Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қайтыс болғанына 29 жыл болды
22 тамыз — Дінмұхамед Қонаевты еске алу күні болып аталып, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың көрнекті қоғам қайраткерін еске алуға арналған кештер өткізіліп, тұлғаға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, жастарды қайраткердің өмір жолымен таныстыру шараларын ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті.
Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
Осы орайда Талас ауданы, Қаратау қаласында орналасқан қоғам қайраткерінің құрметіне ашылған мұражайда Дінмұхамед Ахметұлын еске алуға арналған жиын ұйымдастырылып, гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. Одан кейін Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында дара тұлғаның әруағына арнап, құран бағышталды.
☑️☑️☑️ Талас ауданы әкімдігің баспасөз қызметі