Ерлан Рысқали: «Күйіс» қайтарып отырып, ән тыңдайтын жерге бармаймын

Жаһандану кезінде даңғаза музыкаға өрескел билейтіндер мен дақпырған асабаның қарасын қазір қазақ тойынан көретін болдық. Әнінің сазы, сөзінің мәні жоқ той әншілерін құрметтеп, жұлдыз қылдық. Мына түрімізбен, ертең қазақы болмысқа үндесетін ұлттық әуендерді наурыз секілді мереке қарсаңында ғана еске алатын уақыт та алыс емес деген ой келеді. Неге дейсіз бе?.. Кешегі жас өнерпаз Димашымызды Қытай халқы мойындады. Талантына бас игендер ғаламшарға жерлесіміздің есімін беріп, «нағыз жұлдыз» деп атағанымен, өз арамызда «оны тыңдамаймын, мойындамаймын» деп жүргендер бар. Өйткені ол «той әншісі» емес. Осыдан-ақ біз өнерді алалап, өреміздің тарлығын көрсетіп қойдық. Аузын ашып «әу» дегенді әнші қылып,  кей ата-аналар бесіктен белі шықпаған кішкентай балаларын тойға шығарып, ақшаға құнықтыруды үйретіп жатқандай…

…Бүгінде біз кең диапазонды талап ететін қазақ әндерінің орындаушыларын екінші сатыға қойдық. Жә, ол былай тұрсын, қазір дәстүрлі әнді  ескінің көзі деп қана қараймыз. Оны дәріптеп жатқан кім бар? Орындаушыларын кім насихаттап жатыр? Бірлі-жарым отандық арналардың жылт еткізіп көрсететіні болмаса, ұлттық классикалық музыканы тыңдаушылар саны да сиреп кетті. Құлақтың құрышын қандырып, даланың табиғатымен үндесіп жатқан дәстүрлі ән мен оның орындаушыларына  неге сахнаның төрін босатпайтындай жағдай жасап қоймаймыз?.. Жо-ооқ, олай ете алмаймыз. Себебі біздің санамызды той әншілері хит әндерімен «рухани жаңғыртып» тұрады. Қалай болғанда да, қандай жағдай болмасын дәстүрлі әндердің нағыз өнерпаздарының  өнерін біз емес, өзге ел бағалайды. Солардың бірі де бірегейі күні кеше ғана Италияның төрінде  өнер көрсетіп қайтқан, есімі елге белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалимен осы өнер төңірегінде  әңгімелескен шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

b9851735-d447-470d-a649-7ea85bb35d13_cx0_cy1_cw94_w1023_r1_s

— Ерлан аға, жақында ғана Италияға гастрольмен барып қайтқаныңызды естідік. Осы сапарыңыз бен алған әсеріңіз жайлы тарқатып айтсаңыз…

— Иә, жақында Италияға жол түскен еді. Бұл менің екінші мәрте баруым. Гастрольдің екеуін де өзім қызмет ететін «Қазақконцерт» бірлестігі ұйымдастырды. 2016 жылдың күзінде Милан мен Римде болудың сәті түсті. Енді міне, Алланың әмірімен Лекко мен Эзино-Лариода қалаларында болып қайттық. Гастроліміз өте жоғары деңгейде өтті. Бізге Италия халқы, келген көрермен концертімізге асқан ризашылықтарын білдірді. Екі концертімізде де зал лық толы болды. Елдің өнерге деген құрметі керемет қой…

Біздің әрбір әнімізге, күйімізге, биімізге ерекше қошемет көрсетіп, ықылас танытып жатты. Әр орындаған номердің соңында тік тұрып, құрмет білдірді. Кез келген ел өнерді бұлай бағалай бермейді. Италия халқының бір ерекшелігі — өнерді алаламайды. Мейлі, сен басқа ұлттың өкілі бол, не опера саласының әншісі бол, тіпті өз ұлтыңның ұлттық классикасын айтсаң да, немесе эстрада саласында өнер көрсетсең де, оларды бірінші кезекте сенің талантың, сапаң қызықтырады. Сапалы өнерді ғана жылы қабылдайды, қошеметтейді, төбесіне
көтереді. Арзан дүние мен жылтыраққа алданбайтын халық екендігіне көзім жетті. Жалпы, екі концерттің екеуінде де халықтың көңілінен шықтық. Сол концертке біздің «Қазақконцерт» ұжымынан барған өнерпаздар, атап айтқанда, бүгінгі таңдағы құдіретті күйшіміз, композитор Секен Тұрысбек ағамыз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі, өзім жақсы көретін, баритонның падишасы Азамат Жылтыркөзов деген бауырымыз, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Гүлмира Тапай, Айзада Қапонова сынды әнші қыздарымыз бен «Қазақконцерттің» этнографиялық-фольклорлық ансамблі және бишілер тобы да өнер көрсетті. Алған әсерімізді айтуға енді тіл жетпейді.

1454578_1434142093467002_998201587_n

— Сапар дегеннен шығады, жеңіл ән болса да, қазір той әншілерінің наны жүріп тұрған кез. Өзіңізде гастроль жайы қалай?

— Құдайға шүкір, жеке басымда гастрольдік сапар өте көп. Көбіне арнайы шақыртулармен еліміздің түкпір-түкпіріне барып ән салып жүрмін. Мемлекеттік маңызы бар іс-шараларға жиі қатысамын. Ара-тұра тойға баратыным бар. Онда да көп шыға қоймаймын. Өйткені көп жағдайда мені концерттерге шақырады. Мен содан босамаймын. Шынын айтқанда, бүгінгі таңдағы тойға мүлде көңілім толмайды. Неге десеңіз, бұрын «той — халықтың қазынасы» дейтін едік қой… Өкінішке орай, қазір бұл жын-ойнақтың ордасы болып кетті. Ол жерде арақ-шарабын ішіп, тамағын жеп, былайша айтқанда, «күйіс» қайырып отырып әнді, өнеріңді бағалайды, өнерді нағыз қадірлейтін адам табыла бермейді. Сондықтан мен одан қашқақтаймын. Негізі бұл ұлт, мемлекет болып қолға алатын дүние. Мұнымен күресуіміз керек! Шын мәнісінде бұрын бабаларымыз тойға барғанда рухани байып, жаңғырып қайтуға ниет етіп баратын болған. Дәл бүгінгідей ішіп-жеу үшін барып, бір-біріне өтірік амандасып, хал сұрасу үшін емес. Тойды баяғы бабаларымыздың жолына алып қайтуымыз керек. Концерттерім жиі болғандықтан, тойға таңдап қана шығамын. Кез келгеніне бара бермеймін. Бірақ қазақы тамырынан ажырамаған, салт-дәстүрді қадірлейтін, ұлттық өнердің парқын білетін ортадан қалмаймын. Ағайынтуысқандардың тойынан міндетті түрде төбе көрсетемін.

— Қызыңыздың мәнерлеп сырғанаудан жарыстарға қатысып жүргенін білеміз. Мұз айдынында өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Спорттың бұл түріне келуіне кім себепші болды? Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

— Жалпы біз, Жадикон екеуіміз, Жадикон деп отырғаным — менің келіншегім. Осы қызымызды титтейінен 3-4 жасынан бастап, түрлі үйірмелерге апардық. Оның ішінде шахмат, математика, каратэ, көркемдік гимнастика, жүзу — бәрі бар енді. Соның ішінде қызымыздың өзінің ұнатқаны осы мәнерлеп сырғанау болды. Бір байқағанымыз — қызымыздың кез келген дүниеге икемінің барлығы. Осы уақытқа дейін барған үйірмесінің ұстаздары біздің қызымызды керемет мақтайтын. Сондықтан өзіміз де қызымыздың болашағынан зор үміт күтеміз. Соның жолында барымызды салып, қызмет етеміз. Мәнерлеп сырғанау өзінің қалауы болғандықтан, қызымызға еркіндікті бердік. Таңдау өзіне бұйырды. Жалпы, біздің отбасымызда қыздарым да, ұлым да өнерге жақын. Аллаға шүкір, талантты, талапты балалар өсіп келе жатыр. Ең бастысы, тіл-көзден аман болсын!

rn8a6673

— Эстрадалық әндерді орындауға қалай қарайсыз? Дәстүрлі әннің дәріптелуінде алға жылжу бар ма?

— Жалпы, эстрадамен ән айтуға қарсы емеспін. Егер реті келіп жатса, көңілден шығатын ән өңдеуші (оранжировщик) болып жатса, неге айтпасқа? Айтуға болады. Бірақ, түптеп келгенде, оны жаным қаламайды. Өйткені менің жанымның қалауы, тамырымдағы жүгірген қан, кеудемдегі соққан жүрек, қазақтың ұлттық классикалық әні деп соғады. Одан басқасына мойын бұрғым келмейді. Бүгінде оркестрмен ән айтып жүрмін, бірлі-жарым жарыстарда эстрадалық бағытта да айттым. Айта беремін. Маған оның түк қиындығы жоқ. Бірақ домбырамды тастамаймын. Ұлттық өнердің дамуы мен насихатталуына келер болсақ, Аллаға шүкір, жаман деп айта алмаймын. «Қазақстан», «Хабар», «Алматы» телеарналарында ұлттық өнерді насихаттайтын бағдарламалар бар. «Қазақ радиосы» мен «Шалқар радиосының», «Айқын», «Алаш айнасы», «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Жұлдыздар отбасы» секілді басылымдар ара-тұра көңіл бөліп, біздің өнерпаздарды дәріптеп жатады. Міне, осы аталғандардан басқасы жұмған аузын ашпайды, осы жағын қолға алу керек деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, концерттер болсын, мемлекеттік ісшаралар болсын, біздің әнімізге де, ұлттық күйімізге де көңіл бөлінбей қалған емес. Әсіресе «Астана күні» қарсаңында біздің ұлттық өнер керемет салтанат құрады. Оны ауызбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ осы елдің, жердің қазақтыкі екенін ескеретін болсақ, бұл дәріптелу, насихатталу теңізге құйған тамшыдай ғана…

— Сіздің есіміңіз дәстүрлі әннің жілігін шағып, майын ішіп жүрген Еркін Шүкіманмен бірге аталады. Қазір диапазонды көрсететін әндердің өзін эстраданың нақышына салып жүрген әншілер көбейді. Әйтсе де, қазақы әндердің қаймағын бұзбай орындап жүрген өздеріңізге өнерді сүйетін мына халық риза. Ерлан аға, осы өнер саласында өзіңіз кімді үлгі тұтасыз?

— Үлгі тұтатын өнерпаздар көп. Кез келген әншіден өзіме керек дүниені ала білемін. Жас, кәрі деп бөлежармаймын. Өзім қатты жақсы көріп, құрметтеп, бағалайтыным ең әуелі Әміре атамыз. Одан кейін Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, Санақ Әбеуов сынды тұлғалар. Олардың қатарында өзімнің ұстазым Бекболат Тілеухан ағамыз да бар. Менің әншіліктегі алтын діңгегім осылар. Өйткені мен үшін бұл кісілерден асқан әнші жоқ!

— Сіздің ән айтудан бөлек, сөзге шешен екеніңізді жақсы білеміз. Егер қолыңызға билік берсе, ең алдымен нені өзгертер едіңіз?

— Егер қолымда билік болса, ең алдымен тәрбие, білім, дін, салт-дәстүрімізге көңіл бөліп, соның жолында қызмет ету керек деп үкім шығаратын едім. Кімде-кім осы үкіміме қарсы келсе, яғни тәрбиеге, білімге, дін мен ата дәстүрге қайшы келетін қылықтар жасап, салғырттық танытатын болса, мен ондай адамға жазаның қатал түрін қолданатын едім. Неге? Өйткені, өкінішке орай, қазір бізде тәрбие жоқ. Біліміміз шала, дініміз анау дүдәмал, дәстүріміз әне, тоз-тозы шықты. Сондықтан осы саланы қолға алып, жетілдіруіміз керек. Сонда ғана біз қазақ болып қаламыз. Билік қолымда болса, барлық істі алдымен осы дүниеден бастайтын едім. Өйткені тәрбиесіз, білімсіз, дінсіз, ділсіз, дәстүрсіз жалғыз қазақ емес, кез келген ұлттың алға жылжуы және ұлт болып қалуы мүмкін емес дүние.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған