Суды үнемдеу сылтауды көтермейді

Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыстық қоғамдық кеңес пен облыс әкімдігінің бірлескен отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер, өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдардың  басшылары, қоғамдық кеңес жетекшілері, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты. Аудандардағы қоғамдық кеңес мүшелері мен әкімдіктер бөлім басшыларының селекторлық режимде байланыста болуы қамтамасыз етілді.

Ауыз сумен қамту – 96  пайыз

Бірлескен отырыстың күн тәртібіне «Облыстағы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және қорғау жұмыстары туралы» мәселе ұсынылды. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық кеңес  төрағасы Мұрат Өтешов баяндама жасады. Облыста халық санының өсіп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларының қарқынды дамуынан су пайдаланудың көлемі де жылма-жыл артып отыр. Соған байланысты су қорларын пайдалану, үнемдеу мен қорғау мәселесі аса алаңдаушылық  тудыруда.

Аймақта Жайық өзенінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жобасы бойынша өзен түбін тереңдету жұмыстарына 2013 жылдан бастап трансферт есебінен 1,7 млрд. теңге қаралды. Жайықтың Индер ауданы тұсындағы тайыздалған жеріне тереңдету жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл мұндай жұмыстар Махамбет ауданында жалғасып, 587 млн. теңге игерілген.

Соңғы бес жылда «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес, тұрғындарды тазартылған ауыз сумен қамту мақсатында 84 нысанға қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Облыс халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 96,1 пайызға жетті.

Құлазып  тұрған құрылғылар

Баяндамашы бұдан әрі облыста еліміздің Су кодексі талаптарын орындауда көптеген кемшіліктер орын алып жатқанына жан-жақты тоқталды.

Ең бастысы, ауыз суды коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке пайдалану фактілері жиі орын алуда. Өңірде сумен қамту біркелкі емес. Исатай, Жылыой аудандарында ауыз судың сапасы, жабдықтау және санитарлық қызмет көрсету қызметі төмен. «АтырауСуАрнасы» мекемесіне қарасты төрт су тазарту қондырғысының үшеуі ескірген, жөндеу үшін қаржы мәселесі шешілмеген. Жаңадан салынған №5 су сүзгіш стансасы мемлекеттік қабылдаудан өткенімен, әлі пайдалануға берілмеген, техникалық су жүйесі жұмыс істемейді. Барлық аудандардағы су тазарту қондырғыларында санитарлық-эпидемиологиялық қорғау аймақтары жасалмаған, халыққа су залалсыздандырылмай жіберіледі. Олар зертханамен, қажетті бақылау, өлшеу, сынақ құралдарымен жабдықталмаған, су құбырлары ескірген, тозығы жеткен кәріз және ауыз су құбырларын жаңаға ауыстыру жұмыстары мардымсыз.

Су тұтыну тиімділігін арттыру, су ысырабын болдырмау мәселелері толықтай қолға алынбаған. «АтырауСуАрнасы» мекемесінде алды жетпіс-сексен жылға жуықтаған су айдау, сору, тазалау стансалары пайдаланылуда. Сарқынды су полигондары бақылаусыз. Су пайдаланушылар мен тұтынушылар су өлшеу құралдарымен толық қамтылмаған. Қаланың  Авангард ықшамауданындағы көп қабатты 92 үйге ғана 243 топтық өлшейтін құралдар қондырылған, ал, қалған шағын аудандарында мұндай өлшеуіштер жоқ.

— Өнеркәсіптік кәсіпорындарда суды үнемдеу және қолданылған суды тазалау технологиясын енгізу үрдісі баяу жүргізіледі. Қаладағы суды көп пайдаланатын «Атырау жылу орталығы», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» сияқты ірі өндіріс орындары, басқа да кәсіпорындар пайдаланған суларын «Жылы каналға» шығарып, оның ластануына жол береді. Өз кезегінде бұл судағы лас-қоқыстардың улылығының артуына, судың биологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп  соқтыруда, — деді Мұрат Сақтайұлы.

Қоғамдық кеңес отырысында бізге мәлім болғанындай, ауыл шаруашылығында егіс дақылдарын суару нормасын сақтау, егісте тамшылатып суару әдісін қолдану Махамбет пен Индер аудандары шаруашылықтарында жолға қойылған. Облыстағы 7,6 мың гектар суармалы егістіктің тек 25 пайызы тамшылатып суарылады. Ал, Исатай, Қызылқоға, Мақат аудандарында бұл әдіс   тек жылыжайларда ғана қолданылатын болып шықты.

