ПИЯЗ ӨНІМІН ЭКСПОРТТАУҒА ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУ ЖОҚ

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингке қатысып, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндадым.
Ағымдағы жылы ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ауыл шаруашылығы саласына 31,2 млрд.теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні бұл қаржының 11,0 млрд. теңгесі облыстағы 6 714 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде беріліп, игерілді.
Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында бюджеттен 3 млрд. 021 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі күні оның 691 млн. теңгесі игеріліп, қазіргі уақытта алынуы қажет 52,4 мың тонна минералды тыңайтқыштың 32,1 мың тоннасы алынып, 214,2 мың гектар алқапқа ендірілді және жоспар 61,3% орындалды.
Ал, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 6,6 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге оның 3,5 млрд. теңгесі 410 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде төленді. Осының нәтижесінде ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысымен салаға тартылған инвестиция көлемі 14,1 млрд. теңгені құрады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта облыста пияз дақылына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пияз сату бағасы келісіне 220 теңгеден 110 теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар, бүгінде аймақта 25 мың гектардан пияз жинау жұмыстары басталды. Оның көлемі 690 мың тоннадан астам болады деп болжанып отыр. Ол ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді. Осыған байланысты пияз дақылын экспорттау бойынша шектеу шараларын енгізілмейтін болды.
Ербол Диенқұловтың фб парақшасынан.