Әкеме айтып қоймаңыз…
Әкеме айтып қоймаңыз…
Олар өте бақытты отбасы болатын. Өзекті өртеген өкініштісі сол — бақытты бастан кешіп жатқан осы отбасының Отанасы айықпас сырқатқа шалдығып, соңында сүйікті жары мен енді ғана үш жасқа толған сүйкімді қызын тастап, бұл дүниемен қоштасты.
Сәби күн сайын әкесінен: «Мамам қашан қайтып келеді?» деп сұрайтын бота көздеріне сағыныш жасы үйіріліп. Мұндайда әкесі қызын жұбатып: «Қызым, анаң өте алыс бір жерге жұмысқа кетті» деп көңілін аулап, құшақтап ұйықтататын.
Күндер түгілі жылдар осылай жалғасып жатты. Қызы алты жасқа шыққан жылы әкесі мейірбан, ақкөңіл бір әйелмен танысады. Бір күні әкесі қызына: «Қызым, анаң қайтып келетін болды. Сен анаңның түрін ұмытып қалған жоқсың ба?» деп сұрайды.
Кішкене сәби ары ойланып, бері ойланып, басын шайқайды. Әке қызын аяп кетті әрі бір жағынан өзін сәл де болса жеңілдеп қалғандай сезінді. Ол әлі де бала ғой.
Міне, дәл сол сәтте есік ашылып, әлгі әйел кірді де, құшағын кең жайып, қыздың есімін атап, өзіне шақырады. Сәл таңырқап, жатырқап тұрған қызына әкесі: «Қызым, анаңды танымадың ба? Қане, «ана» деп шақыра ғой» депті. Сәби ақырын адымдай басып барып, «мама» деп құшақтай алады…
Кешкі астан соң, әйел қызға ілесіп, оның бөлмесіне кіреді. Екеуі көңілді әңгімелесіп отырғанда қыз: «Сіз менің мамам емессіз» дейді кенеттен. Мұны күтпеген әйел әрі тосырқап, әрі таңырқап қалды. Сәби қыз шошып қалған әйелдің қолынан ұстап, бәсең үнмен:
«Менің мамам қайтыс болған. Мен оны атам мен әжемнің әңгімелерінен естіп-біліп алғанмын. Мұны тек атам, әжем және мен үшеуміз ғана білеміз. Әкем де, басқалар да білмейді.
Олар әлі күнге дейін мамамды тірі, алыс бір жерде жұмыс істеп жүр деп біледі» — дейді. Сосын жылап жіберуге шақ қалып тұрған әйелдің құлағына сыбырлап: «Бұл сіз екеуміздің ортамыздағы сыр болсын. Әкеме айтып қоймаңыз. Ол білсе, сөзсіз азаптанып, жылайды» дейді жаңа тапқан «анасын» құшақтап.
Бұл сәтте есік сыртында үнсіз тыңдап тұрған әкенің көз жасы көл болған еді…
Асыл Әбіш.