…Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да-оқығаны.
Жүсіпбек Аймауытов 1918 ж. «Ұлтты сүю» деп аталатын еңбегінде былай депті:
«…Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елітіп отырады. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар. Олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшейуіне жұмсайды. Олардың әр адамы- мемлекеттің керегі, қызметкері…
…Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да-оқығаны.
Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, кәдірлейді, сенеді.
Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді.
Оқыған — қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша кәдірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады.
Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.
…Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек.
Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек.
Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай , бақырмай-шақырмай іс бітірген, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.
Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ.
…Оқығандар!
Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт.
Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.»
…Оқығандар!
Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт.»
P.S. Жүсiпбек Аймауытовтың бұл мақаласын архивтен алғаш рет Нуржан Куантайулы аға тауып, 2001-жылы «Жас Алаш» газетiнде жариялаған едi.
Берік Уәли ФБ парақшасынан