Жаялығынан бөрі шошыған…

Маһамбетті үш айлығында Анасы нағашыларының аулына алып барады. Жол серікке қайын сіңлісі ереді. Бұл қыстың ақпан айының іші еді. Сəбиін жақсылап құндақтап түйеге мінеді. Ал қайын сіңлісі шұбар жорғамен ілеседі. Қыстың күні бару себебі, əжесі ауырып: «Көзімнің тірісінде немеремді бір иіскейін, түсімде қасқыр қуалап жүрмін!»- деп арнайы адам жіберіп, шақыртқан екен.

Төркініне жол тартып шыққанда, жолда сəбиінің ақ қошқардың терісінен илеп жасаған, құйрық басар жаялығы түсіп қалады. Қайын сіңлісі мен Маһамбеттің Анасының алдында жол бастап келе жатқан Өтемістің жамағайыны палуан жігіт еді. Араға бір күн салып жолай бір шаруаның үйіне түнеп, ертеңіне тағы жолға жиналып жатқанда, бірнеше жасауылдар мен ақ патшаның адамдары бар Ханның нөкерлері ізімен қуып келіп былай дейді:

— Ай, Орнаш палуан! Мен із кесіп келемін. Тура сөйлеп, əділін айтып, танбай танысаңдар, сендерге деген хан мен ақ патшаның елшісінің айтатын алғысы шексіз!- дейді. Сонда Орнаш палуан атқа қарғып мініп:
— Сұрайтының ердің құны ма? Шайтанның жыны ма? Əлде қыздың сыны ма? Жұмбақтамай айта бер?- депті. Ханның нөкері қойнынан ақ теріден істелінген жаялықты суырып алып:
— Мынау ақ жаялық, кеше ақ патшаның елшісін, қасқырлардың қанды аузынан аман алып қалды! Осының тікелей иесін тауып кел!- деген менде пəрмен бар. Қане білесің бе?- деп, сұқтанады. Маһамбеттің Анасы қоржынын көріп, жаялықтың түсіп қалғанын білген соң:
— Ия Алла! Ұшының қайырын бере гөр! Бұл менікі! — деп амалсыздықтан мойындайды.

Оқиға былай болған екен. Ақ патшаның елшісі Бөкей Хандығына келіп, Қазақтың батыс түстігінде созылып жатқан Кіші Жүздің жер жағрапиясын сызу туралы үкіммен Петербордан шығады. Қазақтың Даласына ілінгенде ақ патшадан қашып жүрген каторжниктердің қарақшыларына ұрынып, жанындағы серіктері қырылып, өзі жараланып, қаны сорғалап жақын жердегі «бекетті» көздеп ат үстінде келе жатқанда, қасқырлар сорғалаған қанның ізімен қуып жетеді. Осы кезде: «Енді өлген жерім осы-ау!»- дегенде, алдында жатқан аппақ теріні жеті қасқыр біртіндеп иіскеп жөндеріне кетеді. Елші аман-есен «бекетке» жетіп, теріні есауылдарға көрсетіп, басынан кешкенін баяндап:
— Жоғары мəртебеліге хабарлаңыздар! Жайық бойында мұжықтардан құралған қарақшылар жүр!- деп, зорға есін жинап:
— «Бұл тері кімдікі жəне қасқырлар неге шошыды, қандай сыр жатыр?» Міне осыны білгісі келеді. Терінің иесіне айтатын алғысы шексіз! Хан арнайы Ордасына қабылдап сыйлық береді!- деп, Ханның нөкері Орнаш палуанға арнайы өтінішін жасап:
— Төркіндеп келсе, Ордаға келіңдер!- деп, хош айтысады. Терінің иесін тапқан нөкерге де Хан сый-құрмет көрсетеді.
Мен мектепте оқитын кезім. Сабақтан келіп, тамақтанып болған соң Маһамбеттің өлеңдерін жаттай бастадым. Өлеңдерді жаттағанда дауыстап оқитын едім.

— Мен, Мен, Мен едім!
Исатайдың барында, екі тарлан бөрі едім!
Мен Нарында жүргенде еңіреп жүрген ер едім!- деп айтқаным сол еді. Əкем Əлиасқардың даусы саңқ ете қалды:

— Əй, Не деп отырсың?! Маһамбет еңіреуші ме еді? Ол көкжал емес пе ырылдайтын! Нарқоспақ емес пе? Қабырғасын сөгіп, бүйрегін алса да маңқ етпейтін! Жүрегіне жырдың құдіреті құйылған, тіліне өлеңнің буы тоқтаған шайыр емес ме?! Қайдағы еңіреген?! Елін етегіне ораған Ер емес пе?!
Ия Алла! Бəріне рахымың мол-ау! Қайран Қазағымның қазанынан ырыс, өсиетінен өріс кеткені ме?!?- деп, құс жастыққа құлай кетіп, кешке дейін сөйлемей қойды.

Ақпантай Байғұтов
Асан Тұрабаев

Ғалым Шәбдезім фб парақшасынан