МАЙҚЫ БИ
Қырымнан келіп Бұхарада хандық құрып түрған Қызыл Арыстан деген ханнан бір тұтқын күң әйел ұл табады. Оның тұла бойы алапаш болады.
Соны перзентсіз бәйбішесі ханға «Бұл баланың көзін құрт, құртпасың еліңді өскенде ала тайдай бүлдіреді» дейді. Хан бәбішесінің күндестікпен айтқан сөзіне иланып, әскерінен қырық жігіт бөледі де: «Мына баланы тапқан шешесімен Сырдариядан өткізіп тастаңдар.
Өлсе өлер өлмесе өзінше күн көрер. Шешесі де, баласы да мұнда қайтып келмейтін болсын, өздеріңе де бостандық»,-дейді.
Қырық жігіт сырдариядан өтіп, Қаратау өңірінде аң аулап жүреді де, есейген соң баланы бір жерге әкеліп тастайды.
Балаға аң аулап жүріп Майқы бидің баласы Үйсін кез болады. Бірақ бала оған ермейді. «Кімсің» деген сұрағына бала жауап та бермейді. Үйсін далада көргенін әкесіне айтып келеді: «Бір ағаштың түбінде отырған баланы көрдім, ай десе аузы, күн десе көзі бар. Көрген кісі қызығардай. Жалғыз айыбы тілі жоқ», — дейді.
Майқы:
-Оған мені апарыңдар, мен сөйлесіп көрейін, — дейді. Майқы барса, бала оны көргеннен-ақ атып тұып:
-Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұхара жұрттың азығы! – деп сәлем береді.
-Уағалейкумәссәлем,балам, әменда аман бол! Болайын деп тұрған ұл екенсің, жүр маған ер? – деп, оны аулына ертіп әкетеді. Өкіл бала етіп: төбел бие сойып, төменгі елді, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып, той қылады.
Той тарқасымен «ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына бел баласы Үйсін бастаған жүз жігіт қосып беріп, жолға аттандырады.
-Қаратаудан асып әрі қарай жүре беріңдер, алдарыңнан Ұлытау, Кішітау дейтін таулар, Қаракеңгір, Жездікеңгір деген өзен-сулар кездеседі.
Сол жерлерге барып, ірге теуіп орнаңдар. Ақ найзаның ұшымен ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашасы боласыңдар, — деп Майқы батасын беріпті.
Жүз жігіт Қаратаудан асып, Ақтау, Ортауды басып, Шу, Сарысу өзендерін кесіп өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне жетеді. Орныға бастайды. Бұлардың дыбысы Қызыл Арыстанға жетеді. Хан:
-Менен қалағанын алып баламды өзіме қайтарсын, — деп Майқы биге кісі салады.
Хан баламды қайырсын деп қоймағасын, Майқы Қоғам ұлы Алшынды басшы етіп, Ұлытауға жүз жігіт жібереді. Жігіттерге басшы, ақылшы болсын деп оларға он қария қосып береді.
Бұлар қайтпай қалады. Екінші рет тағы жүз жігіт жұмсайды. Оларда қайтпай қалады. Үшінші рет тағы жүз жігіт жібереді. Олар да сөйтеді. Бәрі де Майқы би өкіл бала еткен Ахметтің ықпалынан шыға алмай, соның қарауында қала береді.
Адамға адам, елге ел қосылып, аумағы кеңейе береді. Енді сол елдің халқы Ахметті ұлытауда хан көтереді. Кейін ол жауынгерлігімен Алаша хан атанады.
Хандық жауынгерлік уақытта құрылғандықтан әр жүздің жорықта атқаратын міндетін, жауынгерлік ұранын белгілеп береді. Осының бәрі Майқы бидің айтқанымен іске асырылып отырған.
Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18-атасының да есімі Майқы болған. Шыңғыс ханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны ең беделді адам, әулие деп те атаған, себебі, ол ел тағдыры мен оқиғаларды болжай білген.
Шыңғысханның ұлы Батысқа жорыққа аттанған кезде әскерінің оң қанатын сеніп тапсыратын болған. Абай Майқы биді 12 бидің санатына қосқан, сонымен бірге ол 1206 жылы Шыңғыс хан моңғолдардың ханы болып сайланған кезде құттықтауға барған 12 ханның бірі көрінеді.
Аңыздар бойынша, ноғайлықтар көшіп, Орманбет би қайтыс болған соң, Майқы би қазақтарды үш жүзге бөлген екен. «Жүз» деген сөз араб тілінен аударғанда «бөлім» деген мағынаны білдіреді.
Үйсіндерді «Ұлы жүз», Қабанүлы Болатқажы бастаған бөлікті «Орта жүз», Алшын бастаған бөлікті «Кіші жүз» деп атады. Ноғай хандарының бірі — Ахметті (Алаша хан) үш жүздің ханы етіп сайлады.
Бұл бірлестікке барлық 40 рудың өкілдері енген және әр бөлімге айырма белгісі берілді. Сірө, «Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді калам беріп дауға қой, Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой» деген мәтел сол кезде шықса керек.
Сондай-ақ, барлық 40 рудың өкілдеріне де өзіндік айырма белгілері берілген. Үйсіндерге — «жалау», арғындарға — «көз»… Олар (таңбалар) тасқа қашалып салынды.
Бұл тастар тарихта «Майқы таңбасы» (Майқы белгілері) немесе «Нұра таңбасы» (Нүра белгілері) деген атпен қалды. Мүның соңғысы жердің атауына байланысты қойылған. Оның көп баласы болған.
Ұзын және Қортық атты ұлдарына көңілі толмайтын. Сонда таңданған Майқы би: «Жаманнан жақсы туады дегенге сену қиын, бірақ жақсыдан да колынан іс келмейтін жамандар туатын жағдайлар кездеседі», — деген екен.
Халық арасында Майқының бірқатар нақыл сөздері мен ой-толғамдары қалды.[1] «Майқы би айтыпты» дейтін мақал, нақылға айналып кеткен сондай аталы сөздің кейбіреулері мыналар:
“ Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
«Кімнен кім туады?» ”
деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
“ Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады. ”
Майқы би жүздер арасында болып жататын қызу айтыс-тартыстар мен дау-дамайларға да қатысып жүрген. Ол әрқашан халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдеріне сүйене сөйлеген.
Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. «Бірліксіз — тірлік жоқ» деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан. Майқы бидің пікірінше, мемлекеттік бірлестіктер халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша басқарылуы тиіс.
Ұмыт болған дәстүрлердің де өзіндік мән-мағынасы бар. Оны қазақтар ғана емес, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер де өз биіміз деп есептеген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген нақыл бар. Майқы би ұзақ ғұмыр сүріп, 120 жасында қайтыс болған……
Бекболат Қарабала.