«Қарағым, ата-бабаң момын халық…
Бір жапырақ шыбын жанымызды байлық пен атаққа байлап беріп, қолында билігі мен ақшасы бар адамды қасиет пен қадірліге бағалаған, рухымыз – аш, ойымыз – таяз, жанымыз – жүдеу, көкірек көзіміз соқыр болған заманның бір белесінде тұрғанымыз өтірік емес.
Салты мен дәстүрі, әдеті мен ғұрпы, саналы сөзі бүкіл бір ұлтты ұйыстырып, үлгі болуға жарап тұрған халқымыздың түп болмысына көп үңіле бермейміз.
Қазақ болмысының қазығы ізеттілік қой! «Бабамнан қалған мұра – ізеттілік, арымды соған қойғам күзеттіріп»,– демей ме Мұқағали ағам! Біз сол ізеттілік жолында күзетші болған халықпыз.
Айтайын дегенім, ертеректе ауылдан көшіп кеткен ағайын кісінің келіні Гүлсара деген жеңгеміз бар еді. Сол кісі ауылға тойға келіпті, көрмегелі біраз жыл өткен. Елден кеткелі 30 жылдан аса уақыт болыпты. Ауылдағы үлкен шаңырақ қой, сәлем берейін деп үйге келіпті.
Жасы 70-тен асқан әлгі жеңгеміз есіктен кіре бере үш рет иіліп сәлем берді Қалжыңдап: «Бақытты бол, айналайын, көп жаса! Ұл тап! – дедім. Ағамыз о дүниелік, шаңырағына шамшырақ боп отырған жеңгеміздің қадірін бұрыннан білсек те, мына сәлемі ерекше әсер етті.
Ағамыз өмірден өткен соң үлкендер: «Жесір әйел сәлем салмайды, ендігі жерде басың иілмесін, жүзің төмен түспесін», — деп сәлем салғызбайтын. Оңашада үш рет иілген сәлемінің сырын сұрадым.
«Бірінші сәлемім – ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған, талай қуанышыма куә болған құтты шаңыраққа деген сәлемім.
Екінші сәлемім – қазаның жолы жіңішке, аруақтың орны биікте, қашаннан ата-баба аруағын ардақтаған елміз ғой, тәні жерде болғанмен, рухы көкті кезіп, аруағы жерүсті тіршілігін, орман-тоғайын, атажұртын, отбасын қорғап-қоршап жүрген ата мен апаға деген сәлемім.
Үшінші сәлемім – жасың кіші болса да-елге сыйлы азаматсың, алыстан келіп жатырсың», – деп, өзіме салған сәлемі екен. Жарасымды сыйластықтың жібін үзбей, қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап жүрген жеңгеме риза болдым.
Кейде жабырқаған көңіліңді селт еткізіп, жаныңа жылу сыйлайтын сәттер кездеседі… Сол кезде әлі де өткеннің қымбат қазынасының шоғын үрлеп сөндірмей отырған асылдардың бар екеніне көз жеткізесің.
«Қарағым, ата-бабаң момын халық,
Өтіпті бір-бірінің жолын бағып.
Қасиетін бабаңның орындап жүр,
Одан ешкім кетпейді тоныңды алып», – деп Мұқағали ақын айтқандай, дәстүрді қадірлеу арқылы өткеннің асылын болашақтың озығына жету жолында алтын көпір етсек қой, шіркін…
Тұрыс Бекжан.