Құрманғазы ауданындағы  Қиғаш, Шарон, Кобяково өзендерін тереңдету, тазалау жұмыстары 90-шы жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалған. «АтырауСуШар» мекемесіне жоспарлы 47 дана гидротехникалық құралды өңдеу, жаңадан салу үшін қаражат жоқ. Магистральды каналдардың су ысырабын өлшеу және төмендету мақсатында пайдаланылатын ультрадыбыстық өлшегіштер қолданысқа енбеген.

Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов алқалы жиынға қатысушылар назарын сондай-ақ, су  шаруашылығында, орман, жануарлар дүниесі мен балық қорын қорғауда қордаланған мәселелерге де аударды.

%d1%81%d1%83%d0%b4%d1%8b-%d2%af%d0%bd%d0%b5%d0%bc%d0%b4%d0%b5%d1%83-%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d1%8b-%d0%ba%d3%a9%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d0%b4%d1%96-2

Бұлақтардың  көзі бітеліп  қалған…

Бұдан соң кеңес отырысы жұмысына қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай  Еңсегенов  мінбеге көтерілді. Ол Ақтөбе облысының Мұғалжар тауларынан бастауын алып, Жылыой ауданы  арқылы Каспийге құятын Жем өзені суының азайғанына тоқталды. Жылыойлық  тұрғындардың өтініші бойынша Ақтөбе облысына барған сапарының қорытындысынан хабардар етті. Сәрсенбай Құрманұлы халық арасындағы «Жем өзенінің суын Ақтөбе облысындағы қытайлық компаниялар  бұрып алыпты, ақтөбеліктер ауыл шаруашылығы үшін  өзеннің арнасын бөгеп тастапты» деген әңгіменің еш негізсіз екендігін айтып, Жем өзеніне қатысты тез арада қолға алынуға тиісті мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, Жемнің және оған құятын 14 шағын өзеннің бастауындағы бұлақтардың көзін ашу қажет. Біз барған Егіндібұлақ ауылында  екі жүзге тарта бұлақ болған. Олардың басым көпшілігі бітелген. Бұлақтар мемлекет назарынан тыс қалған, есебі жүргізілмеген. «Елімізде қанша бұлақ бар, олардың жағдайы қалай?» деген сұраққа жауап беретін бірде-бір мемлекеттік орган жоқ. Сондықтан, қолданыстағы су қатынастарына байланысты заңнамалық актілерді жетілдіру қажет. Мен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселелерді шешу туралы ұсыныс бердім.

Екіншіден, жоғарыда айтқан 14 өзеннің арналарын аршу керек. Өзеннің Каспийге құяр сағаларын тікұшақпен аралап шықтық. Ол 800 шақырымға созылып жатыр. Тікұшақтан Жем арнасының кей тұстары толықтай бітеліп, судың бірнеше тармақтарға бөлініп кеткені анық көрінеді, — деген Сәрсенбай Құрманұлы болашақта қомақты қаржы мен үлкен күшті қажет ететін жұмыстың маңыздылығын ескеріп, қолға алу, көршілес екі облыстың күшін біріктіру қажеттігін де атап айтты.

Сенатордың ойынша, Жылыой ауданында Жем өзенінің бойынан су қоймасын салу – кезек күттірмейтін міндет. Аудан халқы, су шаруашылығы мамандары да су қоймасының салынуына түсіністікпен қарап отырған көрінеді.

— Су қоймасының құрылысы туралы сіздердің тараптарыңыздан қолдау болған жағдайда оны Үкімет алдына қойып, бірлесе жұмыс жасауға ынталы екенімді жеткіземін. Әрине, мұндай ауқымды жұмыс тиянақты зерттеп, зерделеуді қажет ететіні де түсінікті. Дегенмен, 60-70-ші жылдары Кеңес одағы кезіндегі көптеген жобалардың тыңғылықты, жан-жақты, ғылыми негізділігімен ерекшеленетіндігін ескерсек, қолдағы бар жобалық құжаттар көп жұмысты жеңілдетеді деуге болады, — деп түйіндеді өз ойын Сәрсенбай Құрманұлы.

