ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА АТМОСФЕРАЛЫҚ АУАНЫҢ ЛАСТАНУЫ 65%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН
Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында бүгінгі таңда 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласының аймағының климатына қарай егілген орман ағаштарының 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы — табиғи құбылыс. Ғылыми-зерттеу институтының қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің өнімділігі 55%-ды құрайтындығы дәлелденген. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев мәлімдеді.
«Қазіргі таңда «Казгидромет» мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Алдағы уақытта экологиялық ахуалды жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының микроклиматын жақсартып, ылғалдану деңгейін жоғарылату бағытында қалада «Ескек есу каналы», «Шаға жағажайы», «Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы» мен «Қосқорған су қоймасы» салынды», — деді Қайрат Амангелдіұлы.
Сондай-ақ, брифинге қатысқан Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы Түркістан қаласындағы атмосфералық ауаға ластаушы заттардың жалпы шығарындысы 22%-ға төмендегенін айтты. Сонымен қатар, облыс бойынша «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп ауа сапасын автоматты бақылаудың 5 қондырғысы орналастырылған. Олар онлайн режимде әрбір 20 минут сайын өлшем жүргізеді. Нәтижесін кез келген азамат «AIR KZ» мобильдік қосымшасы арқылы көруіне болады.
Түркістан облысы бойынша экология департаменті 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында Экологиялық кодекстің талаптарын орындау мақсатында
33 тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 151 әкімшілік іс қозғап нәтижесінде 327 млн теңге айыппұл салынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі