93 нысанда бұзушылықтар анықталды
Мемлекет қаржысын тиімді пайдаланып, шашау шығармай іске асыру – әрбір мекеменің басты міндеті. Ал оны қадағалау біздің департаменттің негізгі жұмысы. Биыл департаментіміздің тарапынан облыс бойынша 100 нысан аудиторлық іс-шарамен қамтылды. Оның ішінде тізім бойынша – 26, жоспардан тыс – 74 мекеме. Мұның ішінде 3-еуі комитеттің тапсырмасы бойынша, 64-і заңды және жеке тұлғалардың үндеуімен және 7-і құқық қорғау тапсырмасы бойынша тексерілді.
Аудиторлық іс-шаралар нәтижесі бойынша 93 нысанда жалпы сомасы 34 834,7 миллион теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 3992,4 миллион теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 30842,3 миллион теңгеге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар бар. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары бұзылып, жалпы сомасы 16 275,5 миллион теңгеге бұзушылықтар орын алған.
Бюджетке қайтарылып, қалпына келтірілуге тиіс 3 992,4 миллион теңгеден қолданылған шаралар арқылы 3 028,6 миллион теңгенің орны толып, ол 75,8 пайызды құрады.
Жүргізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 85 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды, 25-іне 7,2 миллион теңге өндірілді. Яғни, келтірілген материалдық шығын 100 пайыз қалпына келді.
Жүргізілген аудит материалдарының жалпы сомасы 1 050 миллион теңгені құрайтын 7 материал құқық қорғау органдарына берілді.
Марат ЕГЕМБЕРДИЕВ,
облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы.