Ораза айтта әр мұсылман атқаруы тиіс 6 амал

1. Үлкен мереке етіп тойлау. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен. Бізге жеткен салих дереккөздерге қарағанда, Исламға дейін Мəдина халқы əрбір жылы екі күн ұлан-асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» — деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Жаһилиет дəуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз»,— деп жауап беретін. Бұны естіген Хақ Елшісі (с.а.у.): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті»,— деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары отыз күнгі оразадан кейінгі Ораза айт мерекесі деп біледі. Осылайша, Алла Елшісінің (с.а.у.) бастамасымен ескінің сарқыншағы жаңа илаһи екі мерекемен алмастырылған болатын. 

Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. «Ъада» сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – «иъадат», яғни «хал сұрасу», «бiр-бiрiн қуанту», «қуанышқа топталу». Демек, айт сөзiн «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.

2. Әдемі киіну. 

Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда, Алла Елшісі (с.а.у.) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі (с.а.у.) бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайымыз мүмкіндігіне қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», — дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мұстахаб (амалдардың абзалы) екенін айтады.

3. Ораза айт намазын оқу. 

Ханафия мазхабының ғұламалары “Кәусар” сүресіндегі «Фасалли ли Раббикәні…» (Сондықтан айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай біздің мазхабымызда Ораза айтының намазын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ал, Шафийлер мен Маликилерде сүннет муәккада (уәжіпке жақын сүннет), Ханбалияда парыз кифая (ешкім қылмаса, барлығына күнә жазылады) болып табылады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде (кераһат уақытының шығуы, яғни күн шыққаннан кейін қырық бес минут өткен соң) мешіттерде оқылады. 

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді».

Айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.

3. Айналамызға жылы шырай таныту. 

Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жү-зiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiн-деттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

4. Айттау.  

Мұхаммедтің (с.а.у) үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Десек те, Ислам тарихында да айт мерекесіне дастархан жаю үлгісі бұрын да болған. 

990-991 жылдары Бағдат қаласында ораза айт мереке-сіне арналып ұзындығы 150 метр дастарқан жайылып, тәттi тағамдармен толтырылып, халыққа ұсынылған.

Ал, Аббасилер Х ғасырда Ислам мерекелерiн насихаттау үшiн, әсiресе Византияға көршiлес Тарсус және Аусым секiлдi қалаларда ислами мейрамдарды өте жоғарғы деңгейде өткiзiп отырған.

Фатимиттер айтты «йд әл-Хуләл», яғни «киiм мерекесi» деп атайтын. Өйткенi халифа жұртты мерекемен құттықтау үшiн сарайдан мешiтке дейiн әдемi киiнген сарай нөкерлерiн жолдың екi жағына тұрғызып, өзi тамаша киiнiп, жолмен жаяу баратын болған. Халифаның артында тамаша керуен, онда безендiрiлген пiл, оның үстiнде бiр сарбаз отыратын.

Халифа Әзиз Билләһтің (976-996) кезiнде «Дар әл-Фитра» деп аталатын тек тәттi тағамдар жасайтын асхананы ережеп айының ортасынан бастап iске қостыратын. Ол асхана ораза iшiнде ауызашарға көптеген тапсырыстар орындайтын. Айт намазынан кейiн халифа үлкен дастарқан жайып қонақ күтетiн. Ол қонаққа Каирдағы басқа дiн өкiлдерi де шақырылатын.

Мұсылманшылығы өркен-деген бүгінгі Түркия елінде «шекер» дейтiн тәттi тағам ораза айтқа арналып дайындалады екен. Сондықтан да Рамазан айт мерекесiн олар тағамның атымен «шекер байрам» деп те атап кеткен.

Қазақ елі де өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастарқан жаяды. Ата-бабамыз ысырапқа бармай айттап келушi қонақтарға құрмет көрсетуді мұсылмандық іс деп білген. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ең маңызды қасиеті. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн», – дейді. Тағы бiр хадисінде дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ екенін айтып өткен. Ал, халқымыз «Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың», – деген даналық сөз қалдырған.

5. Жақсылық жасау. 

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағ-дайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-анала-рыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыс-тығы бар көршi), бөгде көр-шiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақ-сылық жасаңдар», – дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды», – деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.

Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді.

Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мей-рамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады», – деп ортаншы және сұқ саусақтарын көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. «Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман Алла тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты. Немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi», – дейді Алла елшісі (с.а.у.).

6. Пітір садақасын беру. 

Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде берілуі уәжiп етілдi», – дейді (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiн-шi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Хадиша Ермекқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған