Өнері мен өмірі көпке үлгі

 

Туған жерінің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың аттары үнемі ел аузында жүретіні шындық. Олар қай кезде де көптің игілігі үшін жұмыс атқарып, тынымсыз тіршілікпен біте қайнасып жүреді. Елеулі істерінің арқасында халықтың ризашылығына бөленеді. Осындай еліне аянбай еңбек еткен бірқатар азаматтардың әрбірінің ел үшін жасаған жақсылықтары мен жарқын жүздері, қарапайым болмыстары кейінгі жастарға үлкен өнеге.«Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер»,- деп Әйтеке бидің елі үшін қызмет еткен азаматтарға айтқан даналық сөзі бар. Саналы ғұмырын осы сөзді санасына құйып өткізуді жөн көрген, кәсіби қызметінен бөлек туа бітті талантымен ерекшеленетін іскерлігіне өнерлілігі үйлескен асқақ тұлғалардың бірі – Шүңіреков Асылхан Мәдіханұлы.

Ол –1960 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, қазіргі Қылышбай ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Асылхан бірге туған төрт ағайынды еді. Үлкен ағасы Кеңесхан, одан кейін Айдархан – екеуі де өмірден ерте кеткен. Артында ұл — қыздары мен немерелері, шөберелері бар. Кіші інісі – Қасымхан қара шаңырақта. Оның да ұл — қыздары, немерелері бар. Бала күнінен алғырлығымен, зейінді зеректігімен, үлкеннің алдын қия кеспейтін әдептілігімен, кішіпейіл тілалғыштығымен көзге түсетін. Осы бір бойындағы ерек қасиеттері 1967 жылы Карл Маркс атындағы сегізжылдық мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап одан әрі беки түсті. Мектептегі алдыңғы қатардағы оқушылардың бірі болған бала Асылхан өнерден де құр алақан болмай шықты. Адами асыл қасиеті, әу бастағы өнерге қызығушылығы өн бойына әуелі анасының ақ сүтімен, әкесінің ұлағатымен, туған топырағының құнарымен дарыған еді.Әкесі Мәдіхан өз заманы үшін алдыңғы қатарлы қызметкер, аса білімдар азамат болатын. Ержеткен шағы зұлмат соғыс заманымен тұспа-тұс келгендіктен, еңбекке ерте араласып, тағдыр тауқыметін бір адамдай тартса да қиындықтарға мойымаған асыл ер көкірек көзі ояу, өресі биік азаматтығымен дараланатын. Өмірлік серік етіп таңдағаны, мамандық атаулының төресі – ұстаздық қызмет. Сол асыл кәсібі бойынша біраз жылдар мұғалім болса, кейінірек қарымды да қабілетті озық ойлы азамат Селолық советтің төрағасы болып қызмет атқарған. «Жазмыштан озмыш жоқ», оттай лаулап халқына қызметін адал атқарып, әлі де талай белестерді бағындыруға қажыр-қайраты молынан жетер жан ауыр дертінен айыға алмаған күйі 36 жасында бақилық болады.

 

 

