СҚО: «Қызылжар СҚ» футбол командасы марапатталды
Петропавл қаласында Бірінші лига командалары арасындағы ҚР біріншілігінде 3-орынға ие болған «Қызылжар СҚ» футбол командасы ойыншыларын марапаттау рәсімі өтті деп хабарлайды СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Күн қаһармандарын қызыл кілемде қарсы алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов спортшыларға қола медаль табыстады.
«Бүгін солтүстікқазақстандық футбол тарихындағы айтулы күн. Бірінші лига командалары арасындағы ҚР біріншілігіндегі қола медаль – өңір имиджін қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сіздердің жетістіктеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі. Болашақта сіздер үздік спорттық нәтижелер мен ірі жеңістерге жететіндеріңізге зор сенім білдіремін!», — деді Ерік Хамзаұлы.
Өңір басшысы спортшылардың бапкерлеріне жоғары нәтиже көрсетіп, үздік спортшылар тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, облыс басшысы СҚО-да футболды дамыту үшін материалдық-техникалық базаның нығайтылып, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соңғы екі жылда 263 футбол және шағын футбол алаңдары салынса, оның 46-ы заманауи жасанды жабынмен қапталған. Бүгінде «Қарасай» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, спортшыларымыз жыл бойы жаттыға алуы үшін «Жастар» стадионында жабық футбол манежінің құрылысы басталды.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы футболшыларға түрлі аталым бойынша марапаттар табыстады. «Үздік қақпашы» атағына Тимурбек Закиров ие болса, «Үздік қорғаушы» болып Неманья Видич танылды. Сонымен қатар, Аслан Жанұзақов «Үздік жартылай қорғаушы», Бошко Ступич «Үздік шабуылшы», ал Әли Әлиев «Маусымның ең үздік ойыншысы» атанды.
«Қызылжар СҚ» футбол клубының капитаны Евгений Аверченко облыс басшылығына, бапкерлер штабына, жанкүйерлергеқұрама атынан алғысын білдірді.
Команданың бас ойыншысы облыс әкімі Ерік Сұлтановқа қола медаль табыстады. Сонымен қатар, футболшыларды облыстың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Александр Липовой, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазақша күрестен бірінші спорт шебері, халықаралық олимпиада комитетінің Алтын Орденінің иегері, спорт ардагері Бауыржан Күлжанов құттықтады.
2016 жылы балалар мен жасөспірімдер командалары лигасында Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегерлері болған «Жас Қыран» командасының жас ойыншылары Александр Иванов пен Олжас Ақжолов, сондай-ақ, «Қызылжар СҚ — 2006» футбол клубының ең жас спортшылары Алдияр Серікбай мен Мансұр Рамазанов бүгінгі марапат иелерінің лайықты ізбасарлары болатынын жеткізді.
Салтанатты іс-шара облыстың шығармашылық ұжымдарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.