ТҮРКІСТАНДА АБАЙ КҮНІ ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРАЛАРМЕН ӨРНЕКТЕЛДІ

Бүгін Түркістанда 10 тамыз – Абай күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Абайды оқы, орында!» тақырыбында кешенді іс-шаралар өтті.

Алдымен дінтанушы, ғалым Зікірия Жандарбек пен мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева бастаған қонақтар мен кітапхана қызметкерлері Оқушылар сарайы алдындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Осылайша таңертеңнен бастау алған шара ары қарай кітапханада жалғасты. Мұнда Zoom арқылы облысқа қарасты аудандық, қалалық кітапханалардың қатысуымен тікелей байланыс жүргізілді. Конференцияда Семей облысына арнайы барған кітапхана қызметкерлері Сазанова Динара және Нұрғали Ардақ Абай елінен тікелей байланысқа шығып, Семей облыстық кітапхана қызметкерлері қорындағы сирек кітаптар мен Абай Құнанбаевтың өзі пайдаланған жәдігерлермен таныстырды. Сондай-ақ олар Жидебайдағы Абай еліне, Абай мұражайы мен Абай зиратына саяхат жасады. Бұдан бөлек, конференцияда белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» пен «Парасат» орденінің иегері Мархабат Байғұт байланысқа шығып, Абай және оның шығармалары мен мол мұрасы жайында баяндап берді. Жазушының «Абайды оқы, орында!» деген сөзі күн тақырыбы ретінде алынып отыр. Ал Зікірия Жандарбек «Ислам және Абай» тақырыбында тұшымды мағлұматтар айтып өтсе, Ұлжан Әбенқызы өз сөзінде кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдіріп, Абай еліне саяхат жасалғанына қуанғанын жеткізді. Конференция соңында кітапханашылардың орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» бейнебаяны көрсетілді.

Содан соң, «Фараб» кітапханасының алдында мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушы қала тұрғындары мен оқырман қауым «Абай әлемі» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Абай шығармалары, абайтанушылардың еңбектері және арнайы Абай елі Жидебайдан алынған фото корме шежіресі қойылды. Кітапхана басшысының орынбасары Жанар Жақсылыққызы шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов мектебінің оқушылары Абай өлеңдерін оқыса, кітапхана қызметкерлері қара сөздерін айтып, аудармалары негізінде көрініс қойды. Қатысушыларға Абай шығармалары туралы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді оқырмандар мен бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар берілді. Іс-шара соңында кітапханашылар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындады.

Ашық есік күні Оқушылар сарайы алдындағы Абай ескерткіші маңындағы «Абай рухымен сырласу» атты поэзия кешімен қорытындыланды. Кеште мектеп оқушылары, кітапханашылар мен тұрақты оқырмандар Абай шығармаларын жатқа оқыды. Белсене атсалысқандар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі