ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ – ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ


«Балауса» балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагерінің кезекті төртінші маусымы ашық. Балалардың демалыс орнында жалпы саны 6 маусым қарастырылып, түркістандық 900 оқушының демалуына жағдай жасалған. Мұнда әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың балалары тегін демалады.

Бүгінгі таңда лагерьде балалардың рухани тұрғыда санасын серпілту мақсатында «Ұлы дала елі орталығы», Нұртас Оңдасынов және Нәзір Төреқұлов атындағы музей ұжымдары тарапынан көрме ұйымдастырылды. Тарихи жәдігерлер көрмесі жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан мәдени шара.

«Балалардың жас ерекшелігіне қарай «Балапан», «Жас қанат», «Ақ көгершін», «Болашақ» және «Достық» топтары жұмыс жүргізуде. Демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін лагерь қызметкерлері түрлі спорттық ойындар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, 5 мезгіл тамақтандыру жолға қойылған. «Балауса сұлтаны» және «Балауса ханшайымы» сайысы да оқушылардың кез келген ортада өзін еркін сезінуіне септігін тигізетін жоба», — деді Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.

4-маусымға жолдама алған 150 бүлдіршін 10 күн бойы жазғы демалысын қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізбек. Лагерь директоры Бекарыс Шойбековтің айтуынша, балалардың жазғы демалысы – жаңа оқу жылына тың серпін беретіні анық. Сондықтан, лагерь ұжымы бар күш-жігерін салып, жоғары деңгейде қызмет көрсетуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі