80 ЖАСТАН АСҚАН ҒҰМЫР ИЕСІНЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ
2016 жылдан бері қарай Алғыс айту күні аталып келеді. Бұл тәуелсіз еліміз үшін жақсы дәстүрге айналып, жылдан-жылға тойлану ауқымы артуда. Көктемнің алғашқы күнінде келетін бұл мереке көктемнің күніндей жаңарып, түрленіп бір-біріне достық пен бауырластық сыйлайтын мейрам. Айтулы күнге орай аудан әкімі Әлихан Балқыбеков медицина саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Шария Амрееваның үйіне арнайы барып, Алғыс айту күнімен құттықтап, ауданға сіңірген еңбегі үшін медальін табыс етті. — Күлімдеп жеткен көктемнің қуанышты мерекесі ешқашан ескерусіз қалмайды. Алғыс айту күні – бұл қазақстандықтардың бір-біріне деген ризашылық пен махаббаттың мерекесі. Сондықтан,әрқайсысымыз өз тарихымызды есте сақтап, оны мақтан етуіміз керек. Адамзат баласы қандай биікке көтерілсе де, тіпті, әлемді билесе де, аналар алдында қарыздар,-деген Әлихан Әбіләшұлы 80 жастан асқан ғұмыр иесінің батасын алып, ауырмай-сырқамай ұрпақтары мен халқының ортасында мақтанышқа айналып жүре беруіне тілектестігін білдірді.
Мойынқұм ауданы әкімдігі