Д.Абаев: Алдағы 3 жылда 5 млн адам сапалы интернетке қол жеткізеді

 Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың халықпен есептік кездесуі өтті. 

“Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасының тапсырмасымен былтыр мамыр айында құрылды. Мемлекет басшысы жаңа ведомствоға ақпараттық кеңістікті нығайту, отандық масс-медианың деңгейін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясат пен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сонымен қатар цифрландыруды алға жылжытып, байланыс сапасын жақсартуды тапсырды”,- деді министр. 

Баяндама барысында Дәурен Абаев бұл мәселелер Елбасы Жолдауында да жан-жақты қамтылғанын айтты.

«Коммуникациялық инфрақұрылым – өте өзекті мәселе. Министрлік құрылған кезде Елбасы айтқан міндеттердің бірі де осы коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту болатын. Биылғы Жолдауында да оптикалық-талшықты инфрақұрылыммен жаппай қамтуды тапсырды. Жалпы, цифрлық индустрияны құру үшін, ең бірінші, халықты интернетпен қамтамасыз ету қажет екені анық. қазір ауылдардың көпшілігінде интернет байланысы бар. Бірақ, оның сапасы сын көтермейтінін жақсы білеміз. Сондықтан қазір «Ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін құру» жобасын жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз”, деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, осы жоба сәтті жүзеге асырылса, алдағы үш жылда 1900 ауылға желі тартылып, 5 миллионға жуық адам сапалы интернетке қол жеткізбек.  

Гүлнұр Қуанышбекқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған