Әрекетке берекет
Мен 20 жасымда журналистикаға келдім. 23 жасымда ҚазҰУ-дың журфагының күндізгі бөліміне оқуға түстім. Қарасам, жан-жағымдағы өзге әріптестеріме жете алмаппын. «Мен бұларды қайтсем де қуып жетем» деп алдыма мақсат қойдым. Бәсекелестіктің арқасында компьютерде жылдам теруді үйрендім, он саусағым бірдей жұмыс істейді. Жылдам оқуды, есте сақтауды меңгердім. Кез келген мамандықты жаттығу арқылы меңгеріп кетуге болады.
Қазір ол бәсекелестікпен жұмыс істемеймін. Бәсекелестік жастарды қалыптастыру үшін ғана керек. Отыз жастан кейін қажеті болмай қалады екен. Жас адам жарыспен, бәсекелестікпен өседі.
Мен ұяң болып өстім. Мектеп бітіру кешінде тілім таңдайыма жабысып, сөйлей алмағам. Жиырмадан асқанша қызға сөз айта алған жоқпын. Бірақ қазіргі мінезімді журналистика қалыптастырып берді. Себебі, бұл мамандық елмен тіл табысуды қажет етеді.
Мен үшін негізгі құндылық – отбасым. Анаммен күнделікті әңгімелесуге уақытым болмай қалды. Әңгімеміз таусылмайды. Ол кісінің шалы туралы айтамыз, шал іздейміз. Соңғы бір жылда анаммен сырласуға, балаларымның тәрбиесіне, сабағына араласуға уақытым болмай кетті. Астанада үш бөлмелі пәтерім, жақсы жұмысым болса да, ауылға көшіп келдім. Себебі, тоқсаннан асқан қарт анам ауылда тұрғысы келеді. Мен үшін анамның жанында болу – бәрінен маңызды. Мен Астанада тұруға талай үлгерермін, ал анаммен бірге өткізетін сәттер шектеулі.
Екі қызым бар. Үлкені 13-те, кішісі 10 жаста. Баланы жақсы көрдім екен деп, үнемі оның жағдайын жасай берудің қажеті жоқ. Өткенде кішкентай қызым: «Әке, айфоным болса күшті болар еді», – дейді. Мен балаларыма қазір айфон алып бермеймін. Қазір бағасы 10 мың теңгеден аспайтын телефондары бар. Бірақ, сабақ кезінде ешқашан қоспайды. Ұялы телефонның радиациясы балаларға өте зиян.
Мен 27 жасымда үйлендім. Моральдық тұрғыда 22-23 жасымда үйленуге дайын едім. Бірақ маған қыздар «дипломың жоқ» деп қарамады. Сол сөзге намыстанып, «диплом алған күні үйленемін» деп өз-өзіме сөз бердім. Студентпін, «Рахат» телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезімде, алғашқы жұмыс орным «Спорт» газетіне бардым. Сайын (Тұрсынов) ағамыз: «Бейсен, қыз таптың ба?» – деді. «Диплом алсам, қыз табам да, үйленем», – дедім. «Көп сөйлеме, мен сені бір қызбен таныстырамын. Сол қызға үйленесің», –деді де, мені корректорлар отыратын кабинетке алып келді. Қарапайым бір қыз отыр, менің қиялымдағы ару емес. «Мынау – менің балам. Мен қандаймын, бұл да тура сондай. Саған жақсы күйеу болады. Сөйлесіңдер», – деп Сайын аға есікті жауып кетіп қалды. Екеуміз сілейіп кабинетте қалдық. Сөйлесейік десек, әңгімеміз жараспайды. Бір-бірімізді жақтырмадық.
Ойлана келе, «Сайын аға өмір көрген, маған қандай жар керек екенін біледі, айтқанын істейін» деген шешімге келдім. Қызға барып «үйленейік» десем, көнбей қойды. Күніге жұмысынан шығарып салуға баратын болдым, ол қарамайды. Іштей өз-өзіме «осы қызды қайтсем де аламын» деп серттесіп алдым. Алты ай жүріп өзіме қараттым, жеті айдан соң үйлендік.
Бірақ, үйленетін кезде отбасының 10 қағидасын жасадық.
1. Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді;
2. Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады;
3. Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз;
4. Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз;
5. Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;
6. Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» – деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?» –деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын;
7. Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды. Күйеуінің бөтен біреуге басы айналып қалмайтынын білетін әйел бақытты;
8. Біздің үйде ағайын-туыс туралы өсек-аяң болмайды; Қалған екі қағида айтылмайды. Ол жеке қарым-қатынасқа байланысты.
Бейсен Құранбек