Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 1154 жоба жүзеге асады
Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленді. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуде баса айтты.
Брифингте аймақ басшысы алдымен ағымдағы жылдың 6 айындағы негізгі даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлар туралы кеңірек баяндады.
Бірінші жартыжылдықта облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайызды құраса, өнеркәсіп (108,1%), ауыл шаруашылығы (102%), құрылыс (105,7%), тұрғын үй құрылысы (103,7%), сауда (105,3%), байланыс (101,9%) салаларында оң динамика сақталған. Есепті кезеңде өңірге 155,8 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу деген Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асыруға айрықша ден қойылып отырғанын атап өтті.
Аймақ басшысы 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасы әзірленгенін жеткізді.
— Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпті дамыта отырып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құру, тұрмыс жағдайын жақсарту, табысын арттыру.
Жоспар халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді.
Даму жоспары 3 негізгі бөлімнен тұрады. Олар: инвестициялық жобалар, бюджеттік инвестициялық жобалар, жұмыспен қамту.
Алғашқы бөлім екі ірі – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 трлн. теңгені құрайтын 1154 жобаны іске асыра отырып, 14,4 мың жұмыс орнын құруға бағытталды,-деді Нұржан Нұржігітов.
Аталған даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 млрд. теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Жыл қорытындысымен жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналаспақ.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге асады деп күтілуде.
Облыс әкімінің айтуынша, ауылдық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі.
Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір массив таңдап алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «бір ауылда — бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылатын болады.
Жамбыл облысы әкімдігі