«Алтай-Дунай» экспедициясы — ұлттық құндылықтардың ұлы керуені

Еуразияның ен даласын еншілеген ежелгі түркінің түп мұрагері – Қазақ елі. Алтай мен Дунайдың арасын аттың жалында, түйенің қомында жүріп өткен арғы бабалар тарихы – ұлылық ұлағаты. Бүгінде көп айтылатын еуразияшылдықтың негізін қалаушылар – ертедегі түркілер.

Жалпы, «еуразияшылдық» деген ұғымды қалай пайымдаймыз?! Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда жарық көрген «Өмір өткелдері» сұхбат-кітабында: «Негізінде біз адамзат тұрақты өмір сүретін материктер бесеу дейміз: Азия, Еуропа, Африка, Америка, Австралия. Ал таза геологиялық, географиялық тұрғыдан қарасақ, Азия мен Еуропа жеке-жеке материктер болып саналмайды. Азия мен Еуропа мыңдаған жылдар бойы бір-бірімен тығыз байланыспай, негізінен дербес өмір сүріп келгендіктен, тарихи, саяси, діни себептер ажыратқындықтан әрі жер көлемінің өте үлкендігіне байланысты шартты түрде екі материк ретінде айтылады.

Біз Еуразияны дүниенің екі бөлігінен – Еуропа мен Азиядан құралатын Жер шарының ең үлкен материгі деп білуіміз керек. Алайда, ресейлік еуразияшылар – Савицкий, Трубецкой, Бердяев, тағы басқалар Еуразия ұғымына тек географиялық мағына берген жоқ. Олар Еуразия деп сол кезде Ресей империясы алып жатқан территорияны атады. Ресейді Еуропа да емес, Азия да емес, өзінше «ортадағы материк» деп санады. Империяның тұтастығы үшін «еуропалық Ресей», «азиялық Ресей» ұғымдары жоқ, ортақ Ресей – Еуразия бар» деді. Бұл – Еуразия ұғымының сол кездегі пайымдалуы. Ағылшынның Хэлфорд Макиндер деген ғалымының «кімде-кім Шығыс Еуропаны өз бақылауында ұстаса сол Хартлендте, яғни Еуразия континентінде, алып құрлықта үстем болады, кімде-кім сол жерде үстем болса, бүкіл әлемде үстемдігін орната алады» деп жазғаны бар екен. Бұл сөз Еуразия аумағының стратегиялық тұрғыдағы аса маңыздылығын көрсетеді» деген болатын. Иә, Елбасы мысалға келтірген бұл тұжырымдар сөз болғаннан бері бір ғасыр өтті. Түптеп үңілгенде еуразия идеясының қайнары бағзыдағы ұлы түркілер құрған кеңістіктен бастау алатынын байқау қиын емес.

ХХ ғасыр басындағы төңкеріске дейін де, Кеңес Одағы тұсында да әлемдегі түркітанудың ең үлкен орталығы Ресей, оның ішінде Санкт-Петербор императорлық университеті болғаны, түркітанушылардың Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алғашқы буынының Қазақстанда ғана емес, барлық түркі республикаларында репрессияға ұшырауы, олардың қиын да қилы тағдыры түркология саласының ұлт республикаларында өсіп-өркендеуіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түрлі саяси-идеологиялық кедергілер алынып, түркі тарихының жаңа кезеңі басталды. «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде Қытай, Ресей, Иран, Үндістан және Еуропа мен көптеген араб елдеріндегі қазақ тарихына қатысты мыңдаған деректер жиналып, жүздеген том ретінде жарық көрді. Түркі халықтары тарихында тұңғыш рет бүкіләлемдік Түрік академиясы құрылды. Қазақстан қазіргі кезде түркітанудың әлем таныған жаңа орталығына айналды.

– Жер бетін келісім мен бейбітшілікке шақыратын еуразияшылдық идеясының қайнары ғасырлар қойнауында жатыр. Ол сақ дәуірінен бастап, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тұтас көшпенділер мәдениетімен сабақтас. Әлбетте, біздің жерімізде  Мысыр пирамидалары немесе Колизей сияқты жаһандық маңызға ие ескерткіш болмауы мүмкін, алайда көшпенділердің әлемдік тарихтағы рөлі талассыз, деген болатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

