ЖАСТАР ҮШІН МОЛ МҮМКІНДІКТЕР
Мемлекет жастарға ерекше назар аударып, оларға барлық жағдайды жасауды қолға алуда. Жас өркенді білімді, денсаулығы мықты патриот етіп тәрбиелеу мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген қағиданы ұстанған мемлекеттік бағдарламалар шапағаты ауылдарға да жетті.
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қарасу ауылында салынып жатқан Дене шынықтыру және сауықтыру орталығы осыған дәлел. Құрылысы 2021 жылы басталған нысанда қазіргі кезде қарқынды құрылыс жұмыстары жүруде. Мердігері «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС жұмысы жоспарға сай жүруде. Аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің бүгінгі таңда шұңқыры қазылып, іргетасы көтерілген, металлконструкциясы 90 пайызға, бөлмеаралық сэндвич-панельдерден жасалған қабырғалары 30 пайызға, сыртқы газоблоктан салынған қабырғалар 100 пайыз аяқталған.
Енді есік-терезелерді салу, қажетті электр желілерін жүргізу және ішкі әрлеу жұмыстары бар. Қазіргі таңда кешеннің құрылысына 8 жұмысшы мен 1 дана техника тартылған.
Құрылыс жұмысының сапасын тиісті мекемелер қадағалап отыр. Жалпы Қарасу ауылында мектептен басқа жастар жиналып қыдыратын, спортпен шұғылданатын орындар жоқ болатын.
Енді құрылысы аяқталған соң осы кешенде жастар волейбол, баскетбол секілді командалық ойындар ойнап, түрлі спорттық секциялар ашылмақ. Бұл мекеменің ашылуын ауыл тұрғындары асыға күтуде. Спорттық кешеннің қасында саябақ орналасқан, сондықтан бұл жер кішігірім демалыс орнына айналатын түрі бар. Спорттық кешен 2022 жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Осы уақытқа дейін құрылысшылар барлық жұмыстарды аяқтап, тиісті спорттық-құрал жабдықтар алып келінбек.