Сәтті жасалған ота
Тараз қалалық Тараз көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімшесіне тамыздың 5-і күні сағат 09:14-те түскен 37 жастағы аяғы ауыр ананың кенеттен жағдайы нашарлап, денсаулығына қиындық туғаннан соң ауруханаға қайырылғаны белгілі болды. Қабылдау бөліміне келместен бұрын ол жедел жәрдем көмегімен гинекологтың тексеруінен өткен. Жүктіліктің 22-ші аптасындағы анадан тиісті медициналық зерттеулер мен сараптамалар алынып, болашақ ананың жағдайы бір қалыпта екендігі анықталған соң, хирургия бөліміне жіберіліп, онда бөлім меңгерушісі Рахымжан Ғабиден Кенжайтайұлы науқасты тексеріп, “өт-тас “ және “холедоходитиаз” ауруы асқындағанын анықтап, жедел түрде ота үстеліне дайындайды. Өт-тас ауруының асқынуынан механикалық сарғаю пайда болғандықтан және ол адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, пациентке тез арада операциялық араласу жасалу қажет.
Білікті дәрігерлердің арқасында үлкен жауапкершілікті талап ететін ота сәтті аяқталады. Алтын қолды дәрігерлер Рахымжан Ғабиден бастаған медицина қызметкерлерінің арқасында жүкті әйелдің өміріне төнген қауіп сейіліп, пациенттің жағдайы жақсарып, өз-өзіне келеді.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі