ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР
Балалар мен жасөспірімдерді рухани дамуға, адамгершілікке баули отырып тәрбие берудің маңыздылығы Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. «Балалар жылын» облыс көлемінде жоғары деңгейде өткізу мақсатында «TURAN-BALAFEST» он күндік фестивалі өткізіліп, оған облыс көлемінде 820 159 бала (балабақша жасындағы – 271 000, мектеп жасындағы – 510 968, колледжден – 37 991) қатысқан.
Фестиваль аясында «Шертпе күйдің шебері», «Балалар және театр», «Жас ақындар айтысы», «Шабандоз бала» жаяу көкпары, «Тұран арландары» қазақ күресі сайысы, облыс әкімінің кубогі үшін ұлдар және қыз балалар арасындағы былғары доп турнирі, «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Армрестлинг», «Салауатты Тұран балалары» әлеуметтік жобасы, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жаңа жобалары бастау алды. Аталған жобалар 2022-2023 жаңа оқу жылынан бастап облыстағы барлық білім беру мекемелерінде нақты іске асырылатын болады. Түркістан облысында «Балалар жылы» осындай ауқымды жобалармен өрнектеліп отыр.
«TURAN-BALAFEST» фестивалінің қорытындысы жыл сайын 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсанында қорытындыланып, үздік оқушылар марапатталады. Сонымен қатар облыс бойынша 919 ата-аналар комитеті жұмыс атқарады. Облыстың білім беру ұйымдарында отбасылық тәрбиені нығайту, рухани-адамгершілік тәрбиені дамытуға тікелей ықпал ететін ата-аналармен белсенді, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2022-2023 жаңа оқу жылынан бастап ата-аналар жиналыстары жаңа форматта ұйымдастырылатын болады. Жаңа формат – бала тәрбиесін ата-аналармен бірге жүргізуге үлкен мүмкіндік береді.
Облыстағы барлық білім беру мекемелерінде өңірлік аналар, әкелер, ақсақалдар кеңестері құрылып, отбасы құндылықтарын дамыту, отбасылық өмірге кешенді тәрбиелеу, ұлттық тәрбие беру жұмыстары жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында 900 ардагерлер, 900 әкелер, 809 тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді. «Әкелер мектебі» 761 жалпы орта мектепте құрылған.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Оқушының мәдени нормативі» республикалық мәдени-білім беру жобасын іске асыруда. Пилоттық жобаға Бәйдібек және Түлкібас аудандарынан 30 мыңнан астам оқушы тартылған. Жоба аясында оқушылар «Медиа мәдениеттің» әлемдік мәдениет жауһарларымен: бағыты бойынша мюзиклдерімен, кинокөрсетілімдерімен, концерттерімен, көрнекті орындаушыларымен, мұражайларымен, сурет галереясымен танысты.
Сондай-ақ «Ұлағатты ұрпақ» республикалық мәдени білім беру жобасы іске асырылуда. Облыстағы орта білім беру мекемелерінде оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беру бағытындағы жұмыстар жаңа форматта жүзеге асырылып, облыста енгізілген жаңа жобаларға барлық мектеп оқушылары мен колледж студенттері тартылатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі