Облыс әкімі Т. Рысқұлов ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын тексерді

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Т.Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары Ақыртөбе ауылындағы жер асты газ сақтау қоймасымен танысудан басталды. 1986 жылы құрылған қойма күшейткіш компрессорлық станциядан және ұңғыма қорынан тұрады.

Жамбыл және Алматы облыстары үшін газды тұтынудың маусымдық және тәуліктік ауытқуы мен газбен жабдықтау резервінің магистральдық газ құбырын реттеуді іске асыратын нысанның сыйымдылығы 300 мың текше метрге шақталған.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ақыртөбе ауылындағы жаңа АГТС нысаның тексеріп, оны іске қосу бойынша шаралар қабылдау үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Алғабас ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп пен шағын орталықтың күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы маусым айында басталған. Мердігер “Ремстрой-СС” ЖШС-і құрылысты жаңа оқу жылына дейін тапсырмақ.

Облыс әкімі білім беру нысанының аумағын, спорт және балалар алаңшасын абаттандыру, күтіп-ұстау бойынша мектеп директоры мен ауыл әкіміне бірқатар ескертпелер жасады.110-нан астам бала білім алатын оқу ордасында 60 бала ыстық тамақпен қамтылған.

Аймақ басшысы жаңа оқу жылында балалардың сапалы, құнарлы тағаммен қамтылуына баса назар аудартып, тәрбие мен біліммен қатар ұрпақ саулығына да барынша көңіл бөліну керектігін ескертті.

«Ақтоған» шаруа қожалығы егін және егінді кластерлік әдіспен ұн және макорон өндеумен айналысады. 50 адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық биыл 4000 гектарға күздік бидай, 2890 гектарға жаздық арпа дақылын сепкен. Бүгінгі таңда егінді қызу жинау үстінде.

6000 тонналық элеваторы бар шаруашылықта өндірілетін жоғары сұранысқа ие 25 түрлі макорон өнімі облыстағы дүкендерге және түрлі жәрмеңкелерде тұрақты түрде өткеру жолға қойылған. Қожалық жетекшісі Сеит-Хасан Ахаев биыл сапалы макорон өнімімен қатар, крупа және лапша өнімін өндіруді де жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Нұржан Нұржігітов басқа аудандардағы шаруалардың бидайларын осында жеткізіп, тарту жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Мұнда облыс әкіміне ауданның ауыл шаруашылығы саласында қалыптасып отырған көрсеткіштер мен жоспарлы межелер туралы баяндалды.

Бұдан соң облыс әкімі Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабында бой көтеріп жатқан 80 пәтерлі екі үйдің жағдайымен танысты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы бөлінген екі үйдің ішкі жұмыстары аяқталған. Енді жылыту қазандығы мен ауласын абаттандыру жұмыстарына қаржы қажеттігі туындауда. Ол үшін әзірленген ЖСҚ құнының қымбаттығына көңіл бөлген аймақ басшысы оны қайта қарау керектігін баса айтты. Сондай-ақ үй құрылысының сапасына қатысты тексеріс жүргізуді тапсырды.

Құлан агротехникалық колледжінде 600-ге жуық студент 12 мамандық бойынша білім алуда. Оқу ордасында ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлануда. Облыс әкімі колледждің бастамалары мен жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі.

Күрделі жөндеуден өтіп жатқан Құлан мектеп-гимназиясы мен Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебіндегі құрылыстар кестеден айтарлықтай кешігуде. Мердігер «ЕрК Астана» ЖШС-інің жұмысын сынға алған облыс әкімі ол бойынша жауаптыларға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, қажеттілікке қарай жұмыс күшін арттырып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау керектігін баса айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Луговой ауылындағы «Асаралатып үй салу» жобасы шеңберінде салынған үйді тапсыру салтанатына қатысты. Ауылдықтар және түлектер «Жан жылуы» қайырымдылық қорына ақша жинап, асар әдісімен жұмылып құрылысын жүзеге асырған үй алты балалалы Индира Көрпешоваға берілді. Жалғызбасты ана өз балаларынан бөлек тағы бес баланы тәрбиесіне алып, өсірген.

Бес бөлмелі үй газ, ауыз су, электр энергиясымен қамтылған және жиһазбен жабдықталған.

Нұржан Нұржігітов қоныс той иесін қуанышымен құттықтап, «Асарлатып үй салу» жобасының негізгі мақсаты — тұрғындарды игі іске біріктіру, қайырымдылыққа үндеу екенін атап өтті.

Аймақ басшысы Луговой ауылындағы бұрынғы кеден кызметкерлерінің жатақханасын қайта қалпына келтіру жобасымен танысты. Ғимаратты жаңғыртып, үй кезегінде тұрғандарға беру ұсынысын қолдады. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылын сумен қамту нысанының құрылысын көрді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 30-ына ауыз су тартылған. Қалған 3 ауылға құбыр жүргізу жұмыстары орындалуда десек, тағы 3 елді мекен бойынша ЖСҚ әзірленуде. Ал, 6 ауылға кешенді блокты модульдік қондырғы орнатылатын болады.

Өз кезегінде Каменка ауылындағы мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығын күрделі жөндеуден, Жалпақсаз ауылына баратын жолдағы темір жол өткелін қайта іске қосу жобалары да облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары актив жиынымен түйінделді.

Басқосуда алдымен аудан әкімі Ернар Есіркеповтің есебі тыңдалды. Содан соң әр салаға қатысты аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алынды.

Нұржан Нұржігітов сан саладағы жұмыстар әлі де көңіл көңшітпейтінін айтып, тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

— Жұмысқа деген көзқарасты өзгерту керектігін тағы да еске саламын. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар әр ауылға жету керек. Оны бөлім басшылары мен ауыл әкімдері ұйымдастыруы тиіс. Ол үшін талап-ережелерді өздеріңіз жақсы білуге міндеттісіздер. Бюджет қаржысын игеруден бөлек, өздеріңіздің іскерліктеріңізді көрсете біліңіздер. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруға күш салыңыздар. Ауылдардағы әр отбасының тұрақты табысы болуын қамтамасыз етіңіздер, — деп нақтылады облыс әкімі.

Жиында тоқтап тұрған ШОБ нысандарын жандандыру, субсидия беру, пилоттық жобаның нәтижелі орындалуы, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жамбыл облысы әкімдігі