақ салды. Енді алдағы уақытта аталған аудандардағы «жас тілшілеріміз-дің» мақалаларын газет пен журнал беттерінен оқитын боласыздар.
Бұл шаралармен экспедиция жұмысы түйінделмейді. Газетіміздің келер санында тоғыз жолдың торабында орналасқан шырайлы Шу мен Жаз-Атаның ауылы Мойынқұм аудандары жайлы кеңінен әңгімелейміз. Аталған елді мекендерде де елді елең еткізер жаңалықтар жетерлік. Ендеше бізбен бірге болыңыздар, құрметті оқырман!

Саятхан Сатылғанов