ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ОЙЫНДАРЫНДА ЖҮЗУДЕН ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫ 4 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ

Түркияның Конья қаласында V Ислам ынтымақтастығы ойындары тартысқа толы өтуде. Дүбірлі додада 56 елден 4 мыңнан астам спортшы бақ сынап жатыр. Қазақстан атынан спорттың 16 түрінен 125 спортшы барған болатын.

Жүзу спортынан Қазақстан құрамасының үздіктерінің бірі –түркістандық Аделаида Пчелинцева жарқын жетістігімен ел мерейін үстем етуде. Ол алдымен жекелей сында алтын медаль еншілесе, одан кейін 100 метрге брасс әдісімен жүзуде күміс жүлдеге ие болды. Жерлесіміз одан кейін командалық эстафеталық жүзуден бір күміс және қола жүлдені олжалады. Ол, 4х100 метрге еркін жүзуде қолаға қол жеткізсе, 4х100 метрге аралас эстафетада күміспен күптелді. Осылайша, талантты спортшы бесінші рет ұйымдастырылған Ислам ынтымақтастығы ойындарынан жалпы 4 медаль жеңіп алды.

Ғаламат нәтиже көрсеткен спортшы Түркістан облысының су спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі