Табыс көзі кәсіпте
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы жолдауларында кәсіпкерлік саласын назардан тыс қалдырған емес. Сол секілді 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болып отырғанын және өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білу керек екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауарлар бар.
Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» халыққа арнаған Жолдауында атап өтті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде қаламызда шағын кәсіпкерлік дамып, шаруасын жаңадан бастап, үй ауласындағы жерді тиімді пайдаланып өз кәсіптерін дөңгелетіп жатқан жандар баршылық.
Бүркітті елді мекенің тұрғыны Ержан Сманқұл үй маңындағы ауласынан кілем жуу шағын орталығын ашты. Шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Ержан Сманқұл ауданымыздағы шаруасын дамытам деген жас азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп дейді.
— 2019 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп. Тараз қаласында «Атамекен» палатасында үш айлық курс оқып, сертификат алып шықтым. Бес жүз бес мың грантқа қатысып жеңіп шықтым.
Осы гранттың арқасында үй ауласынан кілем жуу орталығын аштым. Кілем жуатын апараттар алдым. Өз жұмысымды ойдағыдай атқарып жатырмын. Қазіргі таңда сұраныс бар.
Қол астымда екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Айлықтары 60 мың теңге. Күніне 15-20 кілемнен жуамыз. Бір кілем жуға 30-40 минуттай уақыт кетеді. Бізге мекенжайлардан кілем жууға тапсырыс түседі. Тапсырыс берген азаматтардың кілемін шағын орталыққа алып келіп жууамыз. Бір кілем жуу бағасы 350 теңгеден квадрат метіріне аламыз,-дейді. алдағы уақытта Ержан шағын орталығын үлкейтіп, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
Көркем Асқар