ШАҢЫРАҚТЫҢ КИЕСІ МЕН ИЕСІ

(Боямасыз өмір)
Несібелі – қара шалдың қартайғанда көрген кенже ұлының келіншегі. Қалалық телестудияда істейді. Мінезі қызбалау болғанымен, аржағында зілі жоқ, жүрегі таза жан. Әсіресе, сонау бір жылғы сұмдық соғысқа тұңғыш ұлымен қатар аттанып, қан майданнан жалғыз оралған атасы дегенде шығарда жаны басқа. Қыздай қосылған кемпірі келместің кемесіне мініп кеткелі, жетім баладай жәутеңдеп, бала-шағаның қас-қабағына қарап қалған қария да келініне риза.
Риза болмағанда!..Атасының сақал-шашын мұнтаздай ғып бастырып, ақ шатырдай ғып жуындырып-киіндіріп қояды. Кенжеш – жұмысына, екі баласы сабағына кетіп, абыр-сабыр басылып, үйдің іші саябырлаған соң, атасы екеуі үлпілдеген ыстық бауырсақ жеп, сүт қатқан қою шайды сыздықтата отырып, өткен-кеткенді сөз қылатын.
Соңғы күндері, “Тентектен тез хабар” демекші, не ойласа да ішіне кек сақтамайтын, бала мінезді ақжарқын келіншектің қабағы келіспей жүр. Қанша сездіргісі келмесе де, сезімтал қария бала мен келін арасынан бір қара мысықтың жүгіріп өткенін аңғарады. Өздері тіс жарып, ештеңе демегесін, сақалды басымен араларына кіріскендей болармын, “Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі” деп, бұл да үнсіз.
Баласы мен келіні қызметте жүрген кезде үйге телефон шалып, “Пәтерлеріңіз нешінші қабатта?” “Үйлеріңіздің маңайында мектеп бар ма? “Екі бөлмелі бір пәтер, оның үстіне пәлен теңге ақша берсек, айырбастайсыздар ма? Әлде міндетті түрде, бір бөлмелі және екі бөлмелі екі пәтер керек пе сіздерге? ” деп сұраушылар жиілеп кетті. Бұл түкке түсінсе бұйырмасын. Адасып түскен қоңырау шығар деп алғашқыда өзін жұбауратқанымен, Алладан үрім-бұтағының амандығын ғана тілеп, осы күніне мың шүкіршілік қылып отырған тілеуқор қарттың көңілін күдік құрты күн сайын кеміре бастады.
Құдай-ау, бұларға не жетпейді!?. Екеуі де елдің алдына шығып кетпегенімен, жуан ортада, халық қатарлы қызмет істеп жүр…Қаланың қақ ортасындағы үш бөлмелі кең пәтерден адам жанына керектің бәрі табылады. Дүние-мүлікке де, жеңіл көлікке де мұқтаж емес. Жоқ жерден үйді бөлетіндей не бастарына күн туды? Салмағы зіл батпан жауабы жоқ мың сан ой құмырысқадай өріп, өрмекші торындай шырмап, уайым деп аталатын түпсіз тұңғиықтың иіріміне қалай тартып бара жатқанын өзі де сезбей қалды. Осындайда кемпірі марқұм болса, қанша дегенмен, әйелмен әйелше сырласар еді ғой. Беу, дүние-ай!..
Түн ортасында ұйқысы шайдай ашылып, төңбекшіп жата алмаған ақсақал қарсы керуеттегі шашы кірпінің түгіндей қап-қатты, өзі тыртиған арық, қара сирақ немересінің қасына барып, төбесінен иіскеді. Еті қашқан қу сүйек алақанымен арқасынан сипады. Беймезгіл уақыт болса да сіріңке қарасы ояу екен. Ойын баласының да жанын мүжіген сарыуайым ұйқысын ұрлаған секілді.
– Ата, сіз кіммен кетесіз? Папаммен бе, бізбен бе?-демесі бар ма… Жаны ышқынып, жүрегі тітіркеніп кетті. Керең болғыр құлағы не естіп тұр?
– Әй, балам, не деп ұйқысырап жатсың?– деуге ғана тілі келді.
– Жоқ, ата, рас айтамын. Папам мен мамам ажырасқалы жатыр ғой. Сізді уайымдап мамамның басы қатып жүр…”Қартайғанда көрген жалғыз ұлынан айырылмайды ғой” деп… Шал шошып кетті:
– Қой, жаным, қайдағы жоқты айтпа!
– Папам өткенде Астанаға барғанда, мүгедек баласы бар, күйеуі жоқ бір әйелмен танысыпты. Біреудің жаман үйін жалдап тұрады екен. Ауру баланы бағу, әрі қызмет істеу оның жалғыз өзіне сондай қиын көрінеді.
– Оны сен қайдан білесің?
– Өткенде папам аздап сыра ішіп келіп: “Сен түсінігі бар баласың ғой, мен сенің мамаңды сүйемін, бірақ, одан гөрі, ана жақтағы әйелге сондай керекпін. Ол байғұс маған өлердей ғашық,”-деп, маған бар сырын да, шынын да айтқан, – деді көкірек жара күрсінген қара бала.
Аңтарылып отырып қалған қария үш ұмтылып барып, орнынан тұрды да, сүйретіле орнына кеп жатты. Күндегідей таңғы шайына тұра алмады. Бәйек боп, қасына таянған келінінің жүдеу өңіне, мұң ұялаған жанарына байыптай қараған ол қанша уақыттан бері іште тұншыққан сөздерін енді ірке алмасын сезді.
– Шақыр, ана Мырқымбайыңды. “Әкең өлгелі жатыр!» деп айт. Жұмысына телефон соқ!-деді қатқыл да бұйрықты үнмен. Келін боп түскелі атасының зілдене сөйлегенін тұңғыш рет көруі. Несібелі қобалжып, асып-сасып, абдырап кетті: “Ата, дәрігер шақыртайын қазір!”-деп, ол кісі тап қазір өліп бара жатқандай, “03”-ті тере бастағанда, Кенжештің өзі үйге келе қалмасы бар ма?!.
– О! Біздің бұл үйлер кезінде капитальный салынған мықты үйлер ғой! Мызғымай әлі жүз жыл тұрады, – деген дауысын естіп, қуанып кетті. Кіре берісте үй көре келген біреуге сөйлеп жатыр екен.
– Ойпырмай, дәл келдің-ау! Атам ауырып қап, сені шақырт деп жатыр еді…
– Сап-сау еді ғой. Табан астында оған не боп қалды? “Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады” деген осы болды-ау! Қашан көшіріп әкетесің деп, анау да ана жақтан күнде звандап жатыр!-деп күйіне сөйлеп, түпкі бөлмеге ене берген Кенжештің көзінің оты жарқ ете қалды.
Қара шалдың қанша жыл серік еткен қара таяғы қабырғаға сарт етті: “Айдың-күннің аманында қасиетті қара шаңырағым қақ бөлінгенше, сенің ақымақ басың қақ жарылсын!” -деді қаһарлы үнмен. Шекесінен саулаған алқызыл қан Кенжештің бетін жуып кетті. Күйеуін аяп, жүрегі нәзік Несібелі жылап жіберді…
Нәр сызбастан, теріс қарап жатқан қырсық шал таңға жуық орынан тұрды. Қанша дегенмен, оқ пен оттың ортасынан оралған соң өмірге келген ұлы еді ғой. Өртеңге шыққан көктей көріп, жел-күнге тигізбей еркін өсірген өзі. Жалғыз ұлының тұщы етіне тұңғыш рет тиген ащы таяқ, ашу үстінде, қате тиіп, көзін шығарып жіберген жоқ па деген қаупі зор.
Ақыры қария, ұятты былай қойып, баласы мен келінінің бөлмесіне басын сұққан. Шекесін ақ дәкемен байлаған Кенжеш келіншегінің білегіне басын қойып, қаннен-қаперсіз, бейғам ұйықтап жатыр екен.
Заря ЖҰМАНОВА, жазушы