Бас Прокуратура интернеттен келетін қауіп-қатерден сақтандырады

ҚР Бас прокуратурасы кезекті рет қазақстандықтарды әлеуметтік желілер арқылы жарияланатын тыйым салынған ақпараттардың қауіп-қатерінен сақтандырады.

Бас прокуратура мәліметінше, қазіргі кезде интернет желісін экстремистер мен террористер өз идеологияларын тарату үшін белсенді түрде пайдаланады.

«Әлеуметтік желілердің қолданушылары көбейген сайын әлем бойынша ауқымды сипат алған экстремистік және террористік идеологияның таралуы да кең етек жайып барады. Бүгінде Қазақстанның көп азаматтары шетелден таралатын діни экстремизм мен терроризм идеологиясымен интернет арқылы уланады. Террористік ұйымдар күн сайын өз қатарын көбейту үшін интернет желілерінде жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде олардың мақсаты әлемдегі тұрақтылықты бұзуға бағытталады» делінген хабарламада.

Айта кетсек, соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда мыңдаған сайт контенттері заңсыз деп танылды. Барлығы 100 мыңға жуық ресурс сүзгіден өтті.

Дереккөзі: E-ISlAM