Алаш даласында бүгін айрықша күн. Ер данасы – Хакім Абай туған күн. Бүгін тұтас қазақ халқы үшін ортақ мереке – Абай күні!
Ұлы Абай біздің рухани діңгегіміз, Абай біздің айнамыз, Абай біздің арымыз!
Кемеңгер Абайдың мол мұрасы, ар ілімі, адамдық философиясы біздің тамырымызға байланған. Абай сөзі қазақпен бірге мәңгілік жасайды. Біз Абайға жақындаған сайын биіктейміз, Абайды білген сайын тереңдейміз. Әр қазақ баласы Абайды толық танып білгенде ғана, елдігіміз бекем, ұлттық намысымыз тұғырлы болады. Әр қазақ баласы Абайды іздеуі керек, оған тағзым етуі тиіс.
Абайды ең алғаш танып, тереңнен тартып ой айтқан, бізбен қауыштырған ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары – аяулы Алаш арыстары. Алаш арыстарының Абайға берген биік бағасын, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Абай өз отанының сом алтыны», Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ», Кемеңгер Міржақып Дулатұлының «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күнді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деген терең сөздерінен анық аңғаруға болады. Бүгінде осы сөздер ақиқатқа айналды.
Абай – рух! Абай – темірқазық!
Ұлы Абайға әр дәуір өзінің асқақ бағасын берері сөзсіз. Жаңа дәуірдің басы – рухани жаңғыруымыздың жаңа сатысы. Осы орайда, Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» деп, данышпан ақынға жаңа ғасырда берген жаңа бағасын ерекше атап өтуге болады.
Абайды тану – өзіңді тану!
Абайға құрмет – қазаққа құрмет!
Абайдың жолы – Алаштың жолы!
Абай күні құтты болсын, ағайын!!!
БЕКЗАТ АЛТЫНБЕКОВТЫҢ ФБ ПАРАҚШАСЫНАН