Көрме тарихындағы тәжірибелі Түркия «ЭКСПО-2017» қонақтарына не ұсынбақ?

    Түркия – 1851 жылы Лондонда өткен алғашқы ЕХРО көрмесіне қатысқан ел. Осман Империясы тұсында 17 рет, Түркия Республикасы ретінде 17 рет халықаралық көрмеге қатысқан бауырлас мемлекеттің бұл салада тәжірибесі мол. Олардың жаһандық көрмеде 35-ші рет төбе көрсетуі жөнінде 2016 жылдың 5 тамызында шешім қабылданып, Түркия Республикасының экономика министрлігі  мен «Astana EXPO-2017» Әкімшілігі арасында қол қойылған хаттамамен ресми түрде бекітілген болатын.

    «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, басталуына санаулы ғана күн қалған «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Түркия павильоны жақында ғана журналистер қауымына таныстырылып, алдын ала түрлі мәліметке қол жеткізе алдық. Анадолы елінің эконмика вице-министрі Фатих Метиннің сөзіне сүйенсек, 2015 жылы Миланда өткен көрмедегі түрік павильонының жалпы аумағы 4000 шаршы метрді құрап, оны тамашалауға 5 миллион адам келген. Ал, былтыр ғана өз жерінде өткен әлемдік деңгейдегі ауқымды шара «World Botanic EXPO-2016» мамандандырылған көрмесінде төрт ай ішінде 4,5 миллионнан астам адам қонақ болған, тіпті, келушілер саны тәулігіне 70 мың адамнан асып кеткен деседі.

      Ал, биылғы көрмеде тәжірибелі түрік бауырларымыз елордамызда өтетін көрмеде қонақтарға не ұсынбақ деген сұраққа келер болсақ, Түркия павильонының әрбір бөлігі  өз ғұрпына сай безендіріліп, қонақ қабылдауға толықтай дайын. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын оның жанында Әзербайжан, Иордания мен Таиланд мемлекеттерінің де павильондары орналасқанын айта кетейік.

-Түркия екі бірдей алып құрлық, Еуропа мен Азияны қосып тұрған алтын көпір ретінде ең алдымен жаһандық энергия көздерін әділ бөлісуге көпшілікті шақырады. Бейбіт өмірді бейнелейтін павильонымызға Миланда өткен көрмедегі тәжірибемізді пайдаландық. Алаңдағы барлық материал Түркияда өндірілген, Астанада құрастырылған. «Болашақ энергиясы» деген ұранмен өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне «Тұрақты энергетика жолындағы Ғаламдық өзара әрекеттестік» тақырыбында тұжырымдамасын ұсына отырып, баршаңызды Түркия мемлекетінің мәдениеті, төл тарихы, өнері мен ғылым саласын тамашалауға шақырамыз,-деді павильонды таныстыру рәсімінде «Astana EXPO-2017» көрмесіндегі Түркия комиссары Тарык Сонмез.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

Сурет: egemen.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған