Бауыржанның хаты
Қаймана жұрттың қамын жеп, ұлттық рухы, жаны деп жұмыр басы жастыққа тимей өткен тұлғалар сапы жетерлік. Тауанды тарих пен әдебиет әлеміне көз жіберсеңіз, еңсесін ел деп түсірген, бір қатердің болатынын түсінген көреген де кемеңгер жандарды танимыз. Азаттық үшін арпалысып, қазақтың қасиетті құндылықтары деп қайғы ойлаған қайсар бабаларды көреміз. Арыдан толғасақ Ұлы Дала заңдары мен жарғыларын жазған хандарды, шешімі тұйық сауалға кесімін айтқан би-шешендерді аңдаймыз. Одан бергі ғасырдағы Алашордашылардың елдік үшін басын бәйгеге тіккенін байқаймыз. Сайып келгенде, бүгін қолға алған Мәңгілік Елдің іргетасын қалаған ірілердің ғибратты ғұмырын сөз етуден жалыққан емеспіз. Сондай батыр да дара тұлғаның бірі де бірегейі Бауыржан Момышұлының майдан даласында жазған хаты жайлы не білеміз?
Әдебиет айдынында желкен көтерген жазушы қауым мен зиялылардың бұл жазбамен етене таныс екеніне шек келтіре алмаспыз. Бәлкім, көзі қарақты оқырмандар да сан мәрте оқыған болар. Ол жағы беймәлім. Сан қайталасаң да «сыны кетіп, сыры ұшпайтын» ғибратты сөздің бірі болғандықтан баба өсиеті жайлы толғанғың келетіні тағы рас.
Қанды қасап жылдарда қазақтың қайсарлығын әлемге әйгілеген батыр Бауыржан сол хатын 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшыларына жолдаған еді. Жазбаның жалпы тақырыбы мен мазмұны Алаш жұртының тіл мәселесі жайлы. Сол кезеңде басталған орыстандыру саясатына оқ пен оттың ортасында жүріп қарсылық көрсеткен, майдан даласынан дабыл қаққан дара тұлғамыздың жанайқайын бүгін де қажетсініп тұрғанымыз хақ. Өйткені кей қандасымыздың қаны қазақ болғанымен жаны орыс пен ағылшынға жақын, тілі шұбар екенін көріп те келеміз. Тіпті, шаңырақ басында да орысша шүлдірлесетін жандар аз емес.
Руханият үшін тер төгіп жүрген қаламгерлер мен зиялы қауымның айқайы құлағына жетпей, санасына сіңбей жүрген бауырларымыз қынжылтады. Мұндайда «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» дейтініндей, орысшылдардың салдары жастардың тәрбиесіне де әсер етуде десек артық айтқандығымыз емес. Мағжан сенген жалындылар Бауыржанның хатын оқып, санасына сәуле қондыра алса игі. Шет тілінде сайрағанды мақтаныш тұтатын әдеті әріден ойлауға жар бермейді-ау, алайда.
Рас, бүгінгі таңда Тәуелсіз ел болдық, егемендікте еңсемізді тік ұстайтын күнге жеттік. Арайлап атқан азаттықтың таңында еркін тыныстап, шұғыласымен шалқып-тасып ғұмыр кешудеміз. Бодандықтың салдарынан ажырап қалған ата дінімізбен қайта қауыштық. Тіпті, бүгінгі жастардың көбі Алла жолында жүргендер деп айтуға да болады. Алайда, ертеңгі елдің көшін бастар сол жандар тіл де жаратқан иеміздің ұлы сипаттарынан екенін біле ме екен деген ой туындайды. Хақ Тағала қасиетті Құранда: «Көктер мен жердің жаратылуы мен тілдерінің және түрлерінің алуан түрлі болуы Оның белгілерінен. Шүбәсіз мұнда білім иелері үшін ғибрат бар», – дейді «Рум» сүресінің 22-аятында. Яғни әу баста адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп, өз тегіне қарай құндылықтар дарытқан Жаратушының жарлығына қарсы шығудың бірі – өз тілінде сөйлемеу оны құрметтемеу болса керек. Сондықтан да, әр қазақ өз тілінде сөйлегені Алланың ризашылығына бөленіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шарапатына кенелетін істің бірі деп түсінген жөн.
Тіпті, адамзаттың асылы болған, қос әлемнің сардары Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз ана тілінде өте жақсы сөйлегенін және сол тілді құрметтегенін исламтанушылар басылым беттеріне сан рет жазған еді. Ұлттық құндылықты құрметтеп, үмметіне мақтанышпен жеткізген хадисі де баршылық. «Мен күмәнсіз Пайғамбармын және Әбділмутәліптің ұрпағымын, мен арабтардың ішінде араб тілін ең әдеби сөйлеушімін және Құрайыш руынанмын», – деген тура жол көрсетушіміздің осы айтқаны, сөзімізге айғақ болмақ. Бұл жерде Алла елшісі өзінің ана тілін сүйетінін көрсету арқылы өзге ұлт пен ұлысқа да өз тілін құрметтеу керектігін меңзеп тұр емес пе? Алла бұйырып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үндеп кеткен осындай мысалдардың барын білсе де, естімегендей түр танытатын жандардың қылығы қынжылтады-ау.
Хош, батыр Бауыржанның жазбасына оралайық. Негізінде қаһарман бабамыз әрқашан жүрісінен жаңылып, кейбіреулердей жазғаны басқа, істегені оған қайшы келетін жан емес. Өйткені ысқырығы жер жарып тұрған Сталиннің заманында да аты-жөнін орыстандырып (ов) пен (евке) айналдырмағанын өзі қалдырған естеліктерден сан мәрте оқығанбыз, тұшынып, мақтан тұтқанбыз. Ол Момыштың ұлы Бауыржан болып туылды, сол есімді арқалап мәңгілікке бет түзеді. Осының өзінен-ақ ұлтын сүйген ұлы тұлғаны тани беруімізге болады. Ал Ұлы Отан соғысында жау шебін шегіндіріп, әскерін талқандаумен күнелтіп жүрсе де халқы үшін хат жазғаны жеке әңгіме.
Темір тәртіппен өсіп, шыңға біткен шынардай дараланған шыншыл жанның жазған хатында: қазақтандыру мәселесін өз халқымыздан бастау керектігі, Қазақстан тарихы мен әдебиеті сабақтарын мектеп бағдарламасына енгізу жайлы міндеттемелері тоғысқан. «Тәрбиеге бағынған құл болмайды», – деген қанатты сөзін өз өміріне айналдырған жан сонымен қоса, тіл мәселелері бұдан былай аяқ асты болмас үшін деп өзінің ойындағы талаптарын тізбелеп берген. Орыстандыру саясаты астыртын да ашық түрде жүріп жатқан тұста «қазақтандыру» деп ұран тастаған ұлт перзентінің ерлігін осыдан кейін мақтанышпен жеткізбей болмас. Ол қазақ деп туылды, халқым деп көз жұмды. Бүгінгі таңда мінберлерде міңгірлеп сөйлеп, «ұлт болу үшін» деген желеумен әрненің басын шалып, алайда, өздері ұлттық құндылықтарымыздың ең қастерлісі саналатын тіл мәселесіне енжарлық танытатын бойкүйездер бой көрсетуде. Сайып келгенде ана тілінде сөйлемеген басшылар мен өзге тілде сөйлегенге өзеуреп кетер жастардың барлығы да руханият үшін күресер жандар емес деп Бауыржандай батыл айтуымызға болады.
Адамзатты қос өмірдің бақытына жетелер дінімізде де, руханиятымыз бен халықтық қалпымызды сақтап қалар жолда да айқын көрсетілген тіл тағдыры өмірлік мәселемізге айналып бара жатқандай. Қанды кезеңде Бауыржан Момышұлы қаламын қолына алып хат жазған күннен бері 72 жыл өтті. Елу жылда жаңарған елдің жанына батқан жарасы емделді. Азапты күннен арашаланды. Алайда тіліміздегі кемістік емделіп, қотырымыз сылынбай тұрғаны анық. Табиғатынан еліктегіш еліміздің жалынды жастары құндылығымызды құнттап, басшылырымыз бас болып, байрақты елдің бақытын тіл тағдырымен теңгерсе игі еді. Бір халықтың жойылуы оның діні мен тілінен ажырауынан басталатынын ұғынса екен. Шет тілінде шүлдірлей кеткенге шаттанбай, масаттанып, мақтанбай, Алла берген бай да құнарлы тілімізді құндақтағы сәбидей қастерлесе деген тілегіміз таудай. Осыны ескеріп, руханият деп алашапқынға түскен көшке еріп ұлтына деген адалдығын ана тілін шұбарламау жолында танытар тектілер көбейсе деген арманымыз асқақ. Бақытым елім, жерім деген жандар да дүр сілкінген қырандай бір серпіліп, Бауыржан Момышұлының жазбасын жүрегіне тоқыса игі еді.
**Тарихтан тәбәрік
1944 ЖЫЛЫ МАЙДАН ДАЛАСЫНАН ҚАЗАҚСТАН
КОМПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ
БАСШЫЛАРЫНА ЖОЛДАҒАН
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ХАТЫ
Мен әскери адаммын. Тіл мәселесіне араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-санасы, ел намысы, адамгершілік ары, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп-біліп, сізіп тұратынымды айтпағанда, өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінемін.
Сондықтан тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше, мынандай ұсыныстарды тілейді:
1. Аяқасты елеусіз болып кеткен қазақтандыру мәселесін қазақтардың өздерін тіл жөнінде тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділеттікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн.
2. Тиісті оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы міндетті сабақ болу керек.
3. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздарының төрттен үші орыс мектебінде оқитындықтан, ана тілінен хабарсыз болып өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс тілінде оқытуға өте әуес-ақ. Қазақ мектептерін менсінбейтіндері де екеудің біреуі болғандықтан, барлық қазақ ұл балалары, қыз балалары алдымен ана тілінде білім алатын болуы қажет.
4. Барлық ана тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, тіл шұбарлығынан тазаланып, елгезер мен елеуішпен еленгендей тазартылуы керек.
Тіл мәселесі бұдан былай аяқасты болып кетпес үшін:
Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «дауысы жайында» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта берілуі қажет. Қазақ тілінің бұқаралық қатарға қосылып, бұдан былай да ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек.
Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты мен атауы теріліп, заңды жүйеге салынуы керек.
Дәлдік үлгісімен атам заманнан бері қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндірілетін, ғылыми аумақты кітапты шығару шараларды қолдану керек.
Профессор Ушаковтың (Орфографиялық сөздігінің авторы) үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек болатын кітапша көп кешікпей шығарылуы керек.
Асыл Сұлтанғазы