ЖАНЫ ЖОМАРТ ЖАН

Ұмытпасам 2017 жыл болатын. Тараз қаласында Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңес төрағаларының біріккен облыстық жиыны өтті. Менде бұл жиынға Мойынқұм ауданындағы Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы ретінде қатысқаным бар. Аталған жиында оны жүргізуші «келесі сөз Байзақ аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жұманғали Құмғанбаевқа беріледі» деді. Жан-жағыма қарап едім, алдымда отырған мығым денелі, аққұба келген, қою қара шашты азамат орнынан көтеріліп, мінбеге қарай аяңдады. Ол бірден аудандағы өздері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды нақты дәлелдермен айтып шықты. Сөз саптауы, тілінің жатық болғанына қарағанда тіл маманы болар деп топшыладым. Қойылған сұрақтарға да іркілмей жауап беріп, өз жұмысын жетік білетін, көзі ашық, көкірегі ояу жан екенін бірден аңғартты.
Бұл азаматтың фамилиясы көп кездесе бермейтіндіктен бірден назарымды аударды.Біздің ауданға жаңадан аудандық әділет басқармасының бастығы болып келген жас жігіт Нүркен Құмғанбаев лезде есіме түсті. Жиналыстан соң ағаға сәлем беріп, «Сіздің Мойынқұм ауданына қызметке келген Нүркен Құмғанбаевқа қатысыңыз жоқ па?», — деп сұрадым. Аға «Ол менің балам ғой», — деді. Осылайша біз жақынырақ танысқан едік. Міне сол күннен бастап Жұманғали ағамен облыста өткен әртүрлі жиналыстарда кездесіп жүрдік. Сол біз танысқан жиналыста ел арасындағы «қаржыгерлер сөзге шорқақ келеді» дегенді ағамыз теріске шығарғандай болған еді.
Құмғанбаев Жұманғали Серікбайұлы 1952 жылдың 20 тамызы күні ауданымыздың Диқан ауылында өмірге келген. 1973 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Киров атындағы колхозда еңбек жөніндегі экономист, аға бухгалтер болып бастаған. Өз ісіне ұқыпты жас маман алғашқы күндерден-ақ колхоз, тіпті аудан басшыларының назарына ілігеді. Сөйтіп, көп ұзамай аудандық қаржы бөлімінде экономист, Киров атындағы колхозда бас бухгалтердің орынбасары, ал 1978-1986 жылдар аралығында Чапаев атындағы совхоздың бас бухгалтері ретінде совхоз экономикасының еселеп артуына мол үлес қосады.
Адал еңбек қашанда абыройға бөлейтіні аян. Жұманғали ағаның да еңбегі еленіп, 1986 жылы Сазтерек селолық Советі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

Байзақ ауданы әкімдігі