Балаларының жадында мәңгілік сақталғаны – асқар таудай әкелерінің еңбекқорлығы, шаршадым деуді білмейтін қажырлылығы, бастаған ісін соңына жеткізбей қоймайтын тындырымдылығы сияқты азаматтық қасиеттері мен ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып, құлақтарына құйып отыратын ақыл-кеңесі. Ол кісі үнемі қоғамға адал еңбек етуді, ешкімнің ала жібін аттамауды, адал еңбектің наны тәтті болатындығын айтып қана қоймай, өз іс-әрекетімен де көрсетіп отыратындығымен ерекшеленетін.
Асыл жары өмірден озғанда артында төрт бірдей кішкентай балалармен қалған анасы Жамила 33 жаста ғана болатын. Кенеттен келген қазаны қабырғасы қайыспай көтеріп, бір өзі төрт баласын аман-есен жетілдіріп өсірді. Бәрін бірдей оқытып, аяққа тұрғызды. Аяулы анасының да жанына серік еткен кәсібі – мұғалімдік еді. Оны мамандық атаулының асылы десек, артық емес. Ұлы дана Абай атамыз айтып өткендей, балаға үйретуден жалықпайтын ұстаз болу – оны таңдаған адамнан сол мамандыққа сай болуды талап ететіні белгілі. Оған қоса, қоғамда әйелге артылатын жүктің ауыр екендігі мәлім. Себебі, үкіметтің жұмысымен қатар отбасының ұйытқысы болып, жалғыз өзі бала-шағасының жайын жасау, мұғалімдік қызмет пен үй шаруасын қоса алып жүру, әсіресе, күйбең тірлігі бастан асатын ауыл әйелдерінің еңбегі ерен деуге болады. Қызығы мен шыжығы мол өмірде ұстаздық және аналық қызметті ерінің беделіне нұқсан келтірместен атқарғаны бәрінің көз алдында. Асыл да ардақты мамандықты жанына серік етіп, өз бала-шағасымен қоса елдің баласын білім-ғылымға баулумен қатар, оларды тәрбиелеп, адами құндылықтарды бойына сіңіріп өсіру – анасының басты өмірлік мақсатына айналды. Ағарту саласына барлық күш-жігерін сарп етіп, 44 жыл бойы абыроймен атқарған. Оның бірден-бір дәлелі сол – 44 жылдық еңбек өтілінің 12 жылында табан аудармастан мектеп директоры болғандығын айтуға болады. Осы жылдар ішінде өте білікті ұстазға айналып, тәрбиелеген шәкірттері қоғамда өз орындарын тауып, дүниеден өз кетіктерін тауып, кірпіш болып қаланғаны тағы бар. Кәсіби қызметін мүлтіксіз атқарған анасының тағы бір қасиеті – өнерге деген ықыласы, құштарлығы ерекше еді. Ол кісі мандалинмен ән салғанда, табиғи дарынына таңдай қақпайтын жан болмайтын. Алғаш рет бала Асылханды домбыра үйірмесіне жетектеп алып барған да өзі. Үйірмеде атақты ақын, сазгер Садық Құнанбаевтың тәлімін алып, күй тартып, ән айтуды үйрене бастады. Айналасына мейірім нұрын шашып, мақсаты тек жақсылық пен игілікті істерді жүзеге асыру болған анасы 1998 жылы 68 жасында дүниеден өтті.

Осындай керемет еңбекқор, өз заманы үшін аса білімдар жандардың перзенті Асылхан – көңілі қаншалықты өнер саласына ауғанымен, 1975 жылы мектепті бітірісімен, ілім-білім әлеміне сапарын жалғастырып, сол жылы Фурманов селолық №62 кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға қабылданады. Жасөспірім мұнда да мектеп қабырғасындағы, үй ішіндегі тәлімді тәрбиесін байқатып, студенттер ішінде бірден көзге түскен, өте ізденімпаз жан болды. Жақсы үлгерімінің арқасында көп оқытушылардың көңілінен шықса, жанашыр қамқорлығы мен ақжарқын мінезінің арқасында қатарластарының сыйына бөленіп жүретін. Қоғамдық тапсырмаларды да жақсы атқарып, белсенділігін танытатын. Осылайша, білім қорын толықтырып әрі қажетті дағдыларды бойына жинай жүріп, 1978 жылы аталмыш білім мекемесін бітіріп шығады. Білімдінің күні жарық екендігін жадына мықтап түйіп өскен балаң Асылхан жоғары білім алуды көздейді. Училищеден кейін Алматыдағы Чайковский атындағы училищеге түсіп, одан кейін Консерваторияға бару еді. Ол жоспардың бұзылуына училище қабырғасында жүріп үйленіп алуы себеп болады. Сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына емтихан тапсырады. Бабы жарап тұрған жастың бағы жанып, аталған білім ордасының «инженер-механик» мамандығына оқуға түседі. Қалыптасқан әдеті бойынша білім кенін қазғылауға бар ынтасымен кірісіп, мамандық тереңіне бойлай береді. Қай жерде жүрсе де белсенділігін жоғалтпайтын жігіт мұнда да ұстаздары мен замандастарының құрмет тұтар адамына айналады. Мүлдем басқа салада кәсіп игеріп жүргеніне қарамастан, тума талант бұғып жатпайтындықтан, институттағы іс-шараларда бой көрсетіп жүретін. Ерекше өнерімен осы білім ордасында ұстаздық қызмет атқаратын Мұхтар Рахманқұловтың көзіне түседі.

 

 

Ол кісі «Алатау» халықтық ән — би ансамблінің директоры әрі трионың жетекшісі болатын. Бұл – қазақ ән өнері тарихындағы тұңғыш трио. Домбырашы, әншілер триосы болып 1974 жылы Жамбыл облыстық «Алатау» жастар-эстрадалық ансамблінің жанынан құрылған. Алғашқы құрушылар: Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов және әнші қазіргі кездегі кәсіпкер Алтынбек Бекмұратов. Күміс көмей дауысымен елге жаққан жігіт 1979 жылдан бастап аталмыш трио қатарына қабылданады. Жас жігіт Асылхан ән шырқағанда талайдың жүрегін жібітіп, елегізіп тыңдататын. Халық әндерін жанымен сүйетін ағамыздың өнері ерекше. Себебі, бойындағы таланты оның көркем образы, ішкі жан дүниесінің тылсым сезімдерін, оның жаратылыс құбылысын бейнелейтін. Оны өзге адамдардан даралайтын да осы қабілеті.
Алғаш қабылданған күнінен бастап осы трионың құрамында келеді. Арадағы аздаған үзіліс кезінде мемлекеттік қызметтерді атқарған. «Алатау» ансамблінің құрамында жүргендіктен «Алатау триосы» деп аталып жүрді. «Алатау» ансамблі тарап, 2003 жылдары қайта құрылған кезде, Тараздың 2000 жылдық тойына байланысты «Тараз» триосы болып аты өзгерді. Осы күнге дейінгі арада Пернебек Оспанов, Берік Қалиев, Дүйсенбек Өмірәлиев, Есенбек Сәтбаев, Сәтжан Таятаев сынды әншілер ән салған. Қазіргі кездегі триолардың барлығының атасы «Тараз» триосы деп айтуға болады.
Осылайша, білімі мен өнерін қатар алып жүрген жігіт 1983 жылы оқу орнын аяқтап, инженер-механик біліктілігіне ие болып шығады. Студенттік жылдарында жан-жақтылығымен көзге түскен азамат сол жылы аталған институтта кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қалдырылады. Кейінірек студенттер кәсіподағының төрағасы қызметін атқарады. Қай жерде жұмыс істесе де, еңбекқорлығымен ерекшеленетін жас маман қатарының алды бола білді және өз ойын толығымен жеткізіп, бастаған ісін міндетті түрде соңына дейін жеткізетін. Білім ордасында үш жылдай жұмыс жасаған соң, 1986 жылдың ақпан айынан бастап Талдыөзек совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Өзіндей еңбекшілердің құқығы, мүддесі үшін талмай еңбек етіп, тәжірибелік дағдылары іс жүзінде іске асып, білікті басшыға айналды. Бұл орында үш жылдай тұрақтаған Асылхан ағамыздың асқан жауаптылығын, мұқияттылығын, қоғам мүддесін қара басының қамынан жоғары қоятындығын бағалаған басшылық 1989 жылы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырады. Осы жылдар аралығында табиғи тума талантымен де ел көңілінен шыға білген азамат кейінірек аудандық мәде-
ниет бөлімінің бастығы болып сайланады. Жұмыс жасаған әрбір орында тек жақсы жағынан танылып қоймай, қателік жіберген тұстары болса, тезірек оны жоюға тырысатын басшы болды. Тумысынан ұйымдастырушылық қасиеті басым ел ағасы мықты адами қасиеттерінің, кәсіби дағдыларының арқасында көптеген белестерді жаулады. Қызмет барысында туындаған мәселелердің алдын алып, халық үшін қызмет етті. Жүрегі мейірімге толы төраға іске келгенде жауапты еді. Себебі, жақсы басшы бола біліп, өз ордасында тәртіптің сақталғанына аса мән беретін. Жұмыс жайына келгенде басшы қарамағындағы қызметкерлерді сыйлап, әрқайсысына жанашырлық көрсетіп, қолдап отыратын. Осылайша, басшылыққа да, ұжымына да жаға білген жан барлық саладағы жұмысын адал атқаратындығымен ел аузынан түспейтін. Кейіннен Мойынқұм ауданы әкімшілігінің референті қызметін атқарды. Сегіз қырлы, бір сырлы жанның өнер жолы оның жан — жақты дамып, тұлға ретінде қалыптасуына мол ықпалын тигізді. Өзінің эмоциялық тұрғыдан жетілген, өзін ұстай алатын жан екенін көрсетті. Ол сахна төрінде болсын, концерттік кештерде болсын өзін көркем образда, ғажайып кейіпінде ұстайтын. Қаншама жас ұрпақ, жалындап тұрған жас жігіттерге үлгі болды. Қызығып қараған жұрттың көз жанарының сәніндей, халықты тамсандырмай қоймайтын. Оның эстетикалық талғамы мен өзіне қоятын талаптары да ерекше еді. Көрсеткен өнері халықты тәнті қылып және қаншама мадақ сөздерге ие болды. Айта кететін болсақ, республикалық «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты атанған. Өзінің өнерімен таңдай қаққызып, жастайынан лауреат атанған. Қазіргі таңда әлі де тұғырдан түспеген ел ағасы «Тараз» триосы құрамында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында жұмыс істейді. Топ құрамында сырнайда солақай ойнайтын әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ержан Ыдырысов және әнші, сазгер, домбыра, шертер, дауылпаз секілді ұлттық аспаптарда шебер ойнайтын «Жас Қанат» байқауының дипломанты Ноян Сейділдаев бар. Бүгінде «Тараз» триосының әншілері көптеген әндерді эстрадалық бағытқа лайықтап айтып жүр. Мұның өзі заман ағымынан қалмау, халықтың талғамына сай болу мақсатынан туындаса керек.
Әншілік өнерімен қазақтың мақтанышы, дара және дана ұлы бола білген ағамыз ел шеңберінде ғана өнер көрсетіп қоймай, шет елдерде де өнерін паш еткен. Атап айтсақ, 1983 жылы Чехославакияда, 1985 жылы Болгарияда, 2005 жылы Ата заңымыздың 10 жылдығына байланысты Түркияның сегіз қаласында өнер көрсеткен. Сонымен бірге, 2013 жылы Польшаның Варшава қаласында, 2016 жылы Наурыз мерекесін тойлауға байланысты «Түрксой» халықаралық мәдени ұйымының шақыртуымен Түркияның тоғыз қаласында өнер көрсетіп келді. Қазақ халқының әнін, өнерін әлемге жария етті. Осындай қызметімен қазақ мәдениетінің ішіндегі ән өнерінің жандануына өзіндік бір үлес қосып, қаншама жұрттың алғысын алып, үлкендердің батасына кенеліп, төл өнеріміздің дамуына өзіндік үлес қосуда. Консерваторияда сабақ бермесе де, біршама жұлдызды шәкірттері де бар екендігін көпшілігі біле бермейді. Қазақ эстрадасының жарқын тұлғасы, «Бозторғай» әнші Мейрамбек Беспаевтың алғашқы ұстазы екендігін мақтанышпен айта кетуге болады.
Бүгінде алпыстың асқарына шығып, әлі де халық игілігіне қызмет етіп жүрген Асылхан Мәдіханұлының алған марапаттарының өзі бір төбе. Тізбелей кетсек, 1984 жылы Халықаралық Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына байланысты Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің «Алғыс Хатын» алса, 1980-1987жж. үш мәрте Мәскеуде өткен Қазақ ССР-інің мәдени күндерінде өнер көрсетіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1987 жылғы 2-ші қарашадағы үкімі бойынша «Қазақ ССР Жоғарғы Кенесінің Грамотасын» иеленді. 2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің «Алғыс Хатына», 2004 жылы «Құрмет Грамотасына» ие болды. 2011 жылыЖамбыл облысы әкімдігінің «Алғыс хатын» тағы бір мәрте алып, көптің көз мақтанышына айналды.

