Қиындық, қайғы-қасірет – Алланың сүйген құлына беретін нығметі
Ислам ғұламалары қайғы-қасіретті төртке бөлген:
1. Адамның өз басына түсетін қайғы;
2. Адамның мүлкіне түскен қасірет;
3. Адамның абыройына, арына түскен қасірет;
4. Оның отбасына және жақсы көретін адамдарына түскен қайғы.
Алайда, Алла Тағала ешкімге өзі көтере алмайтын сынақ бермейді. Аллаға және Ақыретке иман келтірген мұсылман тағдырдан болған кез келген сынақты күліп қарсы алуға тырысады. Себебі, басқа түскен қиындық – нығмет. Бұл туралы хадисте: «Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің ұшы тиюі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді» делінген. (Бұхари, Муслим). «Сауаптың үлкендігі сынақтың қаншалықты ауыр болғандығына байланысты және егер Алла бір қауымды жақсы көрсе, оған сынақ жібереді. Кім разы болса, Алланың разылығына жетеді, ал кім ашуланса, Алланың ашуына ұшырайды».(Тирмизи).