БЕРІШ МҰРАТ АҚЫН АЙТЫПТЫ…

Замана қайтіп түзелсін —
Қоңсыдан туған би болды,
Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша
Қатарға шығып нар болды.
Асылзада баласы,
Дәулеті кетіп қолынан,
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы,
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Шыр көбелек айналып,
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды!
// Мұрат Мөңкеұлы