5b432fad7558450295d14cfe8a9c88de

Белгілі ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бүгінде 30-дан астам ұлт пен ұлыстан тұратын түркі халықтарының саны 200 миллионға жуықтады. Олар оңтүстік батыста Жерорта теңізінің жағалауынан бастап, солтүстік-шығыста Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі Еуразияның апайтөс алып даласында алты тәуелсіз мемлекет, оның ішінде Ресей Федерациясының өзінде 20-дан астам түркі тілдес халықтардың түрлі субъектілерімен, кей жерде автономиялық, кей жерде еш субъектісі болмаса да үлкен облыстар құрамында өмір сүріп жатыр. 200 миллионға жуық халық бір кездері бір мемлекеттің құрамында болған. Егер адамзат тарихының кейінгі 1,5 мың жыл бұрынғы тарихын санамалайтын болсақ, түркі жауынгерлерінен қорғану үшін Ұлы Қытай қорғаны салынды. Өзінің басты қарсыласы түркілер деп есептеген Қытай тарихында бірыңғай сақтану, күшею, нығаю тарихы жүрді. Ал түркі жұртының тарихы 745 жылы Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін ыдырау, бөліну, бөлшектену тарихы болды. Нәтижесінде, ХХ ғасыр басында дүние жүзі картасында жалғыз тәуелсіз түркі мемлекеті – Түркия орын алды, қалған 30-ға жуық үлкенді-кішілі, жалпы саны миллионнан асатын үлкен түркі этностары алпауыт мемлекеттер құрамындағы басында билігі жоқ бодан елге айналды. Міне, сондықтан «түбіміз – бір, түгеліміз енді жиналуымыз керек» деген ұранмен түркі дүниесінің тұтастану ғасыры басталды.

Әлбетте, тарихты тану, таныту – өзіңнің де, өзгенің де танымын кеңейтеді, халықтарды жақындастырады. Тоғыз жолдың торабындағы Қазақстанның еуразиялық интеграциялық үдерістерді үйлестіру үдесінен табылуы – тарихи табыстыру міндетін арқалауы іспетті. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің сонау тоқсаныншы жылдары, нақты айтқанда 1998 жылы қабылданған қаулысы бойынша «Алтай-Дунай» халықаралық бітімгершілік экспедициясы ұйымдастырылғаны есімізде. Бұл керуен былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қайта жаңғырды. Әрине, экспедицияның негізгі мұраты ел арасына жүру һәм халықтық дипломатияны көздейді. Кезең-кезеңімен өтіп келе жатқан экспедиция 1999 жылы Қазақстанды, 2000 жылы Ресейді, 2001 жылы Украинаны, 2005 жылы Венгрияны басып өтсе, келесі жылы Германия мен Францияны, арғы жылы АҚШ-ты, ал 2019 жылы Қытай мен Моңғолияны көктей өтіп, Алтайда аяқталмақ. Яғни, жер шарын белінен орап жүріп өтетін бұл керуеннің Алтайда (Құлынды, Ресей) басталып, Алтайда аяқталуының өзі ізгі нышан. Өйткені, Алтай – түркі жұртының төл бесігі, адамзаттың от жаққан алтын ошақтарының бірі. Алтай өркениетінің жаңғыруы – түркі тегінің жаңаруы. Біз жаһанданудың жағымды үрдістері мен жаңашыл өзгерістеріне қаншалықты мүдделі болсақ, бауырлас ұлттар ұсынар өміршең бастамаларға, игі мақсатты көздеген интеграциялық қадамдарға да соншалықты бейілміз. Бұл керуен біздің ежелден қалыптасқан байланыстарымызды нығайта отырып, келешек қарым-қатынастарымызды айқындап, ата тарихымыздың бастауы – Алтайдан табылған рухани құндылықтарды игеруге мүмкіндік ашуы тиіс. Нәтижесінде түркі халықтарының салт-дәстүрлері мен мәдениетінің алтын қазығы – номадтық өркениетті зерттеу арқылы тың тұрпаттағы тарихи еңбектер, тәлімді оқулықтар жазылады.

Сондықтан керуеннің алғашқы төрт кезеңді «Ұлы далада бейбітшілік пен жақсылық жасасын!» ұранымен Ұлы Еуразия даласын мекен еткен халықтарға арнауы бекер емес. Ұйымдастырушылардың есебінше, Алтайдан Дунайға дейінгі бағытты қамтыған төрт жылда Қазақстан, Ресей, Украина және Венгрия елдерінің ақпарат құралдарында 2 мыңнан астам телерадио бағдарламалары мен мақалалар жарық көріп, мыңнан астам кездесулер мен бітімгершілік тақырыбындағы шерулер өтіпті. Бұл бұрын-соңды болмаған насихат. Тарихымызды таныту арқылы жақындаймыз, бір-бірімізге даңғыл жол ашамыз деуіміздің себебі осы. Айталық, 1999 жылы 3 мамырда Ресейдің Алтай аймағынан басталған экспедиция Қазақстанның Павлодар, Астана, Атбасар, Есіл, Лисаковск, Жетіқара бағытымен жүріп өтіп, ары қарай Челябинскі облысының «Арқайым» қорығы, Башқұртстан, Орынбор, Орал тауы арқылы жалғасты. Бұл бірінші кезең болатын. Ал екінші кезең 2000 жылдың қыркүйек-қараша айларында ұйымдастырылды. Қазақстан мен Ресей шекарасынан түйінделген жолды ары қарай жалғаған бұл кезеңде экспедиция мүшелері Саратов, Воронеж, Белгород облыстарымен жүрді. Ал 2001 жылдың тамыз айынан қарашасына дейінгі уақытта Украинаның 11 облысын басып өтті. 2005 жылдың қазан айындағы төртінші кезеңде экспедиция Венгрия аумағымен жылжыды. «Мажар кезеңі» Австрияның шекарасында, Дьер қаласына жақын жерден аяқталды. Бұл жобаға Ресей саяхатшылар қауымдастығы, Венгрия қыпшақтары одағы, Украинаның «Перша столица» телеарнасы қатысты. Жобаға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі демеушілік жасады.