Жастық жігерін, бар қажыр-қайратын халқына қызмет етуге арнаған жанның еңбегі елеусіз қалмайтындығы белгілі. Марапаттары қатарындағы ең шоқтығы биік дәрежеге жеткізген сый-құрметтің бірі – 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленуі еді. Құрметке әбден лайық тұлғаның бұл жетістікке шынайы маңдай тер мен ерен еңбегінің арқасында қол жеткізгеніне ешкімнің күмәні болмағандықтан, барша жұрт қуанып, мерейі шалқи түсті. Келесі жыл да жетістігімен қуантып, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі «Құрмет Грамотасы»табысталды. Кәсіби қызметі аясында ғана тер төгумен шектелмеген абзал азамат аймақтың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласатындықтан, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Құрмет Грамотасын» алды. Сондай-ақ, 2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі кеудесіне тағылып, марапаттар қатары толыға берді. Елін сүйген ерді халқы да құрметтеп, 2019 жылы Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы» деген атаққа ие болды. 2020 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. Марапаттар қоржынының әлі де молая беретініне сеніміміз кәміл.
Қызметінде осындай белестерді бағындыра білген ардақты азамат – отбасында адал жар, асқар тау әке. Жұбайы Жұмакүл Қырғызбайқызымен отау құрғандарына 43 жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында отағасын қолдап, қаншама жетістікке жетуіне себепкер бола білген зайыбы екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, жетілдіріп, олардың өмірден өз орындарын табуына себепші бола білді. Ұлы Ғани мен келіні Айнұрдан: Дана, Бауыржан, Санжар, Әмір есімді немерелер сүйіп отырған жайы бар. Қызы Қарлығаш пен күйеубаласы Ержаннан: Айзере, Сара, Айсана есімді жиен немерелердің қызығын қызықтауда. Талай белестерді бағындырған Асылхан Мәдіханұлы бар мақтауға лайық тұлға. Елі үшін өмір бойы қызмет атқарып келе жатқан жанға халқы да мәңгі мадақ айтатын болмақ. Өмірдің қиын тұсында жарық таба білген батыр ағаға тек жақсылықтың жаршысы болып, бейбіт күнде атағы шыға беруіне тілектеспіз.