822 ОТБАСЫНДАҒЫ 4 701 АДАМҒА КӨРСЕТІЛДІ
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» №246 Заңына сәйкес, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, шетелдіктердің және ҚР-да тұрақты туратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз немесе шартты түрінде беріледі: шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамту шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға), ал шартты ақшалай көмек -жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың міндетті қатысу шартымен оларға ай сайын және біржолғы көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Шартты ақшалай көмек тағайындау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу 1 және 2 топтағы мүгедектерге, күндізгі оқу нысанында оқитын студенттерге, 2 айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы бар адамдарға, 3 жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарды бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдарға, тұрақты жұмысы бар адамдарға міндетті шарт болып табылмайды. Отбасының әр бір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде тамақпен, гигиеналық құралдармен, ал, 6 жастан 18 жасқа дейінгілер – мектептерде тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, оқу қуралдарымен қамтамасыз етіледі. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия жинақтары берілмейді. Бірақ білім және ғылым министрлігінің басқармалары мен бөлімдері оларды мектепке қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл балалар мектепте күнделікті тегін тамақтануға құқылы болса, екіншіден, олардың қоғамдық көлікте жүру құнының 50 проценті өтеледі. Сонымен қатар балаларға мектеп формасы және мектепке қажетті құралдар беріледі (жылына бір рет). Ұл балалар пиджак, желетке, шалбар, жейде немесе водолазка және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі. Қыздарға пиджак, желетке, белдемше немесе сарафан (немесе шалбар), жейде немесе водолазка және аяқ киім беріледі. Бұл жинаққа сондай-ақ спорт костюмі мен спорт аяқ киімі кіреді. Кеңсе заттарының жинағына рюкзак, сонымен қатар дәптер, қаламсауыт, қарындаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, жоғары сыныпта оқитындарға – циркуль, ал төменгі сыныптағыларға сурет салуға арналған альбом мен бояу кіреді. 2021 жылы аудан бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 822 отбасындағы 4 701 адамға көрсетіліп, оның: — 103 отбасындағы 473 адам шартсыз ақшалай көмек; — 719 отбасындағы 4 228 адам шартты ақшалай көмек алушылар. Шартты ақшалай көмек тағайындалған отбасындағы еңбекке жарамды 305 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына, атап айтқанда: — 47 адам тұрақты жұмысқа; — 100 адам ақылы қоғамдық жұмысқа; — 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың ішінен 140 отбасына өз кәсіптерін ашу үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Ағымдағы жылдың екі айында барлығы 442 отбасындағы 2 522 адамға, оның: — 64 отбасындағы 286 адамына шартсыз ақшалай көмек; — 378 отбасындағы 2 236 адамына шартты ақшалай көмек тағайындалды. Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартты ақшалай көмек отбасында еңбекке жарамды адам болған жағдайда тағайындалады. Алты ай ішінде жұмысқа тұрудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады. Ол тұрмысы төмен отбасыға жатпайтын, көрінеу жалған ақпарат берген адамдарға, учаскелік комиссияға сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес адамдарға тағайындалмайды.Құралай Авдыпова, Байзақ аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту оралығының консультанты. |