80 жасында ғылым докторы атанды
80 жастағы ақтаулық ақсақал экономика ғылымдарының докторы атанды. Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғап келген қария жүздеген ғылыми жұмыстардың авторы. Көркембай Алданиязов Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университетінде дәріс береді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ақсақал жақында Мәскеудің Губкин атындағы университетінде «Өндірістік шығындарды стратегиялық басқарудың кешенді жүйесін жетілдіру» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап қайтты. 350 беттен тұратын ғылыми жұмыс негізінен қара алтын игеру саласында таптырмас анықтама. Су жаңа еңбегімді өңірдегі ірі мұнай компанияларына әдістеме ретінде үлестіруді көздеп отырмын, дейді ол.
-Ғылымның жолына өткесін артыңда із қалу керек. Ертең мына кітаптардың барлығын жастар оқиды. Денсаулығым көтерсе тағы да үлкен монография шығаруды көздеймін. Немерелеріме жалпы, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырсам деймін.
Көркембай ақсақал мұнай саласында жасап (КазНИПИ АҚ), қара алтын игерудің жілігін шағып, майын ішкен жанның бірі. Кейін өз білгендерін болашақ мұнайшыларға үйрету мақсатында колледж қабырғасында дәріс береді. Қария бір қызы мен екі ұлынан сегіз немере мен екі шөбере сүйіп отыр.
Қарт ұстаз әлі тың. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, күнде таза ауада жүріп, гір тасын көтереді.
Айман Оңғарбайқызы