Қадыр түні
Аз ғана, ғұмырын құлшылықпен өткізген, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған адамдар үшін ең қасиетті түн — Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Яғни, бір адамның сексен бір жылға тең сауабы болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. Бұл айды аман- сау шығарып салдық, осы айды ең соңғы рет қоштасу ретінде тағы көріп қалайық. Сол себепті Қадір түнін енді көремін бе, көрмеймін бе дегендей, өте бір мұқияттылықпен өткізген. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні Рамазан айының 27- ші түні дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені нақты белгісіз, бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқаған. Ислам ғалымдарының көз-қарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе 27-ші түніне сәйкес келеді. Олардың айтуынша, Қадір түнінің нақты датасының белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар Рамазан айының тек сол түнімен ғана шектелмей, соңғы он күнді түгелдей құлшылықпен өткізсін дегенінде де, болуы мүмкін. Себебі, Алла елшісінің өзі соңғы он түннің бәрін де құлшылықпен өткерген екен. Бұл туралы Айша анамыз: «Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с.) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін де оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан».
Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан: «Уа, Аллахтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», — деп сұрағанда. Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа, Аллаһум! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре көр!)- деп дұға ету керектігін үйреткен. Қазақтың дін ғалымдары кейбір мұсылмандардың Қадір түнінде Қыдыр атаны күтеміз деуінен ешқандай діни негіз қарастырмайды. Діндарлар бұл түнде шынымен біреуді күтіп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарды, құлшылықтарды жасап, игі тілек тілеп, сауап үмітімен өткізген дұрыс деп есептейді. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып, не болмаса теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ, жеткілікті деп есептейді. Бұл дұрыс емес. Ең бастысы, мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде- кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өтке-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген. Түннің Қадір түні деп аталуын ислам ғұламалары бұл түнде, Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық- несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын, сол секілді тағы басқаларын жазатындығымен байланыстырады.
Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Шын мәнінде Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады деген» Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», — деген. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады»,- деген. Ендеше Қадір түні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Қадір түнін күтудегі негізгі мақсат — айдың соңғы тууын көру деген сөз. Ол жиырма жетінші немесе жиырма алтыншы түн бе нақты белгісіз. Нақты сол күні айдың тууын көре алмай қалуы мүмкін сондықтан екі үш күн бұрын айдың тууын қарап отыру кажет. Себебі, ай тәулігіне кейде сағаттап кеш туатын күндері болады.
Ертеде экваторға жақын орналасқан халықтар, әсіресе мұсылмандар ауа райының ыстықтығына байланысты, жұмыстың басым көпшілігін айдың жарығымен түнде атқарған. Айдың алғаш тууын көргенде, оған қарап тағзым етіп: «Ай көрдім, аман көрдім, Баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, Жаңа айда жарылқа!», — деп, айға табынған. Ал, соңғы тууын көргенде келер ай- дан үміт күткен. Айдың соңғы тууын түні бойы күзетіп, өз көзімен көруге ын- талы болған. Ұстаған оразаларыңыз қабыл бо- лып, қайыры мол берекелі Қадір түнін игілікпен қарсы алуды нәсіп етсін ағайын!
Сәбен ӘЛІМОВ,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Ұлытау ауданы. Мибұлақ ауылы.
Baq.kz