Экологиялық тепе-теңдікті сақтау қажет

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан жасаған қосымша баяндамада өңірдегі су ресурстарын қорғау, оны тиімді пайдалану мен суды үнемдеу мәселелеріне баса назар аударылды.  Облыстың жерүсті суларының негізгі көздеріне Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы, трансшекаралық Жайық, Қиғаш және республикалық маңызы бар Ойыл, Сағыз, Жем өзендері мен Қамыскөл және Қараша көлдері жатады. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданы аумағында Тайсойған, Қарасу, Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас аумақтағы Қоянды жерасты су кен орындары бар.

Бүгінде облыс халқы тұтынатын судың 92 пайызы Жайық пен Қиғаштан, ал, қалған 8 пайызы жерасты су кен орнынан топтық су құбырлары арқылы пайдаланылып отыр.

— Жайық өзенінің көктемгі ағысының 2008 жылдан бері күрт кемуі оның өз арнасынан шықпауына, өзен жағалауындағы орман ағаштарының жаппай қурауына, жағалаудағы жайылымдық және шабындық алқаптарының жойылуына соқтырып, тіпті өзеннің жекелеген тұстарының өте тайыздауына себеп болды, — деді басқарма басшысы. – Бұл жағдай балықтардың уылдырық шашып, көбею жерлеріне өтуіне үлкен кедергі келтіріп отырғанын айтпағанның өзінде, өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға кері әсер етуде.  Сондықтан,  Жайық өзенінің теңізге құятын тамағын кеңітіп, тереңдету – басты міндеттердің бірі.

Сауал  көп, жауап  жоқ

Қоғамдық кеңес отырысында талқыланып отырған мәселеге орай  облыстық су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ғалидолла Әзидуллин, «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Салауат Төленов, «ҚазСуШар» РМК Атырау филиалының директоры Асланбек Рысжанов, «АтырауСуАрнасы» КМК-ның директоры Андрей Ташлыков сөз сөйлеп, өздері басқаратын мекемелердегі суды пайдалану, үнемдеу жөнінде алынған шаралар туралы айтты. Бірақ, олардың болашақта тындырылатын шаруалар туралы  ақпараттары мен қойылған сұрақтарға байланысты берген жауаптары облыс әкімін де, қоғамдық кеңес мүшелерін де қанағаттандыра қоймады.

Атыраудың оң жақ жағалауындағы кәріздік тазарту құрылғысының ахуалы туралы да сын айтылды. Ол тәулігіне 30 мың текше метр ағын суларды қабылдауға арналған, ал, іс жүзінде 70 мың текше метр су қабылдайды. Құрылғылар 1978 жылы пайдалануға берілді, содан бері оған бірде- бір күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Булану алаңына жетпес бұрын ағын сулар толықтай тазарту циклінен өтпейді, сондықтан бактериялар толып тұр. Рас, «АтырауСуАрнасы» басшысы  қала тұрғындарының су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланатындығы және соның салдарынан кәсіпорынның шегіп отырған шығындары туралы көбірек әңгімеледі.

– Сіздер су  тұтыну нормасын күшейтіп, есептеу қондырғыларын орнаттыңыздар. Бұл қажетті нәрсе екендігіне келісемін. Бірақ, сіздер басты проблема – ағын суларды бұруды ұмыттыңыздар, — деді облыс әкімі Ташлыковқа. – Мен қайтара айтамын, біз «бомбаның» үстінде отырмыз. Бірақ, неліктен екені белгісіз, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті әрекет етпейді. Оң жақ жағалау бөлігіндегі кәріздік тазарту құрылғылары  тозған. Ал, сол жақ жағалауда олар мүлдем жоқ. Күн сайын 70 мың текше метр кәріз суларын булану алаңына төгіп тастаймыз. Бұл мәселені 15 жыл бұрын көтеру керек еді, алайда, сіздердің көпшілігіңіз тіпті бұл жаққа қарай қозғалмадыңыздар. Мен Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновке алдымен осы проблеманы шешуді тапсырдым. Бұған бүкіл ресурстар жұмылдырылуы тиіс.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандардың көпшілігіне статистикалық мәліметтер мен түсініксіз сандарды тізбектегеннен гөрі, «халық тұтынатын ауыз судың сапасын қайтсек жақсартамыз» деген басты  мәселенің назардан тыс қалып жатқанына қынжылыс білдірді.

Кеңес отырысында «Атырау жылу электр орталығы» АҚ президенті  Айбар Рахманов Жайық өзенінен турбиналарды салқындатуға пайдаланатын судың көлемін азайту мақсатында арнайы шара жасақталып, облыстық экология департаментімен келісілгендігін, нәтижесінде 2019 жылдан бастап жыл сайынғы өзеннен алынатын су 12 млн. текше метрге үнемделгендігін  мәлім етті.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары-бас инженер  Денис Козырев су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және қорғау жөніндегі қабылданған іс-шаралар туралы тұжырымды түсінік берді.

%d1%81%d1%83%d0%b4%d1%8b-%d2%af%d0%bd%d0%b5%d0%bc%d0%b4%d0%b5%d1%83-%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d1%8b-%d0%ba%d3%a9%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d0%b4%d1%96-3

Аймақ басшысы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» бас директорының орынбасарына қарап:

– Қалада күкіртті сутегі иісі пайда болған кезде тұрғындар бірден бізге шағымданады. Қала тұрғындары химиктерге айналған, қашан Сасықсайдан, қашан мұнай өңдеу зауытынан иіс келетінін біледі. Сіздер беретін есептер бойынша бәрі жақсы көрінеді, алайда, қала тұрғындарының пікірі басқаша, — деді.

Бірақ, Козырев  болса, олардың құзырында булану алаңының тек 30 пайызы ғана бар екенін, олардан басқа бұл аумақты тағы жеті кәсіпорынның пайдаланатынын мәлімдеді. Зауыттың бүкіл қалдықтары кәдеге жаратылмас бұрын қажетті тазарту шараларынан өтеді және шығар кезде қоршаған орта үшін қауіп болмайды. Облыс басшысы өкілетті органдарға тек бір кінәліні тауып, оған айыппұл салуды емес, осы проблеманың егжей-тегжейін толықтай анықтауға тапсырма берді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай айыппұлдар мөлшері тигізілген зиян мөлшерімен салыстыруға келмейді.

– Егер тек мұнай өңдеу зауытын алатын болсақ, онда бұл зауыт әлі ұзақ жылдар бойына жұмыс істейді. Ең алдымен, өз имиджі туралы кәсіпорын басшысы ойлануы тиіс. Бұл мәселе Атыраудағы «газ шабуылы» проблемасын біржолата жою үшін шұғыл шешімді талап етіп отыр, — деді облыс әкімі.

Басқосуда талқыланып отырған мәселе төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова, исатайлық зейнеткер Таупих Маштахов, су шаруашылығы саласының ардагері Нұғыман Қарабалин,  профессор Едіге Сабуров және басқалар пікірлерін ортаға салды.

Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысын қорытындылаған аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы тиісті облыстық басқармалар мен құзырлы мекемелер басшыларына суды пайдалану, қорғау, реттеу, үнемдеу аясындағы бақылауды, су заңнамасын бұзған субъектілердің құқықтық жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Облыс әкімі су кадастры мен су мониторингтерін жүйелі жүргізу облыс аумағында магистральды топырақ каналдарын су үнемдеу мақсатында қалыпқа келтіруге,  айдындардың экологиялық жағдайы мен қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуіне ерекше көңіл бөлу  қажеттігін қадап айтты.

Осындайда атамыз қазақтың «судың да сұрауы бар» деген қанатты сөзі  ойға оралады. Бізде ағып жатқан өзендердің біразы өзге елдерден басталады. Қашаннан да «кісі­дегінің кілті – аспанда» болатыны белгілі.  Дегенмен, өз тарапымыздан қолдағы барды бағалап, суды үнеммен қажетке жаратуға көңіл бөлгеніміз артық емес. Ашығын айтқанда, қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысынан ойға түйгеніміз, өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу, тазалығын сақтау, оны пайдаланудағы техникалық ысырапты төмендету, нақты есебін жүргізу, жерасты су көздерін анықтау мәселелеріне құзырлы мекемелер тарапынан жеткілікті мән берілмей отыр. Болашақта осы мәселеге тиісті органдар нақты көңіл бөлсе деген тілек бар.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