Шын бақыт
Адамдар бірге болғысы келгенше бірге болады. Ешбір парыз, намыс, адамгершілік екеуді бір-біріне шегелей алмайды. Егер бірі кетем десе, ол үйінен де, баладан да, ажал аузындағы мүгедектен де кете салады. Қаламаса – кетпейді.
Егер ол бірге болғысы келсе, сенің ешбір кемшілігің кедергі келтіре алмайды. Кетем деген адамды сенің ешбір жақсы қасиетің ұстай алмайды. Қашалықты сүйкімсіз, әдемі емес болсаң да сені жақсы көретін бір адам табылады. Қаншалықты сұлу, керім болсаң да сені тастап кететін біреу табылар.
Егер сенен біреу бас тартса, онда тұрған дәнеңе жоқ. Одан сен жаман, не жақсы болмассың. Шын мәнінде қорқынышты ештеңе де болмады. Бұл әлемде тек сендік болатын жан бар. Ол сені осы болмысыңмен бүтіндей қабылдайтын болады.
Егер ол сені қабылдаса, ерте ме, кеш пе одан айырыласың. Не кетіп тынады. Не ажал айырады. Қолда бар сезіміңді қадірле. Ертең айырылып қалам деп қауіптенбе. Айырылып қалам деп қорықпа.
Сен үшін шуақ болып шашылатын жанның барына шүкір де. Өзің де жарқыра! Нұр шашқан сайын қорқыныш кемиді. Қорқыныш азайған сайын жүрегіңдегі түнек кемиді.
Ағашына оралғысы келген жапырақ ағынға қарсы жүзеді, желге қарсы ұшатын күш табады. Бірақ ағаш оны ескі бұтаққа қайта кіріктіре алмас.
Неғұрлым қатты сүйген сайын соғұрлым шексіз махаббатқа өзің де кенеле бермексің. Егер махаббатыңнан жаның дерттенсе, жеккөрушілік сезінсең – онда сол адамға берген кәмпиттің ішіне у қосқаның. Бұл сыйың үшін алғыс күтпегін. Жібер. Ол адамға сенің махаббатыңның айнасы болуды доғарт, еркіндікке жібер.
Сүйгеніңнің болмысына сіңісу – сирек кездесетін қасиет және сирек кездесетін қасірет.
Өзіңді сыйла. Лайық бол. Қорқынышты ұмыт. Бір күні ол бәрібір оралмай қалады. Бірақ бүгін емес.
Сен. Сенім арт. Жылыт. Риза бол. Қалай боларын ойлама. Дәл қазір және осы сәтте ғана өмір сүр. Мейлі отта, мейлі суда, мейлі жұлдызды аспан астында болсын.
Өлген махабаттың шірік иісі мүңкімей тұрып кетіп үйрен. Қалауың жан дертіне айналмай тұрып келіп үйрен.
Ақшаға сатып алынған дүние ақшадан артық болмас. Өзгеден тартып алған, ұрлап алған, дұға жасап сұрап алған, көз жасыңды көл қылып жылап алған бақты – бір күні екі есе құн төлетіп, тартып алады. Өз ықтиярыңмен берген, шын ықыласпен берген махаббат – құны жоқ бақ.
Өз адамыңды қалай тануға болады? Өте оңай.
Кетіп бара жатып жол үстінде жолығасың. Ол да білмеді. Сен де шақырмағансың. Табыла кетесіңдер. Бұрын қайда бара жатсаң да, енді екеуіңнің бағыттарың бір болады.
Пётр Мамонов
Аударған Шынар Әбілда