88 жобаға қолдау білдірілді

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданындағы кәсіпкерлер өңір басшысы Жансейіт Түймебаевқа дән риза. Өйткені, облыс тізгінін Жансейіт Қансейітұлы ұстағалы кәсіпкерлерге оң көзқарас арта түскен. Тіпті, өңір басшысы аталмыш ауданға арнайы іссапармен барып, кәсіпкерлермен бетпе-бет жүздесіп, олардың атқарып отырған шаруаларымен тікелей танысты. Әрі жұмыстарының жай-күйін сұрап, алдағы жоспарларының бағытын білді. Сөйтіп өзі де кәсіпкерлерге кеңес беріп, әкімшілік жағынан қолдау жасауға ықпал ететінін жеткізді. Бұл сөзді әкімнің өз аузынан естіген іскер азаматтар қуанып қалған. Облыс әкімі Ж.Қансейітұлы да айтқан уәдесінде тұрып, түрлі қаржылық ұйымдарға несие жағынан қаржылық қолдауды арттыруға тапсырма берді.

Нәтижесінде үстіміздегі жылы 6 ай ішінде Бәйдібек ауданында шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 88 жобаға 418,5 миллион теңге несие беріліп, 118 жұмыс орны ашылған. Мұнан соң кәсіпкерлердің жұмыс қарқынының артқанын байқаған өзге шаруалар да шағын және орта бизнес ашуға құлшыныс танытты. Сөйтіп, биылғы жылы тұрғындарының саны аздығына қарамастан, ауданда шағын және орта кәсіпкерлер қатары 3 425-ке бір-ақ жетті.

Ал Бәйдібек ауданындағы кәсіпкерлер мен шаруаларға қаржылай қолдау білдіргендер – «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры, «Бәйдібек несие» жауапкершілігі серіктестігі, «Ырыс» шағын несие ұйымы, «Максимум» АИО.

Енді бәйдібектік кәсіпкерлерге тек сәттілік тілейік!

С.САЙЛАУ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.