Отбасы бақыты – қашанда Отан құндылығы

«Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Жылдар бойғы жиған тәжірибесін, ғасырлардан алған ғибратын екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеп үйренген данышпан халқымыздың осы бір сөзінде батпандай ауыр салмақ, бай мағына жатқандай. Отан деген қастерлі ұғым адам санасына ең алдымен отбасы аясында орнықпаса, ертеңгі күні елдің туын көтеретін азаматтардың шықпайтынын ата-бабамыз әу бастан-ақ білген. Сол себепті де «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, бала тәрбиесін басты орынға шығарған, отбасы құндылықтарын ерекше құрметтеген.


Осындай құндылықтарды жоғары қойып, аналарға қолдау көрсетіп келе жатқан, Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында бүгін «Бақытты отбасы» орталығының қолдауымен «Көрпе FEST-2022» мегафестивалі ашылды.
Салтанатты жиынға талай аналар мен ару қыздарымызға үлгі-өнеге болып жүрген, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы барып қатысты.
Онда қолөнер шеберлерінің ұлттық нақышта жасаған бұйымдары қойылды.
Осы салтанатта Вице-премьер Ералы Тоғжанов қаладағы көпбалалы аналарды, жұмыссыз жүрген және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды, жалғыз басты аналарды қолдау мақсатында ашылған орталықты республикамыздың әр түкпірінде аша отырып, болашақта орталықтың деңгейін қазақтың тұрмыстық қолданыстағы қасиетті қол өнерін, төл мәдениетін зерттейтін, дамытатын ғылыми-әдістемелік орталыққа айналдыру арманының бар екенін айтты.
Міне, бұл тек бір адамның ғана емес бүтін бір отабсының, бүкіл нәзікжандылардың ертеңі үшін алға қойған айқын мақсат десек те болады.
Расында бір отбасы бүлінсе, қоғам бірлігіне бір сызат түсірерін терең түсінген халқымыз ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Ата-анасын қартайғанда қараусыз қалдырмаған, қара шаңырақтың иесі деп кенже баласын жастайынан осыған тәрбиелеуі де халқымыздың бір көрегендігі.
Бала бойында елі мен жеріне деген сүйспеншіліктің, өз халқының салт-дәстүріне деген құрметтің, ата-анасына, айналасына жақсылық жасау, тағы да басқа саналуан әдепті де ізгі қасиеттердің қалыптасатын алғашқы орны отбасы екенін білгендіктен де халқымыз отбасы тәрбиесіне аса мән берген. Өйткені, отбасы бақыты – қашанда Отан құндылығы.
Тіршіліктің күре тамырын жал­ғастырушы, өмірдің өзегі ардақты аналарымыз деп жатамыз.
Мемлекет тарапынан халықты әлеу­меттік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге біржолғы жәрдем­ақы, күтіміне байланысты ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемнің көлемі бала санына қарай өсіп отырады.
Міне, жан-жақты қолдаудың нәтижесінде және бақытты отбасы орталығының отбасылық құндылықтары дәріптеліп, жанұядағы жарасымдылықты арттыра түсетін іс-шаралар арқасында қаншама жас отбасылар бірліктерін бекемдеп, бағыттарынан жаңылмайтын болады!
Отан отбасынан басталады демекші, осындай бақытты отбасылар көбейген сайын Отанымыз да көркейе түсері сөзсіз.
Алла Тағала еліміздегі әр шаңыраққа бақыт-береке сыйлап, Отанымызды гүлдендіре бергей! Әмин!

Дариха Үмбетиярова, Тараз қаласы