«БАЙТАҚ ЖЕРІ, БАЙРАҚТЫ БАЙЗАҚ ЕЛІ!»
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен орталық стадионда «БАЙТАҚ ЖЕРІ, БАЙРАҚТЫ БАЙЗАҚ ЕЛІ!» атты облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері арасындағы спартакиада өз мәресіне жетті.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған спартакиада жастар арасындағы достықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын көздеді.
Аталмыш шараға Тараз қаласы мен барлық аудандардың Жастар ресурстық орталықтарынан құрылған он команда спорттың үш түрі бойынша сынға түсті. Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеген соң, бас төреші ойын ережелерін таныстырды. Қызықты да тартысты сәттерге толы жарыс барысында командалар тоғызқұмалақ, арқан тарту және кіші футболдан өзара мықтыны анықтады.
Спартакиада нәтижесінде жалпы командалық есепте Сарысу ауданының командасы бірінші орынды, Тараз қаласынан жасақталған облыстық жастар командасы екінші орынды иеленді.Үздік үштікті байзақтық жастар командасы түйіндеді.
«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.