Мол өнім алуға мүмкіндік бар
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, даланың төсін дүбірге бөлейтін диқандар егістік алқабында қызу жұмыс үстінде. Олар ауа райының қолайлы күндерін уақтылы пайданалып, мол өнім алу мақсатында еңбек етіп жатқан жайы бар.
Ырзық-несібесін Жер-Анадан терген шағандық диқандар үшін қазір қауырт шақ. Ала жаздай еңбек етіп, егін екті. Енді міне сарала күз келгенде егін жинау маусымын бастады.
«Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанға баласындай иеді» демекші, биыл Сарысулық ағайынның да егіні бітік.
Алты ай бойы дала төсінде тер төккен азаматтардың бейнеті мол. Осындай мехнатты шаруаның шырайын кіргізген Сарысу ауданына қарасты Түркістан ауылдық округінің негізгі күнкөріс көзі егін және мал шаруашылығы.
Биылғы жылға округте күздік бидай -3112,85 га, жаздық арпа -2551,41 га, мақсары -5304,58 га, жоңышқа барлығы -2727,96 га егілген болатын.
Қазіргі уақытта шаруалар техникаларын дайындап, егін ору науқанын бастап кетті. Былтырғы жылға қарағанда, биылғы жылы жауын шашын мөлшері жақсы болғандықтан өнім жақсы болуда.
Күз – береке мен мерекенің, ырыс пен несібенің маусымы ғой. Егінжай мен қырман басында қызу қарбаластың қайнайтын кезі, тау-тау астықтың ел қамбасына құйылар шағы.
Еңбек майталмандарының күн-түн демей тіршілік қылатын уақыты. Бір сөзбен айтқанда, бұл – еліміз үшін жауапты да шешуші кезең. Осынау кезеңде ақ егістен шашау шығармай жинап алып, жауапты науқанға белсенділік таныту – әрбір азаматтың парызы.
Сонау ерте көктемнен еңбек көрігін қыздырып келе жатқан басқа да шаруалардың осы жылды да табысты аяқтары анық. Астық — Отан байлығы десек, сол байлықты төкпей-шашпай жинап алған дихан қауымы зор қуанышқа кенелетін сәтте алыс емес.
Осылайша, күн санап дала төсі қызу еңбектің дүбіріне толып, қат-қабат келген қалың жұмыстың сахнасына айналуда.
Көркем Асқар