97-ші наурызды қарсы алған Қабыл қария

Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері, 97 жастағы Ібіжанов Қабыл қарияны Ұлыстың Ұлы күні — Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап барды.

Соғыстың соңғы сарысулық қос сарбазының бірін құттықтауға Марат Қырғызәліұлымен бірге, ауданның «Құрметті азаматы» Басие Әбдірахманов пен аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев те ілесті.

«Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деген. Бүгінде ғасыр жасаған ақсақал кіндігінен тараған 8 ұл-қыздан 35 немере, 27 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.

Небір зұлмат заманды бастан өткерген Қабыл қарияның жүрісі де шапшаң, қимылы да ширақ. Өткен өмірін де біркісідей сабақтап бере алады. Осы орайда аудан әкімі Қабыл қарияның шаңырағында отырып, күні кеше ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Ілия Жақановқа хабарласып, мерейлі мерекемен барша сарысулықтардың атынан құттықтау үшін тұтқаны ақсақалдарға беріп, басқосудың мән-маңызын аша түсті.

Ібіжанов Қабыл — 1926 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1935-1942 жылдары Сталин колхозындағы мектепте білім алып, «Шилі» колхозында жұмысшы болып орналасқан.

1944 жылы әскер қатарына алынған. Румыния, Болгария, Эстония, Архангельск қалаларындағы ұрыстарға қатысқан. «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» орденімен, «Маршал Г.Жуков» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін 1950-1952 жылдары елге оралып, аудандық шикізат дайындау мекемесінде статист, 1952-1966 жылдары аудандық тұтыну одағы мекемесінде есепші, ревизор, 1967-1982 жылдары аудандық жұмыспен қамту мекемесінде инспектор қызметтерін атқарған. 1986 жылы еңбек демалысына шыққан.

 

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі