Қазақ тіліне құрмет
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп «Тіл – достықтың дәнекері» атты этнос өкілдерімен кездесу өткізді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге жергілікті жердегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік тілді жетік меңгерген белсенді жастар, Шыңбұлақ, Шақпақ, Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, Б.Момышұлы шекарасының жауынгерлері, аудандық тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары қатысты. Шара барысында мемлекеттік тіл cаясатын жүзеге асыру бағытындағы іс- шаралардың белсенді қатысушысы, әзірбайжан ұлтының өкілі Эсмира Мамедова этнос жастарын мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырды. Ал өзі қазақша еркін сөйлейді. Б.Момышұлы шекарасының барлаушысы, ұйғыр ұлтының өкілі Ильхам Турдиев қазақ елі мен мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігі зор екендігін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев тәуелсіз елімізде берік орныққан ынтымақты, татулықты, бейбітшілікті бағалай білу туралы ойын ортаға салып, мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Ал облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова, Жуалы ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Ахметова мемлекеттік тіл мәртебесінің биік болуы тұрғысында пікірлерімен бөлісті.
Аталған іс-шара «Нұрлы ұрпақ» балабақшасында аудандық «Қазақшаң қалай, балақай?» атты акциясына жалғасты. Балабақша тәрбиеленушілері Макар Резников, Виктория Чакова, София Пак пен Ларина Валерия қазақша сөйлеп, ұлттық биімізді биледі. Қазақ тілінде өлең оқып, ертегі айтты. Акцияға қатысушылар «Әрқашан күн сөнбесін» әнін қосыла шырқады. Іс-шара соңында мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдеріне басқарманың Алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар осы күні аудан орталығындағы жеке кәсіпкерлік сауда-саттық нысандарында «Мемлекеттік тіл – қызмет көрсету тілі» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілдің тазалығын сақтау, ілінген жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, мемлекеттік тілдің мәртебелі болуына басымдық беру», дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ
Жуалы ауданы.