«Алтай-Дунай» экспедицияның негізгі мақсаты – көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін айшықтау, Қазақстанның соңғы 25 жылда қол жеткізген жетістігін насихатттау, Елбасының бейбітшілік бастамаларын тарату еді. Осы ой орамында елімізде түрлі ғылыми-әлеуметтік халықтық жобалар жүзеге асырылып жатқанын да айта кеткен ләзім. Мысалы, Шығыс Қазақстаннан табылған Алтайдағы Берел қорғандары (б.з.д. І мыңжылдық), Берел жылқысы (б.з.д. IV ғ.) археологиялық ескерткіштері мен петроглифтері (б.з.д. ІІ – І мыңжылдық), сондай-ақ тастағы таңбалар сынды түркі әлемінің деректі шежіресі және нумизматикалық деректердің орны ерекше. 1734 жылы жарық көрген Сапожниковтың Алтай тарихына қатысты «Пути по русскому Алтаю» еңбегі, IV Иванның Қазан хандығын жаулап алуы баяндалатын Михаил Херасковтың 1786 жылы жарыққа шыққан эпикалық туындысы, Дешті Қыпшақтан бастап Түркістанға дейінгі тарихи кезеңнен мол мағлұмат беретін 1853 жылы жарық көрген «Ученые записки академии наук» жинағы, ағайынды Харузиндердің басты еңбектерінің бірі саналатын «Курганы Букеевские степи» және тағы басқа жүздеген, мыңдаған жазба ескерткіштерді саралауға мүмкіндік беретін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі «Алтайтану» ғылыми орталығы іспетті институттар әр қалада жұмыс істеуде.

Экспедицияның тартымды нәтижелерінің бірі ретінде «Қазақстан – бейбітшілік үшін» бейнефильмі мен телебағдарламасы түсірілгенін, «Еуразия көшпенділерінің мұрасы» атты жолжазба очеркі мен фотоальбомы жарыққа шыққанын және «Еуразия. Дала. Халықтар» телефильмі мен фотокөрмесі ұйымдастырылғанын айтуға болады. Мұнда саяхатқа қатысушылардың сарыла атқарған ауқымды жұмысының нәтижесі жатыр. Былтыр елордада «Алтай-Дунай» халықаралық қазақстан-венгер экспедициясының V кезеңінің тұсаукесер рәсімі өтті. «Астана-Арена» стадионы алдындағы алаңда киіз үйлер, шатырлар мен этноауыл құрылды. Шараға Қазақстан мен Венгрия елдерінің Үкімет басшылары келді. Мажарстандық меймандар экспедиция көрмесімен танысып, ежелгі бабалардың ат үстіндегі жауынгерлік өнерлерін тамашалаған болатын. Кеш соңында экспедицияның жаңа бағытына сәттілік тілеп, шығарып салған-ды.

Әу баста Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының бастамасымен Ұлы Дала белдеуін түйемен жүріп өту арқылы әлем назарын Еуразия даласындағы халықтардың тарихи ықпалдастығына аудару мақсатында ұйымдастырылған халықаралық археоэтнологиялық экспедиция бүгінде бүкіл елдің болмыс-бітімін айғақтайтын бірегей жобаға айналды.

Ең бастысы, мемлекеттік маңызы зор экспедиция жетекшісінің есебі Парламент Мәжілісінде тыңдалып, депутаттардың оң бағасына ие болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев және Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Г.Селезнев экспедицияға қатысушыларға алғыс айтты.  Елбасының «Ұлы дала өркениеті тарихи өзектілігі тұрғысынан өзгелерден қалыспай, әрі қарай тыңғылықты зерттеуді күтеді. Біз әлемдік деңгейде Қазақстанды Ұлы Дала өркениетінің бесігі ретінде көрсете білуіміз қажет. Бұл – «Мәдени мұра» бағдарламасының ұлы мұраттарының бірі» деген сөзі бар. Шынында, «Алтай-Дунай» экспедициясы «Мәдени мұраның» асыл мұраттарымен қабысатын бірегей жобалардың бірі. Алда әлі ұзақ сапарлар тұр. Бұл ұлттық құндылықтарды ұлағаттауға арналған ұлы сапар, ұлы саяхат, ұлы керуен!

Думан Нұрланұлы